Биыл біздің қасиетті Қарасай ауданының құрылғанына 90 жыл толғалы отыр.
Бұл, әрине, үлкен қуанышты күн.
Ауданның осы мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы жоспар-жоба да жасалды. Оның ішінде «90 жылдыққа – 90 шара» атты іс-шаралар жоспары да белгіленген.
Осыған орай жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Іскер азамат – ел тірегі» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, «Ауылым – киелі құт мекенім» атты форум өткізілді.
Жүргізушілердің жүйелі сөздерінен кейін-ақ бұл байыпты басқосу өзінің айқын арнасын тауып, жақсы жалғасып жүре берді. Алдымен мұның елдікті, туған жер қасиетін әспеттейтін бастама екені анық аңғарылды. Жалпы, туған жердің көркеюі, гүлденуі жолында одан түлеп ұшқан азаматтардың, кәсіпкерлердің, жаны жомарт ел ағаларының көп жұмыс атқара алатыны да белгілі.
Осыған орай алдымен жиналғандарға Елбасы жөнінде, туған жерін ардақтаған азаматтардың игі істері мен ауданымыз туралы бейнероликтер көрсетліп, көп мәселенің мәніне көз жеткізілді.
Жиында алғашқы болып аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөйлеп, Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының мән-маңызына жан-жақты тоқталды, қазыналы Қарасай ауданының 90 жылдығын жақсы табыс-жетістікпен қарсы алу қажеттігі жайында кеңінен әңгімеледі. Бұл айтулы мерекенің мерейін өсіруден ауданнан шыққан іскер, ардақты азматтар да шет қалмауы тиіс, деп атап айтты.
Сонымен қатар, «Парасат» ордені мен халықаралық «Алтын қыран» медалінің иегері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, белгілі меценат Болат Назарбаев, «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақшолпан Марат, «Туған жерге туыңды тік» қоғамдық қордың директоры, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы сөз алып, өз ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.