Осы аптадағы дүйсенбі күні Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов жүргізіп отырды.
Аталған бас қосуда алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі туралы сөз қозғалып, бұл жайында кеңес төрағасы жан-жақты баяндап берді.
– Елбасымыздың әрдайым алғашқы кезекте халықтың өмір-тұрмысына, әл-ауқатының артуына баса назар аударып келе жатқаны белгілі, – деді Сағат Ұлтарақұлы. – Бұл жолы да Президент аса маңызды да өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, ел-жұртының шынайы ризашылығына бөленіп отыр. Бес бастаманың барлығы да халықтың жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған. Ең бастысы, олар бойынша Үкімет пен тиісті министрліктердің алдына нақты міндеттер қойылды. Біздің бәріміз де осы үлкен мақсаттың толық жүзеге асуына үлесімізді қосуымыз керек.
Келесі кезекте кеңес отырысында «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Жандосов, Бірінші Май ауылдық округтері әкімдеріне берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы» осы округтердің әкімі А.Айдаров пен Ержас Тоқтасыновтың хабарламалары тыңдалды.
– Жалпы, халықтың талабы мен сұранысын орындау жолында округ әкімдерінің жұмыс істеп отырғаны көрініп тұр, – деп атап өтті осы орайда кеңес төрағасы Сағат Ұлтарақұлы.
Сонымен қатар, бұл ретте қоғамдық кеңестің мүшесі Сағындық Жылқыбаев та өз ой-пікірін ортаға салды.
Мұнан кейін күн тәртібіне сәйкес «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іс жүзіне асыру бағытында аудан аумағында орналасқан ескерткіштердің жай-күйі туралы» аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымова хабарлама жасады.
Кеңес мүшелері бұл мәселенің де мән-маңызын атап айтты. Сондай-ақ, «Ескерткіш – елдіктің белгісі» екендігін алға тарта отырып, осы бағыттағы жұмыстар да, яғни, оларды үнемі талапқа сай күтіп-ұстау, тазалығын сақтау да аса қажетті іс екендігіне назар аудартты.
Аудандық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаеваның «Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда орналасқан мүгедектерге арналған пандустардың жалпы жағдайлары» туралы хабарламасын да кеңес мүшелері мұқият тыңдап, мәселенің мәніне тереңірек үңілді. Сондықтан да «Қарасай аудандық ауған соғысы ардагерлері қорының» төрағасы, кеңес мүшесі Сәбит Пішенбаев пен мүгедектердің «Қуат» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәмила Мамбеева және т.б. осы орайдағы орнықты ой-пікірлерін білдірді.
Көптеген мекемелерде пандустар орнатылған. Алайда, бұл іске көңіл бөлмей, қойылған талаптарды орындамай, яғни, пандус қоймай отырған жерлер де кездеседі. Олардың ішінде «Қарасай батыр» кешені, «Цеснабанктің» аудандағы бөлімшесі, №15 дәріхана, «Кәусар» сауда үйі бар. Алдағы кезде қоғамдық кеңес тарапынан осы орайда қажетті жұмыстар атқарылатын болады.
Кеңес отырысында талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Сөз соңында күн тәртібіндегі соңғы екі мәселенің кеңес отырысында бұрын да қаралғанын айта кеткеніміз жөн.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.