«Egemen Qazaqstan» газетіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты шығып, біраз талқылауда жүрген тақырыптар қамтылды. Мемлекет басшысы өткен жылға баға беріп, келер жылы атқарылатын біраз шаруаға тоқталыпты. Айтуынша, ұлт мүддесі ескеріле отырып, сындарлы, салиқалы сыртқы саясат жалғасын табады. Сондай-ақ биыл ұлттың өсіп-өркендеуі байқалмақ.
Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын орын алған қасіретті Қаңтар оқиғасын да сөз етті. Бұл дүрбелең қаншама жыл бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселені және билік пен қоғам арасындағы байланыстың жоқтығын көрсеткенін түсіндірді. Сол кезде, тіпті Президентке Ақорданы тастап, шетел асып кетуге ұсыныс түсіпті. Алайда ол мұндай ойға қарсы болып, заң мен тәртіп үстемдігін қалыптастыруды ойластырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейін ел ауызында жүрген қосарлы билік жүйесіне қатысты ойын білдірді. Бұл қауесеттен өзінің хабары бар екенін жасырмай, елде үлкен және кіші Президент болмайтынын кесіп айтты.
– Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тасталқанын шығара жаздағанын ашық айттым. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нəрседен қашық болуға жəне тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс, – депті Президент әңгімесінде.
Мемлекет басшысы биыл Ресей елінде және 2026 жылы өз елімізде өтетін сайлауға деген көзқарасын білдірді. Көршілес мемлекетте өтетін саяси науқанның Қазақстан үшін мәні зор екенін түсіндірді. Өйткені Ресей біздің елдің сауда-экономикалық серіктесі болғандықтан және әлі де осы салада келісім жұмыс істеп тұрғандықтан, бұл мемлекетті басқаратын басшының кім болатыны маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елдің ұстанымымен бүкіл ел санасатынын да ашық жеткізді.
Ал біздің елде өтетін саяси оқиғаға келер болсақ, Мемлекет басшысы 2026 жылы өтетін сайлауға қатыспайтынын нақты айтты. Сондай-ақ ол бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға өзгеріс енгізе алмайтынын ашық түсіндірді.
– Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тəуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы жəне басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген, – деді Қ.Тоқаев.
Ел Президенті сұхбат барысында осы және өзге де талай тақырыптың басын ашқаны белгілі болды. Озық ойлы ұлт ретінде алға жылжу керектігін айтып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін талай жұмыс күтіп тұрғанын нақтылады.
Атлана ИСАЕВА,
Қарасай аудандық «Naqty» газетінің редакторы,
Қарасай ауданының мәслихат депуаты.