Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Қазақстанда бір шаңырақ астында бір-бірімен тату-тәтті бірлік пен ынтымақтастықта түрлі ұлттар мен ұлыстар өмір сүруде. Қазірде елімізде қазақ тілінде сайрайтын өзге ұлт балаларының мемлекеттік тілге деген құрметін жиі көреміз. Бұл – еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі үлкен жетістіктерінің бірі. Солардың қатарында Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта-мектеп гимназиясының оқушысы Игнат Игнатов бар. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай қазақ тілін жетік білетін, ұлттық болмысымызды бағалайтын өзге ұлт өкілі жайлы жазуды жөн көрдік.
Игнат 2008 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. Анасы Олеся Петрова мен әкесі Максим Игнатов Ресей мемлекетінен көшіп келген орыс ұлтының өкілі болғандықтан қазақ тілін жетік біле бермейтін. Дегенмен қазақ жеріне қоныс тепкен отбасы біртіндеп сіңісе бастаған. Ал Игнаттың тілі өз ана тілінде шыққанымен жергілікті жердің тұрғындардың басым бөлігі қазақтар еді. Осылайша ол сөйлемесе де, түсініп, айталмаса да ұғынып өзіне керегін ымдап түсіндіретін еді.
– Бастапқыда тек тұрмыстық, күнделікті қолданылатын сөздерді үйрендім. 5-сыныпта қазақ әдебиеті пәні қосылды. Алғаш рет қазақ тілінің әдемілігін, үндестігін сол кезде байқадым. Қазақ ақын, жазушыларының баға жетпес шығармаларымен толық танысу үшін, оны ақынның ана тілінде, қаз-қалпында түсінуім үшін, қазақ тілін білуім қажеттігін түсіндім. Сол кезден бастап, қазақ тіліне деген қызығушылығым артты. Қосымша сабақтарға барып, ертегілерді көп оқыдым. Сондықтан нағыз достар табуыма сеп болған қазақ тілін ерекше сүйемін, – дейді Игнат.
Десе де білдім, толдым деген ойы жоқ. «Алдағы уақытта да мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысамын»,- дейді ол.
Игнаттың қазақ тілін жетік меңгеруіне анасы Олеся Петрованың ықпалы болған. Ол баласын балабақшадағы қазақ тобына берген. Өйткені анасы өзі білмесе де баласының тұрып жатқан халықтың тілін білудің маңыздылығы жоғары, белгілі бір мансапқа не жетістікке жету тілі деп санайды. Қазір де ол Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында жетінші қазақ сыныбында оқиды. Сынып жетекшісі Нұргүл Жаметованың айтуынша, Игнат жақсы оқитын, кейбір сабақтар екпінділердің қатарындағы тәртіпті оқушы. Мұғалімдерден ескертуден гөрі мақтауды жиі еститін оның болмысы көпшілікке үлгі. Сонымен қатар, ол өнерден де құр алақан емес. Аудандық өнер мектебінің домбыра шерту үйірмесіне қатысқан. Ұлттық аспаптың құлағында ойнайтын Игнат ең сүйікті күйі – «Келіншек». Алдағы уақытта да көптеген туындыларды үйренуді мақсат етіп отыр. Музыка пәнімен қатар оның жаратылыстану пәніне қызығушылығы жоғары. Өйткені ол қазірден бастап техникаға жақын. Робототехника үйірмесіне қатысып, құрастырғанды жақсы көреді. Болашақта өзі компьютер ойлап табуды, Илон Маск секілді Марсқа ұшуды армандайды. Сондықтан ойлаған армандарын жүзеге асыру үшін қаражатты көп табатын кәсіпкер болуды мақсат етіп отыр.
Ал қазіргі уақытта Игнат балғын балалық шағымен бақытты. Оның түрік ұлтының өкілі Равиль және қаны қазақ Әлихан есімді достары бар. Олар қазақ тілінде жатық сөйлеу үшін бас қосқанда қазақ тілінде қарым-қатынас жасайды. Себебі отбасыларында қазақ тілінде сөйлесудің мүмкіндігі бола бермейді. Ол достармен бірге түрлі бағыттағы ой-өрістерін дамытуға арналған бағдарламалар мен киноларді жиі қарауға тырысады. Осы негізде ортақ талқылайтын дүниелері көп болады. Өз ортасында осылайша ортақ құндылықтарын бірлесе дамытқылары келеді.
– Қазақ тілін Қазақстанның әрбір азаматы білуі тиіс деп ойлаймын. Себебі бір Отанды мекен еткен біздердің түп тарихымыз бөлек болса да, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз, келешектен күтеріміз бір. Біз, баршамыз, бейбіт елде берекелі күн кешуді қалаймыз. Ал біздің жалпымыздың тілегімізді бір тіл ғана біріктіре алады. Ол – қазақ халқының төл таңбасы, қазақ тілі болуы тиіс. Сондықтан мен Қазақстанда тұратын қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңданыспен қараудың қажеті жоқ дер едім. Біз кім болсақ та, бізді ұйыстырған, ата-бабамызды қилы кезеңдерде қолдаған ұлттың ана тіліне құрметпен қарап, білуіміз міндетіміз бен парызымыз, – дейді Игнат сөз соңында.
Мемлекеттік тілді білуді өзінің азаматтық парызы санайтын Игнат секілді жастарымыз көп болса, қазақ тілінің тұғыры биіктеп, еліміздің болашағы жарқын болары сөзсіз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.