Елімізде жылдан жылға артып келе жатқан отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың санын азайтып, алдын алу мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар ауқымды шаралар жасалуда. Мәселен, жұдырық ала жүгіретіндер үшін жазаны қатаңдату арқылы оқыс жағдайлардың алдын алу үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айының 15-і күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Белгіленген мерзімге сәйкес 60 күн өтіп, осы айдың 15-інде аталған заң ресми түрде өз күшіне енді.
Сонымен енді аталған заң жобасына толықтыру енгізу қазақ қоғамында нені өзгертті, азаматтар бұл заңға қатысты нені білуі қажет? Енді әйеліне жұдырық ала жүгіретіндер мен балаға зорлық-зомбылық көрсететіндер қалай жазаланады? Осы және өзде сұрақтарға жауап алу үшін біз қарасайлық жеке кәсіпкер, юрист-кеңесші Раушан Абдолдановамен сұхбаттасып, кәсіби маманның ойын тыңдадық.
– Сәлеметсіз бе Раушан Сағатқызы! Өзіңіз білетіндей Президентіміз жаңа заңға қол қойғаннан кейін араға екі ай салып ол өз күшіне енді. Аталған заңның негізгі өзгерістері жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– Жалпы бұл заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі біраз жылдан бері қаралып келе жатқан еді. Ал соңғы жылдары саны күрт өсіп кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары осы заңның тезірек қабылдануына септігін тигізді. Құжатқа сәйкес ең негізгі өзгеріс – ол бұрын әкімшілік сотта қаралатын отбасындағы ұрып-соғу жағдайлары енді Қылмыстық кодекспен қаралатындығы. Яғни заңда жазылған барлық қылмыстар үшін жаза барынша қатаңдатылды.
– Заңда қатаңдатылған жазаларға келетін болсақ, қандай нормалар күшіне енді?
– Жаңа заңда жазылғандай, әйелінің денсаулығына қасақана жеңіл зардап келтіргендер 80-нен бастап 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар, 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Бұрын бұл үшін айыппұл құны 55 мың теңге, ал қамау уақыты 15 тәулік болған. Сонымен қатар жеңіл дене жарақатын алған жағдай үшін де жаза қатаңдатылды. Айыппұл мөлшері 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге (80 АЕК) өсті. Ал қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды.
Жәбірленушіні ұдайы ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсеткендерге 369 мың теңге айыппұл немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады, сондай-ақ оларға шектеу жазасы қолданылады. Әрине бұл норма осыған дейін де бар болған. Алайда аса қатігездік танытқан жағдайлар қосымша дәлелденсе, агрессор 4 жылдан 7 жылға дейін сотталатын болады.
Бұдан бөлек егер жәбірленуші алған жарақаттарына байланысты ауруханаға түсіп, онда 21 күн жатса, жәбір көрсетуші орташа ауыр жазаға тартылып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар үйдегі балаларға да осындай жәбір көрсетілсе, қолданылатын жаза мерзімі 3 жыл. Ал зорлық-зомбылық көрген адам сөйлеу, көру, есту қабілетінен айырылса немесе еңбекке жарамсыз деп танылса, онда бұл іс «денсаулыққа ауыр зиян келтірді» бабына жатып, жаза мерзімі 3 жылдан 8 жылға дейін артады.
Қылмыстық кодекстің азаптау бабы да (110-бап) өзгеріске ұшырады. Жаңа норма бойынша енді аса қатігездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық та азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000 АЕК-ке дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осы өзгерістерден бөлек Еңбек кодексінің 97-бабы 4-тармақпен толықтырылды. Күйеуінен зардап шеккен әйелге жұмыс орнында басшысы жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік 30 күннен аспайтын демалыс беруге міндеттеледі. Жалақы сақталмайтын демалыс жәбірленушінің жазбаша хабарламасы негізінде беріледі. Хабарламада демалыстың ұзақтығы көрсетіліп, арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну туралы шарттың көшірмесі қоса берілуі керек.
– Жалпы жоғарыда аталғандардың көбі Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер болып табылады. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте не өзгерді?
– Енгізілген өзгерістер айтып өткеніміздей әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған. Осы ретте Әкімшілік кодексіне балаларды қорғау мақсатында жаңа бап қосылды. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желілер дамыған сайын өсетін кибербуллингке қарсы Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) деп аталатын 127-2-бап қосылды. Оған сәйкес, буллинг жасаған адамға алдымен ескерту беріледі немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Егер дәл осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, құқықбұзушы 30 АЕК айыппұл арқалайды. Ал осындай әрекетті 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер жасаса, онда баланың ата-анасы немесе оларды алмастыратын адамдар ескерту алады немесе 10 АЕК айыппұл төлейді.
Бұған қоса Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 593-бабы 1-1-бөлікпен толықтырылды. Бапта көрсетілгендей жолақысын төлемеген немесе билеті жоқ балаларды ауа райына және басқа да жағдайларға қарамастан қоғамдық көліктің жүргізушісі немесе кондуктор автобустан түсіріп тастаса, оларға 5 АЕК айыппұл салынады. Көлік жүргізушісіне ата-анасы немесе заңды өкілі ертіп жүрмеген 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады.
– Президентіміз жаңа заңға қол қойды деген жаңалықтар шыққалы бері халықтың кейбірі оған теріс көз қараспен қарап, қарсы шыққан еді. Бұнын себебі неде деп ойлайсыз?
– Өкінішке орай халықтың біразы ойларында жаңа заң шыққанда оқымай жатып, оны бірден «ер адамдарға қарсы», «отбасылық құндықтарды төмендетуге» немесе «жеңіл жолмен отбасынан баланы тартып алуға бағытталған» деген пікір қалыптастырды. Бұл біздің адамдарымыздың заңды тұрғыда әлі де сауатсыз екенін көрсетті. Сондай-ақ қазақи менталитетімізге сай қалыптасқан нәрселерді өзгертуге дайын емес екендігін білдіріп отыр.
Бар заңдағы жауапкершілікті қатаңдатқан сайын теріс әрекеттерге баратындарға жаза ауырлығы жайлы ой салатын боламыз деген пікірдемін.
– Халықтың көзқарасына қарап заңды қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар екенін түсіндік. Сіздің ойыңызша, қазақстандықтар өзгерістерге қаншалықты дайын? Аталған заң күшіне енгенімен ол қаншалықты пайдалы болады деп ойлайсыз?
– Өзгерістерге де дайындық жайында айтатын болсақ, бәрі жақсы дей алмаймын. Маған күйеуінен жәбір көруші әйелдер жиі келіп, «шыдай алмаймын, ажырасқым келеді деп» қажетті құжаттарды жинау бойынша кеңес сұрайды. Оның біреуінде ерні жырылған болса, енді бірінің қолы сынған. Кейбірінің денесінде түрлі жарақаттарды байқауға болады. Соның бәрін көріп, ажырасу процесіне дайындық жүргізе бастаған сәтте әлгі әйелдер: «Болды күйеуіммен татуластым, ажыраспаймын», – деп шығады. Тіпті күйеуінің мінезін жақсы біле тұра, бұл жағдайдын алдағы уақытта да қайталатының біле тұра оған қайтып барады. «Балаларымен қайда барамын немесе туыс-жарандардан ұят қой» деп әрі қарай шыдап жүре береді. Осыған қарап-ақ заң өзгерсе де адамдардың көз қарасын өзгерту қиын болатынын түсінуге болады. Дегенмен заман орнында тұрмайды. Еліміз алдыға жылжыған сайын адамдардың біраз нәрселерге көздері ашыла бастайды.
Ал заңның пайдасына келер болсақ. Заңды тұрғыда мұнда ешқандай кемшіліктер жоқ. Бұл жерде олқылықтар оны орындалу кезінде пайда болуы мүмкін. Яғни өздеріңіз білетіндей, заңды қабылдау бір бөлек, оны орындау бір бөлек. Заңның іске асуы үшін бірінші кезекте жергілікті және атқарушы органдардың жұмысын дұрыстау қажет. Себебі бүгінде көптеген аймақтарда, әсіресе ауылды жерлерде органдардың жұмыс сапасы төмендеу болып отыр. Мәселен, өз тәжірибемде болған жағдайды айтайын. Бір ретте маған күйеуінен жәбір көрген әйел адам хабарласып, учаскелік полиция қызметкері жазған арызын қабылдамай отыр деп шағымданды. Қызметкердің телефон нөмірін алып, хабарласып, өзімнің заңгер екенімді, заң бойынша оның әрекеті дұрыс емес екендігін айтып, арыз қабылданбаған жағдайда іске қосылатындығымды жеткізгеннен кейін ғана жәбірленушінің арызы қабыл болды. Бұл – есіме түскен бір жағдай ғана. Ал күнделікті елімізде осындай нәрселер орын алып жатқанын білмейміз ғой. Сондықтан жоғарыда айтып өткенімдей жергілікті органдардың жұмысын бақылауға алу керек деп ойлаймын.
– Қылмыстық статистиканың күрт өсуі ол еліміздегі халықтың рухани адамгершілік құндылықтарының төмендеп бара жатқандығының әсері десек те болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп халық бекер айтпаған ғой. Осы ретте әйел адам әрі Қазақстанның азаматшасы ретінде заңды тұрғыдан бөлек белең алған зорлық көрсету жағдайларын қалай тоқтатсақ болады деп ойлайсыз?
– Иә, еліміздегі зорлық-зомбылықтың, өзге де қылмыстардың артуы ол ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтардың жойылып бара жатқандығынан. Әрине заман өзгеріп, елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына қосу мақсатында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда экономикамызды көтереміз деп жүріп мәдениетімізді төмендетіп жатырмыз. Осындай теріс жағдайлардың орын алып жатқаны отбасындағы бірліктің жоқтығынан, ата-аналардың бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеуінен шығуда. Басты тәрбие отбасында берiлетiнiн ескерсек, көп жағдайда ата-аналардың баланың оғаш әрекетке баруына себепшi болатынын байқауға болады. Сондықтан бірінші кезекте отбасының ішіндегі тәрбиеге көп мән қою керек.
Сондай-ақ тәрбие беруде, өміріне деген көзқарасты қалыптастыруда шетелдерге еліктеуді қоюымыз керек. Себебі олардың құндылықтары біздікінен мүлдем бөлек. Қазақта әрқашан отбасы бірінші орында болған, ал қазір шетелдегідей «эгоизмді» бірінші орынға қоя бастадық. Бір-бірімізді тыңдап, түсінуге тырысқанның орнына «менікі дұрыс» дейтін болдық. Мұның бәрі айналып келгенде екі адамның ортасында түсінбеушілік, одан кейін жанжалдың шығуына апарып отыр. Осының алдын алу үшін жастардың бойында бірінші кезекте адамгершілік қасиетін дамытуымыз керек.
Әрине адам оқып, білім алып, қыдырып, ел көруі керек, ол – дұрыс. Дегенмен өмірде дүниеден гөрі бірінші орында жақындары, отбасы бар екенін ұмытпаған жөн.
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.