Сол бір жылдың желтоқсаны … Иә! Осы айда азаттық үшін арпалыста талай жалынды жігіттер мен өр намысты қызғалдақтарымыз қыршын кетті. Оларға қыстың қақаған аязынан гөрі Кеңес билігінің соққысы жанға батты. Сонда да қайтпас қайсар мінездерімен ерлікті ту етіп, «Менің Қазақстаным» деп ән шырқап, тәуелсіздік үшін аянбай жанын берді.
«Қазақстанға – қазақ басшы!» деген ұранмен Алаңға ағылған жастар дәл осы күні бейбіт шерудің қызыл қанға боялатынын мүлдем күтпеді. Мыңдаған жастардың бар наразылығы – сол кездегі Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қызметінен кетіп, орнына жаңадан келген Геннадий Колбиннің тағайындалуы болатын. Мұны қаламаған рухты, кеудесін намыс кернеген жастар Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) жиналып, қарсылықтарын білдірді. Сондай намысшыл, айбынды, бойында күш-қайнары тасыған ұл-қыздардың қатарында Фарида Ақтайлақова да болды.
86-ның 16 желтоқсаны өрімдей жас қыз үшін ұмытылмас күнге айналды. «Барлығы сол математика сабағынан басталған еді», – деп бүгінде еске алады сол кездегі КазПИ-дің 3 курс студенті.
Өжет, өр мінезді, әділдікті жаны сүйетін біз айтып отырған студент ол кезде бар жоғы 23 жаста еді. Осы шақтағы өрімдей жас қыздың «Алаңға біз де баруымыз керек» деп дамыл таппай, кеңестік әскерден сескенбей қарсы тұруы кімнің де болсын ерік жігерін қайрайтыны рас. КСРО үкіметінің әміршіл жүйесінен қорықпағандар қатарында болған Фарида Ерсайынқызы сол бір ызғарлы желтоқсанды еш ұмытқан емес. Кейде көзінен моншақтар сырғып, жанын мұздатқан күндерді былай еске алады.
«Нұржанова деген ұстаз (аты есімде қалмапты) дәріс беріп жатқан еді, кенеттен дала жақтан қатты айғайлаған дыбыстар шыға бастады. Орнымыздан атып тұрып, бірден терезе жаққа ұмтылдық. Ұрандаған дауыстар шыққан аулаға көз тастасақ, бір топ жастар біздің корпусқа кіре алмай тұрған көрінеді. «Алаңға! Алаңға шығыңдар!» – деп олар бізге естілетіндей қатты дауыстады. Біздің қажет екенімізді бірден ұғып, «Қой, біз де алаңға барайық, қалмайық» – деп есік жаққа беттегеніміз сол еді, мұғалім бізді бірден тоқтатып, ол жаққа баруымызға қарсы болды. Сабақ соңына дейін «Қонаевтың орнынан кетуіне не себеп болды екен?» деп талқылап, ондай шешімнің әділетсіз болғанын айтып жаттық. Сөйтіп, сабақ біте салысымен алаңға барсақ, көп азаматтар жиналып қалыпты. Барлығы бір-бірін бауырдай құшақтап алып, наразылыққа қосылушыларды өздеріне тартып жатыр екен. Бір қарасақ, мінбеге біреу шығып алып «Бұларыңнан түк шықпайды. Одан да тараңдар, бұл шешіліп қойған мәселе» деп келгендерді қайтару үшін тырысып бағуда. Алайда, ешкімнің қайтатын түрі жоқ. Кешқұрым жиналғандардың біразы кетіп, кейбіреулері қайтып қосылып келіп жатты. Біз де жатақхана жаққа аяңдай түстік. Ол жерге жеткеніміз сол еді, алаңда қалған талай қыздар іле-шала артымыздан келді. Айтуларынша, милиция өрт сөндіргіш машинамен су шашып, жиналған жастарды қумақшы болыпты. «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, дәл осы күні түнгі 12-лер шамасында алаңға біз қайта шығып, таң атқанша сонда болдық. Келесі күні де сабаққа бармай, қайта жиналамыз деп жүргенде таңғы 7-лерде жатақханамызға декан Р.Қоянбаев пен куратор Рабиға Таурбайқызы келді. Әр бөлменің есігін қағып, «сабақтан қалмаңдар, барыңдар» деп, дауыстап айтып жатты. Есікті ешқайсымыз да ашпадық. Аз уақыт өткен соң, басшылар «кетті-ау» деп алаңға қайта шыққалы жатсақ, бізді бақылауға келген декан мен куратор әлі осында екен. Бізді ұстап алып жетектеп, бірден сабаққа алып барды. Бойымызда жалынды жастықтың, намыстың буы ұрып тұрғанда бізде артқа шегіну деген ой болған емес, сабақтан шыға сала қайта алаңға жол тарттық. Абыр-сабыр, дүрбелең арасынан құрбым Гүлшат екеуіміз курстастардан адасып, алаңға қол ұстасып бірге жеттік. Жеткеніміз сол еді, алаңның қақ ортасынан бір БТР тоқтай қалып, қолдарында дубинкалары бар солдаттар бізге қарай ұмтыла кетті. Артымыздан қуып жүріп, бас-көз демей ұра жөнелді. Сол мезеттегі шыңғырған дауыстар, соққы астында қалған жастар, қыздардың бұрымынан сүйреленуі бәрі-бәрі кинолента секілді көз алдымда. Жаңағы мұздай қаруланған жасақтың таяғы менің де басыма тиді. Шоқпардай дубинканың қатты соққысынан көзімнен от жарқ ете қалды. Есеңгіреп жүріп, көшенің арғы бетіне қашуға тырыстым. Енді өте бергенімде бір орыс солдаты мені ұстамақшы болып, жолымды кес-кес бөгегенімен, бір амалын тауып қашып құтылдым. Сәлден кейін артыма бұрылып, жан-жағыма қарап Гүлшатты іздей бастадым. Қайда қалып қойды екен деп уайымдап тұрғанымда, көп ұзамай артымнан ол да келді. Әйтеуір, жарақат алмаған, дін аман. Сөйтіп, құрбым екеуіміз жатақханаға келіп, ентігімізді басып алдық. Бағанағы тиген таяқтан орны дүңкиіп ісіп, басым әлі солқылдап тұрды. Осы кезде бізге кураторымыз Рабиға Таурбайқызы келіп, «3-4 күн сабақ болмайды, бәрің бір жағдайға ұшырамай тұрғанда, қаладан кетіңдер. Бірақ, қайда баратындарыңды түсіндіріп, жазып қалдырыңдар» – деді. Кураторымыз алаңдамасын деген оймен Бақытгүл (дос қызым) екеуіміз Қапшағайдағы әпкемнің үйіне бардық. Араға 2-3 күн салып, қалаға қайта келсек, бәрі тынышталып қалыпты. Сабағымызға бірден кірісіп, оқуымызды жалғастыра бердік. Бір күндері «алаңға жиналғандарды суретке түсіріп, сол фотолар арқылы студенттерді оқудан шығарып жатыр» деген әңгімелер тарап жатты. Менің осы қаладағы КазГУ-де оқитын сыныптасым өзіме айтуға батылы жетпей, Бақытгүлге былай деп айтып кетіпті: «Фариданың суретін байқап қалдым. Сырт киімін, шашын өзгертіп жүрсінші. Осыны жеткізші» – депті. Дегенмен, сол уақыттан бері мені ешкім таппады. Тек 17 жылдан кейін «Егемен Қазақстан» газетіне «Сес» деген тақырыппен Желтоқсан көтерілісі туралы маңызды мақала шықты. Ондағы деректермен бірге «сол күндердің суреті» деп менің жеке бейнем мен алаңдағы жастардың көрінісі басылымда жарық көрді (1-сурет). Мен өзімді керемет батыр санамасам да тәуелсіздікке жетуімізге тамшыдай болсын өз үлесімді қосқанымды сеземін. Бұл менің сол ызғарлы қыстағы тайғанақ тағдырымның бір бөлігі болып қала бермек…»»
Міне, дәл осылай күрсініспен қазақтың қайсар қызы сол бір дүрбелең уақытты еске алады. Қазіргі таңда Фарида Ерсайынқызы ауданымыздағы Алмалыбақ ауылының тұрғыны. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздық жолында көптеген жарқын жетістікке де жетіп келеді. Осы ауылда орналасқан дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназияда жоғары санатты ұстаз, білікті бастауыш сыныбының мұғалімі. Бір баланың аяулы анасы, адал жар. «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының мүшесі.
Жеке өз басым Фарида апайдың айтқанынан осы күнге деген ризашылықты, еңселі егемендікке деген бақытты сезімді ұқтым. Алайда, ол кісінің ойынан сол бір сананы сілкіндірген, тарих қатпарына енген Желтоқсан көтерілісінің жазылмас жарасын да түсіндім. Әңгімесінде айтылғандай, басына тиген ауыр соққы уақыт өте келе денсаулығын зақымдап, жалғыз ұлынан басқа перзент сүюіне кедергі болыпты. Осындай іштей өкініші болмаса, Фарида Ерсайынқызының қазіргі өміріне еш арызы жоқ. Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, келешектің бақытты күн сәулесі еш сөнбесе екен деп тілейді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.