Қазақтың халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Сырдың перзенті, қазақ әдебиетінің тарихында көрнекті орынға ие Әбділдә Тәжібаевтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр. Жуырда, осыған орай аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен оқушылар мен студенттер арасында, жыр мүшәйрасы өтті. Әдеби шараның басты мақсаты жас жеткіншіктерге толағай ақын, толастамас жыр иесі Ә.Тәжібаевтың шығармашылығын насихаттау арқылы патриоттық тәрбие қалыптастыруға негізделді. Жарысқа қатысушылар байқаудың бірінші кезеңінде ақынның өлеңдерін жатқа оқып, екінші кезеңінде пьесаларынан үзінділерді шеберлікпен орындады. Арасында сахналық көрініс қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Бірінен бірі оза шапқандардың өнерін ҚР «Білім саласының үздігі», ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззат Әуелбекова және аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева сарапқа салды. Байқау қорытындысына сәйкес, Шамалған бекетіндегі қазақ орта мектебінен Аружан Сейдеменова үшінші орынды, «Аяжан» медицина колледжінің студенті Ержан Амангелдиев екінші орынды иеленді. Ал, бірінші орынға К.Әзірбаев атындағы мектебінің оқушысы Шынар Бейбітқызы лайық деп танылды. Қалған сайыскерлердің барлығы Алғыс хаттармен марапаталып, оларға сый ретінде қазақтың мақал-мәтелінен құралған кітаптар табыс етілді.
Ұлдархан Қахан-қызының айтуынша биыл «Бір кітап, бір ел–2019» жобасының аясында Ә.Тәжібаевтың шығармашылығы таңдалып алынып, оған қатысты жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастырылады екен.
Бұрым ОРЫНБАСАР.