Діни сауатсыздықтың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Өйткені жете түсінбеген ақпараттың салдарынан қазіргі қоғамда дін жолында талай адасушылықтар кездесіп жатыр. Өз кезегінде Қарасай аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы біз айтып отырған діни экстремизмнің алдын алуға байланысты түрлі жиындар өткізуін жалғастырып келеді. Өткен аптада осы топтың бірқатар мүшелері, 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында, аудандық орталық кітапханада өзекті тақырып аясында әңгіме өрбітті. Нақты айтар болсақ, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға «Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы» жайлы ойларын айтып, пайдалы кеңестерді ортаға салды. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманова жүргізіп отырса, тақырып аясында пікір бөлісу үшін Қарасай ауданының бас имамы Ринат Ташенов, аудандық пробация қызметінің бастығы, майор Нұрбол Мұхаммедиев, «ҚР лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының мүшесі, дінтанушы Сәмет Байжұман шақырылды.
Басқосу барысында айтылған ойлардың басым көпшілігі қоғамның тұрақты тыныштығы, бала тәрбиесі, мәдени құндылықтар, ислам дінінің артықшылықтары жайлы болды. Сонымен қатар, шақырылған мамандардың тарапынан пайымды пікірлер де айтылып жатты. Мәселен, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ринат Сейітқалиұлы әркім өз қателігі үшін күресіп, өзгерісті өзімізден бастау керектігін айтты. Ауданның бас имамының бұл айтқаны көпшілік көңіліне, шынымен де, түрлі ой саларлықтай болды. Ал, дінге қатысты түйінді пікірін Ринат Ташенов былай жеткізді: «Ақылды діни сеніммен тоқтата алмаймыз. Бізге ең керегі – ислами тұрғыда сапалы білім алу және бірліктің сақталуы». Бас имамның айтқан сөздерін құптап, толықтыру мақсатында майор Н.Мұхаммедиев адамның бойындағы басты құндылық тәрбие екендігін түсіндірді. Сондай-ақ, дәстүрлі діннің пайда болу тарихы жайлы дінтанушы С.Байжұман да өз білгенін ақпарат ретінде жеткізіп, соқыр сенімге алданбауға шақырды.
Жиын соңында дін жолында жүріп, бағытынан тайған адамдардың өмір жолынан мысалдар да келтірілді. Ол жайында осы басқосуға арнайы ой бөлісуге шақырылған азаматтар айтып, пайдалы кеңестерін жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.