«Мектепке жол» дәстүрлі жалпы республикалық қайырымдылық акциясы биыл «Жүректен жүрекке!» ұранымен басталды. Жыл сайын өтетін қайырымдылық шарасы ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында 3 шілдеде басталды. Ал, Алматы облысында «Мектепке жол» акциясы бойынша 5 шілдеден, Қарасай ауданында 19 шілдеден бері жұмыс жүргізілуде. Акцияны ұйымдастыру бойынша комитеттің құрамы мен жұмыс жоспары бекітілді.
Жалпы аталған шараның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады. Сонымен қатар, акция барысында мектепке бармайтын балаларды анықтауға, мектепке дайындау бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасынан шыққан балаларға көмек көрсетуге басты назар аударылады.
Аудандық білім бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, акция шеңберінде осы уақытқа дейін 508 бала кеңсе керек-жарақтарымен, киіммен қамтылды. Оның ішінде 60 баланың мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарын аудандық әкімдік алып берсе, ал, «Дәрия» жеке кәсіпкерлігі 10 баланы жаңа оқу жылына дайындалуға қолдау көрсетті. Қалған 438 оқушыға киімдер және кеңсе тауарын алуға тұрғылықты жерлеріндегі демеушілер мен меценаттар көмектескен. Осылайша жылдан-жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер қатары артуда. Сонымен қатар, акция аясында білім беру органдары мен ұйымдарының ұйымдастыруымен бірқатар іс-шараларды өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, көмекке мұқтаж балалардың дерек қорын қалыптастыру үшін мектепке бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында арнайы топ құрылып, әрбір елді мекенде, қала маңындағы саяжайларды, аулаларды, үйлерді (пәтерлерді) аралап, қадағалаусыз және панасыз балаларға, тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар және мигранттар, далада жұмыс істейтін балаларға рейд жүргізіледі. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған мектеп жасындағы жеткіншектердің жеке тізімдері жасалып, білім беру органдарына және демеушілерге беріледі.
Жалпы, көмекке мұқтаж балалардың тізімі оқитын мектепте жинақталып, жергілікті білім мекемесіне өткізіледі. Ал, құжатсыз балалар анықталған жағдайда бұл іспен қамқоршылық және қорғаншылық бөлімдері айналысады. Дегенмен, кей ата-аналар аудандық білім бөліміне тікелей хабарласып, көмек сұрап жатады. Мысалы, осы аптаның ішінде қолдау білдіруді сұраған 12 баланың әке-шешесінің өтініші ескеріліп, барлығы толық қамтылған. Балалар мен ата-аналарды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау мақсатында қайырымдылық көмек шарасы ешқандай салтанат жасамай-ақ өткізіледі.
Сондай-ақ, ауданымыздағы жеке кәсіпкерлердің қолдауымен акция басынан бері аяқталғанша әр сенбі-жексенбіде Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана» орталық базарында оқуға қажетті құрал-жабдықтар және мектеп формалары жеңілдетілген бағада сатылатын жәрмеңкелер ұйымдастырылуда.
Акцияның 30 қыркүйекке дейін жалғасатынын ескерсек, мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдық алуға қиналған ата-аналар, осындай отбасыларға қайырымдылық көрсетемін деушілер білім бөліміндегі 8-72771-2-10-80 нөміріне хабарласуға болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.