Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында елдегі сая-си мәселелерге баса назар аударып, кеңінен тоқталғаны белгілі. Әсіресе, ауыл әкімдерін сайлау туралы айтқаны елең етер жаңалық болып, осы уақытқа дейін талай талқыға түсті. Президенттің бастамасын ескерген Парламент Сенаты жақында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң жобасын қабылдады.
Енді ауыл халқы өз басшысын мажоритарлы сайлау жүйесі арқылы таңдау мүмкіндігіне ие болады. Әлем елдерінде қалыпты жағдайға айналған бұл үрдіс біздің елімізде қалай жүзеге асатыны уақыттың еншісінде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында сайлау жүйесінің қайта жаңғырғаны айтулы жаңалықтардың бірі десек болады.
Сонымен жоғарыда айтып кеткендей, заң жобасы толығымен бекітілді, қабылданды. Алдағы уақытта әр аймақтың сайлау комиссиясына артылар жүк те жеңіл емес. Сайлау жүйесіне қатысты өзгерісті өзекті тақырып деп біліп, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалия Амановамен сұхбат жүргіздік. Ауданға қарасты округ және қала әкімдерінің өкілеттігі тоқтаған жағдайда, Президенттің пәрмені бізде қалай жүзеге асады? Науқанға деген дайындық қалай? Осы және басқа да сұрақтың төңірегінде әңгіме өрбітіп, көкейде жүрген сан сауалға жауап алдық.
– Ғалия Матанқызы, өзіңіз білетіндей жақында Парламент Сенаты сайлауға қатысты бірқатар өзгерістер мен толықтыруларды негізге алып, заң жобасын мақұлдады. Қала және ауыл әкімі болуға ниетті азаматтарға үміткер ретінде қойылатын талаптар бар ма?
– Басшы болып жауапты міндетті атқаратын болған соң, әрине, ондай лауазымды тұлғаға қойылар талап та жоғары болады. Үміткерлер алдымен Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, олардың жасы 25-тен төмен болмауы ескеріледі, сотталмаған және мемлекеттік қызметте кемі екі жыл жұмыс істегені маңызды. Одан бөлек, жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі. «Осыларға лайықтымын» деген кез келген азамат ауыл немесе қала басшысы болуға толық құқығы бар. Тағы бір айта кететін жайт, бұрынғы әкімнің екінші рет додаға түсуге мүмкіндігі де бар.
– Сіз айтқан негізгі талаптарға сай болып, бақталаста бағы жанған болашақ әкімдер неше жылға сайланады?
– Жаңадан таңдалған әкімдер 4 жылға сайланып, өздеріне жүктелген міндетті атқаруы тиіс. Алайда, басқа қызмет орындары сияқты оларға да өз еркімен қызметтен кетуіне рұқсат етіледі.
– Сайлауға түсушілерге қойылатын талапты білдік. Ал, жаңа заң жобасы бойынша әкім болуға ұмтылысы бар кандидаттар қалай іріктеледі?
– Біріншіден, өз әкімін сайлайтын жергілікті халық үміткерлерді өздері де ұсына алады. Екіншіден, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша еліміздегі партиялар да мемлекеттік қызметке лайық деп табатын, ауылдың тұрмыс-тіршілігін, ахуалын жақсы білетін партияластарының бірін үмітерлердің қатарына қосуға толық құқығы бар. Сонымен қатар, ауыл әкімдерінің сайлауы барысында кандидаттарды ұсынудың тағы бір жолы қарастырылған. Яғни, оларды тіркеуге 5 күн қалғанда ұсынылған үміткерлер саны екіге жетпесе, онда аудан әкімі жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса келе, бір кандидатты ұсынуға болады. Оларды тіркеу жергілікті басылымда күнтізбелік жоспар жарияланған күннен басталады. Ал, сайлауға дейін 15 күн қалғанда басқа үміткерлер қабылданбайды.
– Өзіңіз алғаш атап өткен – халық таңдаған үміткерлер додаға түсу үшін қандай да бір қолдауды қажет ете ме? Әлде, кез келгені әкім болуға бақтарын сынай береді ме?
– Сұрағыңыз өте орынды. Ауыл арасынан өзін ұсынатын азамат кандидаттардың тізіміне іліну үшін кем дегенде жергілікті сайлаушы халықтың 1%-ға шақ келетін қолын жинауы тиіс. Бұл сақталатын норманың өзі сайлау процесінде бәсекелестікті қамтамасыз ететін, демократия деген ұғымның өте маңызды екенін көрсетеді деуге болады.
– Ал, сайлауға түсушілер жеке басына немесе сол кездегі қызметіне қатысты белгілі бір тексерістен өте ме?
– Бұл жағы өте маңызды. Үміткер ретінде тіркелген азамат пен оның жұбайы, оның кәмелеттік жасқа толған балалары арнайы бақылаудан өтеді. Оларды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі заң шеңберінде арнайы тексерістен өткізеді. Сонымен қатар, кандидат-тардың жарна төлеу жағы да ескеріледі. Оның мөлшері ең төменгі айлық көрсеткішпен есептеледі.
– Ғалия Матанқызы, біздің ауданда қала және ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы тәжірибемізде бар деуге болады. Оны өзіңізде жақсы білесіз. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығының қарсаңында қайта жаңғырған бұл үрдіске қызығушылық танытып жатқандар бар ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Мұндай жергілікті басшының тұрғындардың қолдауымен сайланғаны біздің тәжірибемізде бар. Бұл оқиға ауданның емес, тіпті, ел тарихында сақталды десем артық айтпаспын. Ол жайында қысқаша айта кетейін, сонау 1999 жылы халықтың таңдауымен Елбасының туған жері – Шамалған ауылына Қайрат Байбақтинов деген азамат әкім болып сайланған еді. Ел сенімін ақтаған бұл азамат мұнда біраз жылдар қызмет етті. Ауылдастарының алғысына бөленді. Осы салада өсіп-өркендеп басқа да жауапты қызмет атқарды. Енді, міне, дәл осындай сайлау жүйесі расымен де, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қайта жаңғырды. Сондықтан біздің аудандық аумақты сайлау комиссиясы мұндай үрдіске толығымен дайын деуге болады. Қызығушылыққа қатысты сұрағыңызды Сіз дәл меңзеп айттыңыз. Иә, осындай жаңалықты естіп, бізге партиялар тарапынан хабарласып жатқандар бар. Үміткер ретінде тіркелуге қатысты сауалдарын жолдап, жан-жақты ақпарат алып жатыр.
– Ауданымызда халықтың таңдауымен алғашқы болып қай елді мекеннің әкімі сайланғалы жатыр? Сол жайында толығырақ айтып кете аласыз ба?
– Қарасай ауданы бойынша қазіргі уақытта Елтай ауылдық округінің әкімі лауазымы бос. Бұрынғы әкімі өз еркімен қызметінен кеткен соң, жаңа сайлау жүйесі аталмыш ауылдық округте өткелі жатыр. Оның да болатын күні алыс емес. Қосымша ақпаратты жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын боламыз. Жалпы, бұл округтегі сайлаушы халықтың саны 10715 адамды құрайды. Оларға арналған 8 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. Барлығы да сайлау науқанына дайын. Тіпті, қазіргі елдегі ахуалға байланысты санитарлық талаптарды да ескерудеміз.
– Ғалия Матанқызы, өзіңіз жіті бақылайтан Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының негізгі жұмыс барысы қалай жүреді? Комиссия мүшелері сайлау науқанына қалай дайындалады?
– Басқа мемлекеттік мекемелер сияқты біз де жауапты қызметті атқарып отырған орталықпыз. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тікелей бағынғандықтан, олардың жүктеген міндеттерін орындаймыз. Ауданымызда 101 сайлау учаскесі бар. Бүгінгі таңда аудандық аумақтық сайлау комиссиясының құрамында 7 адам қызмет етеді. Одан бөлек, 58 сайлау комиссиясының мүшесі бар. Олардың да жауапты жұмыстары нақтыланған. Сайлау науқаны кезінде барлығы республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Комиссияның хатшысы және өзім төраға ретінде осы салада біліктілікті арттыру бойынша оқу курстарынан өтіп тұрамыз. Қазіргі ахуалға байланысты конференция, семинар жұмыстары қашықтан өту форматына көшті. Сонымен қатар, жақында комиссияның 123 мүшесі онлайн оқудан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болады. Одан бөлек, тағы бір мына жайтты атап өткім келеді. Әлемді жайлаған коронавирус біздің елге де жеткені белгілі. Дерттен сақтанып, барлық сақтық шараларын ескеруді жөн санадық. Сайлау науқаны басталғанда халықтың басым көпшілігімен жұмыс істейтін болғандықтан, олардың қауіпсіздігі үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтап, комиссия мүшелерінің індетке қарсы вакцина алу жағын да ойластырудамыз. Қазірдің өзінде олардың басым көпшілігі екпе қабылдады. Міне, бүгінгі таңда атқарып жатқан шаруамыз осындай.
– Расымен де, сіздердің атқаратын қызметтеріңіз ел игілігі үшін маңызды. Мемлекет істерін басқаруда сіздердің үлестеріңіз зор екенін ескеріп, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет, Ғалия Матанқызы!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.