Осы аптадағы сәрсенбі күні санитарлық талапқа сай Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов басқарып отырды.
Белгіленген күн тәртібі бойынша алғашқы кезекте «Ауданның елді мекендеріндегі санитарлық тазалау, көркейту жұмыстары және Қаскелең қаласы бойынша санитарлық тазалау жұмысы туралы» мәселе қаралып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек пен Қаскелең қаласында осы салада жұмыс атқаратын серіктестіктің жетекшісі Болат Туғанбаев есеп берді.
Қоғамдық кеңес мүшелері Несіпбала Әбділдаева, Бауыржан Айнабеков, Сағындық Жылқыбаев, Әмина Абдраманова, Серік Расмұхаметов аталған мәселенің жайлы тұрмыс үшін, адамның өмірі әрі денсаулығы үшін өте маңыздылығын кеңінен сөз ете келе осы бағыттағы жұмысты барынша ширату қажеттілігіне тоқталды.
– Бұл ретте қызмет көрсету мәдениеті, тәртіп керек, тіпті, жұмысшыларда арнаулы киім де болуы қажет, – деді атап айтқанда Несіпбала Әбділдаева.
Екінші мәселе – «Қарасай ауданы Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметкерлерінің 2021 жылдың 9 айындағы аудандағы криминогендік жағдайды болдырмау мақсатында атқарылған жұмыстары туралы» Қарасай ауданының жергілікті полиция басшысы Арман Талқамбаев баяндап берді.
Жергілікті полиция басшысы өткен мерзім ішінде әртүрлі қылмыстың алдын алу, ұрлық, алаяқтық, пәтер тонау, тазалық сақтамай, қоқысты үйіп тастаушыларға шара қолдану және тағы басқа осындай құқық бұзушылықтар бойынша полицияның атқарған жұмысы жайында айтып, кеңес мүшелері қойған көптеген сұрақтарға жауап қайтарды. «Қылмыспен күреске бүкіл қоғам болып жұмылып, белсенділік көрсетуі тиіс» деп түйіндеді ол сөзін. Кеңес мүшелері Бауыржан Айнабеков, Әмина Абдраманова, Серік Расмұхаметов, Тәжіғали Ходжамұратов криминогенді жағдайды жақсартуға байланысты өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін айтты. Ал, Жеңіс Бектасов осы орайда тағы бір проблема болып отырған қаладағы канализация құдықтары темір қақпағының жиі ұрлануы, қолды болуына назар аударып, полиция тарапынан шара қолданылуын сұрады.
Мұнан кейін кеңес мүшелері «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Іргелі және Жібек жолы ауылдық округтерінің әкімдеріне қойылған талап-тілек, тапсырмалардың орындалу барысы туралы» аталған округтердің әкімдері Абылай Ысқақов пен Алпамыс Айдаровтың есептерін тыңдады. Бұл ретте де кеңес мүшелері белсенділік танытып, істің мән-жайына үңілді, сұрақтарын қойды. Ал, көпшіліктің наразылығын тудырған Көксай ауылы маңындағы зираттар мәселесі жайында кеңес отырысына қатысқан Іргелі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеулі Түйтебаев айтты.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Мемлекеттік қызметтері көрсету саласындағы заңнаманы сақтау бойынша Әйтей ауылдық округі әкімінің есебі» жөнінде округ әкімі Жарқын Қатубаев сөйлеп, осы реттегі істері жайлы әңгімелеп берді. Бұл мәселеге қатысты Сағындық Жылқыбаев, Тәжіғали Ходжамұратов және тағы басқалар пікір білдіріп, сұрақтары қойды.
Отырысты кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қорытындылап, қаралған мәселелердің барлығы да маңызды екенін атап айтып, қандай басшы болсын ең алдымен халық мүддесіне сай жұмыс істеуі, орын алған кемшілік-кедергілерді жедел жоюы тиіс екеніне назар аударды, адамдардың өмір-тұрмысында, мемлекет пен қоғамның қажеттілігінде ешқандай да ұсақ-түйек болмауы керектігіне тоқталды, билік пен халық арасын жақсы жалғастыратын қоғамдық кеңестің мән-маңызын дұрыс түсіну қажеттігі жайлы әңгімеледі.
Отырыста талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.