Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осыған орай танымал ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек пікір білдіріп, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деп жазу өте дұрыс бастама екенін айтады. Ол бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
– Жалпы, реформаның қарапайым аты – қозғалыс немесе әрекет. Қозғалыс пен әрекет бар жерде даму мен кері кету болады. Президент шешімдеріне аздап көңілі толмайтындар бар шығар. Қоғам болған соң, ол – заңды құбылыс. Ал, қате, дұрыс емес деген ешкім жоқ. Соның бірі – осы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңына енгізіліп жатқан толықтырулар – ауыл әкімдерін сайлау, сайлау босағасын бес пайызға түсіру және сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын!» деп жазу. Өте дұрыс бастама болды, – деді ол.
Ақын ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болатынын жоққа шығармайды. Ол заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жерлердегі таңдаудан болуы мүмкін екенін жеткізді.
– Мұндай кемшіліктер рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп, халық бұл этаптан да өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді, – деді Мұқибек.
Осы орайда ақын Мәжілістегі бір партияның алатын үлесін 51 пайыздан асырмауды және партиялар ұсынған кандидаттардың ішінен депутаттарды азаматтардың тiкелей сайлауына, таңдау жасауына мүмкіндік беруді ұсынды.
– Сайлау бюллетеньдеріне сол үміткерлердің аты-жөні мен мамандығы жазылып, оның қасына дауыс беру белгісін қоятын кәтекше орналастырылса, халық шын мәніндегі өз таңдауын жасар еді. Заң шығарушы органға нағыз мамандар мен тұлғалар іріктеліп баратын еді. Себебі, өзіміз көріп келе жатырмыз, партиялық сайлау жүйесіндегі қалыптасқан дағды және жиналған тәжірибеге сай, партиялар кандидаттыққа ешқашан да жай адамдарды таңдамайды. Егер бұл нормалар ескеріліп, заңға енсе, Қасым-Жомарт Кемелұлы жолға қойған шын мәніндегі «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» құру мақсаты орындалар еді. Жинақтап айтқанда, ауыл әкімдерін сайлау – өте маңызды қадам деп есептеймін. Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс, – деді ол.