Көп сеніміне ие сергек көңілді Калида ата сексен жаста
Әр кезеңнің өзіне лайық тұлғалы азаматтары болады. Олар барлық салада өз еңбегімен халқына танылып, үлгі-өнеге болып жүреді. Сондай азаматтардың бірі – Береке ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз, зейнеткер, Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Калида Сәлімжанұлы Қосшығұлов. Ол кісі бүгінде 80 жасқа толып отыр.
Калида Сәлімжанұлы зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отырған жоқ. Елтай ауылдық әкімдігінде ардагерлер кеңесін басқарып, Ұлы Отан соғысы, еңбек ардагерлері, зейнеткерлердің тұрмыс жағдайы, денсаулығының жақсы болуы жолында аянбай еңбек етуде. Алдына келген зейнеткерлердің көңілін тауып, қол ұшын беруге әзір тұратын үлкен жүректі, абзал жан. Оның үстіне бүгінгідей нарық заманында кең дүние тарылып, бірқатар қариялардың тұрмыс-тіршілігі нашарлап, көңіл-күйі болмай жүргенде, олармен тіл табысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қоғамдық ұйымға жетекшілік етудің ерекшелігі, қолыңда билігің мен қаражатың болмаған соң, алдына келген адамды адамгершілік пен мейірім, жылы сөзбен шығарып салуды Калида Сәлімжанұлы жақсы түсінеді.
Сексеннің сеңгіріне шығып отырған ағамыздың өмір жолына үңілсек, ол өнегеге толы. 1938 жылы Қостанай облысы, Федоровка ауданы, Цабелевка ауылында дүниеге келген. 1940 жылы әкесі Сәлімжан қызмет бабымен Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Молотов колхозына парторг болып келеді. 1941 жылы Қаскелең ауданынан майданға аттанады. 1944 жылы Орел-Курск шебіндегі шайқаста қаза табады. Әкесінен жастай жетім қалып, барлық ауыртпалық шешесі Биғайшаға түседі. Таңертеңнен кешке дейін колхоз жұмысы, бала тәрбиесі жалғызбасты анаға оңай соқпады. Жалғыз ұлын қайтсем ел қатарына қосамын, деген ана үміті бүгінде ақталғандай. Әттең, анасы осы бақытты көре алмай кетті.
Калида Сәлімжанұлы еңбек жолын 1958 жылы Қаскелең ауданы«Октябрь» колхозында механизаторлықтан бастаған, комсомол ұйымын да басқарып жүрді. Талғар ауылшаруашылық техникумын бітірген соң Ленин атындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты.
Өндірістен қол үзбей 1970-1975 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетін бітірді. География пәнінен сабақ бере жүріп, 1977-1979 жылдары осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, ал, 1980 жылдан 2004 жылғы қыркүйекке дейін мектеп директоры қызметін атқарды.
Ұстаздық еткен адам ғана рухани әлемнің сырын біліп, оны бөлісудің шынайы да асқақ сезімдерін басынан кешіре алады. Қызметтің ең ізгісі – шәкірт тәрбиелеп, ғылымның қия жолына бағыт сілтеп, сол жолдың түрлі қасиетін ашу болмақ. 24 жыл мектеп басқарып тұрғанда, оның алдынан талай шәкірт қияға қанат қаққан, талай ұстаз өмірге жолдама алған. Өмірдің қиыншылығына мойымай табандылығының арқасында қарапайым жұмысшыдан жоғары білімді, білікті маман дәрежесіне жетті. Өз ісіне шын берілген еңбекқор, ұқыпты, талапшыл басшы болды. Мектепке мұғалімді қабылдар алдында, тәжірибелі пән мұғалімдерін шақырып алып, білімін тексертетін. Сынақтан өткен мұғалімді ғана жұмысқа алатын. Сондай талаптың арқасында мектепте білімді, тәжірибелі мұғалімдер ұжымы жұмыс істеді. Оның нәтижесінің бір көрінісі – елімізде тұңғыш рет өткізілген «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық білім сайысында мектептің түлегі Баймаханов Руслан жеңімпаз аталып, 32 мың АҚШ доллар көлеміндегі сыйақыны жеңіп алды.
Республикалық олимпиада жеңімпаздары Баймаханов Миржан неміс тілі пәнінен, Жанаділова Раушан биология пәнінен , Акчурина Әлия, Ашимова Ардақ неміс тілінен, Махатов Сағындық тарих пәнінен және облыстық олимпиада жеңімпаздары атанып, мектептің атағын шығарып, ауданда алдыңғы қатарлы мектептердің бірі болды.
Калида Сәлімжанұлы мектеп басшысы болған жылдары оқушыларымыз туристік сапармен Москва-Ленинград қалаларына 1983 жылы, 1997 жылы батыр қалалар Брест, Волгоград, Одесса, 1999 жылы Орта Азиядағы Самарканд, Хорезм, Ташкент қалаларын аралап келеді. География үйірмесіне қатысқан оқушыларды өзі басқарып, Қырғыстанға Бішкекке, Ыстықкөлге алып барып, жермен, елмен таныстырды.
1985 жылы Москвада өткен дүниежүзілік жастар фестивалінің ашылу және жабылу салтанатына мектебімізден бишілер тобы қатысты. Фестивальді ұйымдастыру комитеті берген «Мақтау қағазы» мектептің мұражайында тұр.
Осының бәрі сапалы білім берумен қоса, оқушыларды рухани жағынан тәрбиелеуді алдына қойған басшының мақсаты болатын .
Мектепте бала саны көбейіп, сынып бөлмелелері жетіспей жатқанда, күндіз-түні шапқылап, демеуші тауып, бастауыш сыныптарға арналған мектеп салдырды. Калида аға басқарғанда 1980 жылдан бастап бұрынғы Ленин (Қаратөбе) Исаев, Жармұханбет ауылында жабылып қалған бастауыш сынып мектептерін, аудандық оқу бөлімінен келісіп аштырды. Бесінші сыныптан бастап оқушылар автобуспен тасымалданды. Мектептің материалдық жағын мықтылау үшін жер бөлісіп жатқанда 10 га суармалы жер алынып, қызылша егілді.
Мектепке совхоз басшыларымен келісіп, трактор, автокөлік алынды. Жазғы демалыс еңбек лагерлері ашылып, балаларды еңбекке, тәртіпке баулыды. Мұғалімдердің жұмыстан босай алмайтынын ескеріп, арзан бағаға тауығына, малына жем алуға да, ағаш, көмір түсіруге де көңіл бөлетін, мектепте еңбек сабағында түрлі мамандық алу үшін тракторшы, шофер, тігінші, медбике дайындап, ауылшаруашылық бөлімімен келісіп, құжат алуды да шешкен.
Мектеп ұжымы мен адамдарының қуанышы мен қайғысына қатты көңіл бөлетін. Балабақша ғимаратын сақтап қалды. Мектеп ауласына түрлі спорт алаңын, тир орнатып, ағаштар отырғызып, барлық спорт сайысына автобус тауып беретін. Мектеп оқушылары барлық сайыстарда жеңімпаз атанатын. Жетімдерге, тұрмысы нашарларға көп көмек берілетін. Әсіресе, оқушылардың тәртібіне, білім сапасына терең көңіл бөлетін. Партия, комсомол, кәсіподақ, пионер ұйымын тегіс соған жұмылдырып, педсоветте түрлі жиналыста сап түзеуде жиі айтатын, қорытындылайтын.
Оқушыларының ішінен Алтын белгі иелері мен үздік бітіргендер көп шықты. Білімді, білікті, шығармашыл ұстаздардың арқасында мектебіміз білім жағынан ауданымызда әрдайым алдыңғы орындардан табылып жүрді. Шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде, ғылым жолында, мәдениет саласында еңбек етіп жатыр. Ол кісі басқаратын Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесі де үнемі аудан, облыс бойынша алдыңғы қатардан көрініп жүр.
Қоғамдық жұмыспен қатар шығармашылықпен (өлең, әңгіме, мақала) жазумен айналысады. Көп жылдардан бері аудандық, облыстық газеттерде ауыл өмірі, мектеп, еңбеккерлер туралы жазылған мақалалары жарық көреді Әңгімелерінің өзі әртүрлі тақырыпты қамтиды. Тарихи тақырыптарға арналған «Мәриям Жагорқызы», «Әшім Нұрлыбаев», «Жамбыл Жабаев» әңгімелері бар. «Замандастар келбеті» айдарымен жазылған естелік әңгімелері, балаларға арналған әңгімелері газет беттерінде жарық көрген. Өлеңдері патриоттық, лирикалық, сатиралық тақырыпта жазылған. Мысалы, «Мың бала», «М.Бейсебаевқа арнау», «Мектебім» өлеңдері жас ұрпақты тәрбиелеп, туған жеріне, мектебіне деген ыстық сезімін, патриоттық санасын оятады.
«Ауылым менің Береке», «Той бастар» өлеңіне ән шығарған музыка пәнінің мұғалімі Уалиева Назаркүл. Бұл әндер ауыл түрғындарының сүйікті әніне айналған.
Калида Сәлімжанұлынының еңбегі бағаланып, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1998 жылдан Қазақстан журналистер одағына мүшесі, Қарасай ауданының құрметті азаматы, Президенттің қолы қойылған Құрмет грамотасымен төрт рет марапатталған. Сол сияқты Украинаның президенті Кучманың «Құрмет» медалі – «Наследник победы», «Еңбек ардагері» медалі, «Бауыржан Момышұлы атындағы» медалінің, Алматы облысы «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасының, аудандық «Ағартушы» кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарының иегері.
Көкірегі ояу, ақынжанды ағайға қандай тақырыпты қозғасаң да оның жауабы дайын. Иә, үлкен жүректі абзал азамат, мейірімді әке, ақылшы ата бүгінде 80 жаста.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Төрт перзенттің әкесі, 10 немеренің, 4 шөберенің атасы. Балаларының ішінде әке жолын қуған, ұстаздық жолды таңдаған қызы – Майра. Майра жоғары білімді, бастауыш сыныптың мұғалімі.
Еңбегінің зейнетін көрген, қазақтың қазыналы қариясының бірі, ақылшы, ел ағасы Калида Сәлімжанұлын 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз! Өмірге деген құлшынысыңыз алда да осылай жалғаса берсін, өзіңізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!
С. ТОЙЫМБЕТОВА,
Елтай ауылдық округінің
әжелер алқасының төрайымы,
ардагерлер кеңесі.