Еліміздің басты дақылы бидай мен оның ұны экспортқа шығатын негізгі ауыл шаруашылық өнімі болып саналады. Бидайды экспорттауда Қазақстан әлемде 6-шы, ал ұн экспорты бойынша 1-орында тұр. Және қандай бидай десеңізші! Әлемдегі ең сапалы бидай мен ұн қазақстандық бренд болып танылады.Әрине, бұл кең байтақ даламыздың топырағы мен климаттық жағдай ерекшеліктерінің әсері екені сөзсіз. Дегенмен де, бидайдың мол әрі сапалы өнімін алу, оны өсіру технологиясына ғана емес, ең негізгісі, өнімдік сұрып пен және оның тұқымының сапасында. Осы орайда айта кететін жай көптеген жылдар бойы елімізде сырттан келген сорттар егіліп жатты. Қазақстан ғылымының осал тұстарының бірі ауыл шаруашылық дақылдары сұрыптарының өте аз болуында еді. Ауыл шаруашылық саласындағы еліміздегі басты орталық – Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының директоры, үлкен қоғам қайраткері Мұхаметжан Ерлепесов осы олқылықтарды жою мақсатында үлкен іс-шараларға бас болып, институтқа жас ғалымдарды тартады. Соның бірі Рақым Оразалиевке осы олқылықтардың орнын толтырып, аз уақыт ішінде жаңа сорттар шығаруды тапсырады. Бүгінде 85 жасты еңсеріп отырған Қазақстан бидайының атасы атанған белгілі селекционер ғалым Рақым Алмабекұлының Отанымыздың өсімдік биологиясы, соның ішінде, селекция және генетика ғылымдарын дамыту жолындағы алғашқы қадамы осылай басталып еді. Оған дейін Рақаң өндірістің қойнауынды шыңдалып, аспирантурада ғылымның қаймағына қанып, оңы мен солын әбден танып қалған болатын.
Бүгінде Қазақстандағы өсімдік селекциясы және генетикасының 100 жылдан асқан тарихы бар дейтін болсақ, оның ең жарқын беттерінің бірі академик Рақым Оразалиевтің атымен тығыз байланысты екенін осы сала ғалымдары әлдеқашан мойындаған.
Сонау 1966 жылы әлемдегі өсімдік селекциясының ең ірі орталықтарының бірінен саналатын Одессадағы Бүкілодақтық селекция және генетика институтының аспирантурасына қазақ даласының ой қырын емін-еркін шарлап, өндірісте бірнеше жыл жұмыс істеп, бай практикалық тәжірибе жинап келген жас агрономның түсуімен бірге селекция ғылымының көгінде жаңа жұлдыздың жарқ еткенін кезінде ешкім байқамауы мүмкін, бірақ қазір ол көпшілік мойындаған ақиқат. Қазақстандық ғалымдар А.Гольбек, А.Кузьмин, М.Айтхожин, И.Рахымбаев, Н.Удольскаяның бидай селекциясына және биологиясына сіңірген еңбектерін көпшілік жақсы білгенімен, қазақтың арасынан нан атасы болуға лайық ұл қашан шығады деп жүрген үміттің оты бұдан елу жыл бұрын маздап жана бастады. Бүкіл әлем мойындаған әйгілі селекционер ғалым тұңғыш рет қатты бидайдың қыстық түрін шығарып, бидай селекциясы саласында революция жасаған Ф.Кириченконың тәлім-тәрбиесін көріп, үлкен ғылым жолына шығар алдында батасын алу кез келген жас ғалым үшін үлкен арман әрі бақыт болатын. Сол бақыт құсы Рақым Алмабекұлының басына келіп қонады. Бақ жай қона салмасы анық, ол да өзіне лайық тұғыр іздейді. Бүкіл әлемге белгілі селекциялық-генетикалық орталықта оқуда жүріп Р.Оразалиев селекциямен бірге іргелі ғылымдарды: генетиканы, биохимияны, физиологияны, молекулалық биологияны және өсімдік иммунологиясын игереді, Украина жерінде күздік қатты және жұмсақ бидайдың жаңа сұрыптарын шығару және өндіріске ендірумен, мемлекеттік сорт сынау жүйесін игерумен айналысады. Осының бәрі болашақ академикті селекция-генетика ғылымының құзар шыңдарына жетелейді. Сол кездегі жас ғалым бүгінде бүкіл әлемге әйгілі академик Рақым Оразалиев 85 жасқа толып отыр. Ұстаз өзінің шәкірттерімен бірге артта қалған жолға көз салып, өткеннің қорытындысын жасап отырған жайы бар.
1970 жылдан бастап Рақым Алмабекұлының тағдыры тікелей Қазақстан ауыл шаруашылық ғылымы саласындағы ең ірі орталықтарының бірі Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланысты. Қызметті алғашында дәнді дақылдар селекциясы бөлімінде аға ғылыми қызметкер дәрежесінде бастаған Рақым аға аз уақыттан кейін осы бөлімнің меңгерушісі дәрежесіне көтеріледі, кейін Шығыс селекция орталығының жетекшісі және институт директорының орынбасары қызметтерін атқарады. Оның жетекшілігімен дәнді дақылдар, бұршақ дәнділер, жарма және азықтық дақылдар, дәрілік шөптер селекциясы, генетикасы, физиологиясы, биохимиясы, цитологиясы және алыстан будандастыру бағыты бойынша жұмыстар дамиды. Рақым Алмабекұлының басшылығымен селекция орталығының материалдық-техникалық базасы жасалады, республикамыздың әртүрлі табиғи экологиялық аймақтарында масақты дәнді дақылдар селекциясы үшін тірек пункттері ашылады. Аспиранттар дайындау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп, соның нәтижесінде селекция және басқа салалар жөнінде кадрлар құрамы жетілдіріледі. Соның нәтижесінде 25 түрлі дақылдар бойынша селекциялық-генетикалық жұмыстар қарқынды түрде қалыптасады.
Үлкен ұйымдастырушылық жұмыспен бірге Р.Оразалиев бидай селекциясының теориялық негіздерін қалыптастыру үшін ғылыми жұмыстар жүргізеді, бидайдың әртүрлі сұрыптарын, агроэкотиптері мен формаларын шығарудың негізгі биологиялық заңдылықтарын қалыптастырады. Өзінің көп жылғы еңбектерін қорытындылай келе Р.А.Оразалиев 1990 жылы «Күздік бидайдың Қазақстандық агроэкотиптері селекциясының биологиялық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Осы жылы жаңа құрылған Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының (ҚазАШҒА) академик-секретары болып сайланады да, республикамыздағы бүкіл селекция генетикалық жұмыстарға басшылық жасайды. 1992 жыл аграрлық ғалымдар Рақым Алмабекұлын ҚазАШҒА академигі және вице-президенті етіп сайлайды. Осы қызметте жүргенде Р.Оразалиевтің ұйымдастырушылық дарыны ерекше байқалады. Оның ұсынысы және басшылығымен ҚазАШҒА құрылымын қайта құру жүзеге асырылады, жаңа институттар құрылады, ауыл шаруашылық саласындағы бүкіл ғылыми зерттеу ұйымдары мен тәжірибелік стансалардың жұмыстарын реттейтін біртұтас үйлестіру әдістемелік орталығы құрылады. Осы жылдары Рақаңның қасында шет елдермен байланыс бойынша Ғылыми хатшы болып қызмет етіп, академиядағы істеліп жатқан көптеген игі істердің әрі куәгері, әрі қатысушысы болдым.
1995-2003 жылдары Рақым аға Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтын басқарады. Еліміз тәуелсіздік алып, экономикасын енді қайта қалыптастырып жатқан қиын жылдары институт басшылығы ғылыми- зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттарын сақтап қана қойған жоқ, сонымен бірге, оған жаңа қарқын беріп, дамыта түседі, соның нәтижесінде институт селекция және тұқым шаруашылығы, топырақ тану, агроэкология, агрохимия және дәрілік өсімдіктер өсіру саласында ғылыми кадр дайындаудың басты орталығына айналады. Әсіресе, институт жаңа шығарылған өсімдік сұрыптары мен будандарын өндіріске ендіруде ерекше табыстарға жетеді. Институтта кең халықаралық байланыстар қалыптасады, мысалы Жапон ауыл шаруашылық зерттеулерінің халықаралық орталығы (JIRCAS), Бидай мен жүгеріні жақсартудың халықаралық орталығымен (СИММИТ)ерекше тығыз қарым-қатынас орнайды. 1998 жылы институтқа әлемге әйгілі селекционер, «Жасыл революцияның» авторы, Нобель сыйлығының иегері Н.Борлауг Рекеңнің арнайы шақыруымен келеді, содан бері әлемдегі басқа да жетекші селекционер биолог ғалымдардың институтқа келуі дәстүрге айналады.
Еңбекке деген ерекше құштарлығы және селекционер-генетик ғалым есебіндегі дарыны оған бес-он жыл ішінде (1966-2015 жж.) өзінің шәкірттері және әріптестерімен бірігіп ауыл шаруашылық дақылдарының 250 сұрыбын шығаруға мүмкіндік береді, сол сорттардың 105-і аудандастырылып, Мемлекеттік селекциялық жетістіктер реестріне енгізіледі. Бұл дақыл түрлерінің барлығы – 4,5 млн. гектар, соның ішінде Қазақстанда 2 млн. гектардан аса алқапта себілуде. Оның сұрыптары Украинада, Ресейде және Орта Азияның бүкіл елдерінде егілсе, қазір Ауғанстан және Монғолияда егіле бастады. Қазір Рақаңның жетекшілігімен «Алмалы», «Наз», «Қарасай», «Әлия», «Қарлығаш», «Фараби», «Азиада», т.б. бидай сорттары шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Солардың ішінде «Стекловидная-24» «Қарасай» сұрпы қуаңшылыққа төзімділігі, жоғары сапасы, өнімділігі жағынан Еуразияда бірінші орынға ие.
Рақым ағаның ғылымдағы атақ дәрежелерін тізбелейтін болсақ, нағыз атанға жүк болар еді. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының, Ресей ғылымдары академиясының, Украина аграрлық ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, «Еңбегі сіңген ізденуші» атақты селекционерлерге берілетін В.Ремесло атындағы жүлденің иегері. Бұл атақтың бәрі оның қызметтегі дәрежесіне емес, ғылымға сіңірген еңбегіне лайықтап берілген болатын. 1992 жылы Украина ғалымдарымен бірлесіп шығарған сорттарын Украинаға ендіргені және осы ел ғалымдарымен жемісті жұмыстарды жүзеге асырғаны үшін Украина аграрлық ғылымдары академиясының академигі, ал 1998 жылы Зауралье мен Батыс Сібірдің бес облысында жаздық бидайдың жаңа сұрыптарын енгізгені үшін Ресей ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланады.
Рақым ағаның көп жылғы арманы – өсімдіктердің бағалы үлгілерін сақтайтын генқорын жасап, келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Осы мәселе тұрғысынан алып қарасақ, Рақым Оразалиевті қазақтың Вавиловы деп айтуға әбден лайық. Академик Қ.Ү. Медеубековпен бірге 2002 жылы Елбасымен кездесу барысында бағалы және жойылып бара жатқан сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау туралы мәселені жан жақты талқылайды, академиктердің ұсынысын Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап, Үкіметке Ұлттық өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық ресурстарын сақтау қорын салуға тапсырма береді. Өсімдіктер мен жануарлардың 400 мыңнан аса үлгілерін сақтауға мүмкіндік беріп, ұрпағымызды өсімдіктердің жаңа сорттары мен жануарлардың жаңа тұқымдарын шығаруға қажетті бағалы генетикалық материалмен қамтамасыз ететін орталықтың жобасы дайындалады.
Ғалым өзінің терең әрі жан-жақты эрудициясы арқасында 750 ғылыми еңбектің авторы атанады. Соның ішінде 22 монография мен жинақтар, 24 әдістемелік нұсқау, 35 алгоритм мен патент, 53 авторлық құжат бар.
Тәжірибелі педагог ретінде Р.А.Оразалиев білікті мамандар дайындауға үлкен үлес қосып келеді. Оның жетекшілігімен 69 ғылым докторы мен кандидаттары диссертация қорғап шықты, олар тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ, көрші мемлектеттерде де жұмыс істеуде. Оның шәкірттері арасында танымал академиктер, мүше-корреспонденттер, профессорлар мен доценттер көп.
Рақым Алмабекұлы ғылыммен бірге қазақ халқының ұлы есебінде ұлт намысын қорғауға келгенде де көштің алдында жүреді. Қайта құру заманы басталып, ұлт мәдениеті мен тілі жаңа өрлеу кезеңіне енген кезде Алмалыбақ ауылындағы қазақ балабақшасы мен мектеп ашу, Наурыз мейрамын өткізу секілді көптеген іс-шараларға Рақым аға басшылық жасайтын. 1991 жылы «Алмалыбақ ауылындағы Наурыз мейрамы» деген хабар республикалық теледидар арқылы ұлт мәдениеті мен дәстүрін, халықтар достығын насихаттау жолындағы ең озық іс-шаралардың бірі ретінде телефильм көрсетілген болатын. Сол керемет мейрам Рақым ағаның басшылығымен өтіп, отбасы мен немерелеріне дейін түгел қазақша киініп, көпшілікті сүйсіндіргені әлі естен кетпейді. Қазағым деген кез келген азамат ол кісінің бауыры болып шығады, ондай жандарға ағамыз жылы сөздерімен дем беріп, арқаландырып отырады.
Көп жылдар бойы Рақым Алмабекұлы қазақстандық генетиктер мен селекционерлердің қоғамын, Қазақ астық ғылымы және технологиясы жөніндегі коммитетті басқаруда. Он жылдан астам уақыт ҚР ҰҒА және ҚазАШҒА президиумының мүшесі. Көп жылдар бойы докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғайтын кеңесті басқарады. Соңғы 20 жыл ішінде агроэкология және сыртқы ортаны қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы міндетін атқаруда. Халықаралық өсімдіктердің биологиялық көптүрлілігі туралы кеңестің мүшесі, ҚР АШМ ғылыми техникалық кеңесінің төрағасы, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі, бірқатар ғылыми-теориялық журналдардың редколлегия мүшесі.
Рақым Алмабекұлы өзінің 85 жылдық мерейтойын белсенді еңбекпен қарсы алып отыр. Ол Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының Селекция, генетика және тұқым шаруашылығы бөлімін басқаруда, аспиранттар мен докторанттардың жұмыстарына жетекшілік етуде. Сондай-ақ, АҚШ инвесторларымен бірге тұңғыш рет Қазақстанда жекеменшік селекциялық-генетикалық институтын құрған әйгілі ғалым фермерлерге кеңес беру үшін ауылдарға жиі шығып тұрады. ТМД елдерінің белгілі ғалымдары мен ғылыми орталықтарымен тұрақты байланыстар жасауда, шетелдерде әртүрлі мәселелер бойынша дәріс береді.
Жұбайы Бөкен тәтемен алпыс жылдай бірге қатар келе жатыр, алты ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, енді немере, шөбелерінің базарына кенеліп отыр.
Дарынды балаларға арналған әл-Фараби гимназиясында академик Оразалиев кабинеті бар, Рақаң мектеп оқушыларымен кездесіп, дәрістер оқып тұрады.
Рақым Алмабекұлы қазір ғылыммен бірге саламатты өмір сүруді насихаттап, Ибн Сина атындағы табиғи жолмен емдейтін орталық ашты. Ұстазымыздың мақсаты –120 жасқа дейін өмір сүру. Мерейтой иесін айтулы датамен құттықтай отырып, осы мақсатына жетуін тілейміз!
Аюп ИСКАКОВ,
биология ғылымдарының докторы.