Қарасайлық оқушылар жарықты шағылыстыратын таспаларды киімдерге тігіп, жаяу жүргіншілердің, әсіресе оның ішіндегі балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға өз үлестерін қосуда.
Заман ағымына сай жыл өткен сайын көлікке қажеттілік артып, оны пайдалануда қоғам өміріне қауіп туғызатын жағдайларда көбейгенін жасыра алмаймыз. Расында, соңғы жылдары «көлік апатынан қайтыс болыпты» деген жайсыз хабарды жиі еститін болдық. Ал мүгедек болып қалғандар қаншама. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, соңғы бір жылда жол-көлік оқиғалары екі есеге көбейген. Нақты айтқанда, 2024 жылы еліміз бойынша 26 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 2 мың 400-ге жуық адам қаза тапқан. Жарақат алғандар саны 33 мыңнан асады. Өкінішке орай, қайтыс болғандардың арасында өрімдей жастар жетерлік.
Жол апатымен байланысты қайғылы жағдайлар көптеп орын алып жатқандықтан, бүгінде ең маңызды мәселе қатарына балалардың жол-көлік жарақаттарына жол бермеу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып отыр.
Бұл бағытта көптеген шаралар қолға алынған. Қыруар қаржы бөлініп, бейнекамералар қойылып, айналма жолдар салынып, заманауи техникалармен жабдықталған бекеттер мен патрульдік автокөліктер қолданылуда. Полиция қызметкерлері белсенді түрде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осындай маңыздылығы жоғары атқаралып жатқан шараларға біздің Қарасай ауданының мектеп оқушылары да өз үлестерін қосуда.
Анығырақ айтқанда, бүгінде аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция басқармасының бастамасымен ауданымыздағы бірінші және жетінші сынып оқушыларының киімдеріне жарық шағылыстырғыш таспаларды қосымша тағып алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Ал арнайы таспаларды киімге тігуді ауданға қарасты мектептердің бесінші және жетінші сыныптың білімгерлері өз қолдарына алған. Олар технология сабақтарында тігін машиналарымен балалардың сыртқы киімдерімен сөмкелерінің бауына жарық шағылыстырғыш таспаларды тігумен айналысуда. Осылайша олар өздерінің таңертең және кешке жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысуда.
– Көліктер саны жылдан-жылға артып келеді. Оған сәйкес олармен қатысты қайғылы жағдайлар саны да артуда. Әсіресе, осындай жағдайлардан әлі оң мен солын дұрыс айыра алмайтын кішкентай балалардың қауіпсіздігіне үлкен назар аудару керек. Осыған байланысты ауданымыздағы әр мектептің басшылығы тарапынан оқушыларға жолда жүру ережелерін, қауіпсіздік шараларын түсіндіру бағытында түрлі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде оқушыларының атсалысумен іске асып жатқан бастаманың мақсаты да сол.
Өйткені алыстан көрінетін және жүргізушінің назарына бірден түсетін киімге арналған жарық шағылыстырғыш элементтер көлік жүргізушісінің назарын аударып, балалардың жол-көлік жарақатының алдын алудың бір жолы болып табылады.
Осы бастамамыз алдағы уақытта оқыс оқиғаны болдырмай, оқушылардың қауіпсіздігін сақтайды деген сенімдеміз, – деді Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.