Елімізде ауыл мәртебесін армандайтын саяжайлардың саны аз емес. Олардың біразы Қарасай жерінде де бар. Жақында аудандық мәслихаттың сессиясында бес елді мекеннің маңайындағы маусымдық мақсаттағы жерлердің жағдайлары талқыға салынған болатын. Атап айтқанда, Қаскелең қаласы мен Алмалыбақ, Елтай, Қырғауылды, Қошмамбет ауылдарының аумағына саяжайларды кіргізу мәселесі қаралып, бас жоспарлары бекітілді.
Әрине, бау-бақша серіктестіктерінің ауыл мәртебесін алатыны көңіл қуантады. Десе де олардың алдағы болашағы қалай болмақ? Осы сұрақтың жауабын білу үшін жоғарыда аталған елді мекендердің ішінен Қырғауылды мен Қошмамбеттің бас жоспарына жауапты «Табрис» жобалаушы мекемесінің басшысы Бақтияр Сұлтанмен тілдесіп көрдік.
– Бақтияр Бектұрсынұлы, Қырғауылды мен Қошмамбет ауылдарының маңайындағы саяжайлар ауыл мәртебесін алған соң ауылдардың аумақтары қаншалықты ұлғаяды?
– Қазіргі уақытта Қырғауылды ауылының аумағы 317 га-ды құрайды. Ал қасындағы саяжайлар 350 га жер көлемін қамтиды. Осылайша алдағы уақытта Қырғауылды елді мекенінің шекарасы екі есеге артқалы тұр. Ал Қошмамбет ауылы осы уақытқа дейін 546 га жерді алып жатқан. Енді оған қасындағы саяжайлар қосылған соң, 587,2 га-ға аумағы өзгереді.
– Аталған ауылдардың шекарасына кіретін саяжайлардың саны қанша? Атаулары қандай?
– Қырғауылдың ауылының бас жоспарына сәйкес оның аумағына 21 саяжай кіргелі тұр. Олар – «Акбота», «Асель», «Аксай», «Шаумена», «Полет», «Торпеда», «СМУ7», «Арман», «Восход», «Заря», «Шалкар», «Радуга горная», «Ласточка», «Дружба», «Улкен Тау», «Восход», «Транспорт», «Огоньки», «СТ Ветеран», «Аксай Саялы», «Аксай» деп аталатын бау-бақша серіктестіктері.
Қошмамбет ауылына келер болсақ, мұнда екі саяжай ғана қамтылады. Шығысында «Текелі», батысында «Дружба» деген бау-бақша серіктестіктері елді мекеннің аумағына кіреді.
– Енді халық санына тоқталсақ деп едім. Бұл ауылдарға саяжайлар қосылса, тұрғындардың саны қаншаға өзгереді?
– Статистикаға сүйенсек, қазіргі уақытта Қырғауылдының өзінде 9100, яғни шамамен 10 мыңдай адам тұрады. Айналасындағы 21 саяжайда тұрақты түрде 7200-дей тұрғын тұрмыс кешуде. Бұл енді ресми дерек болғанымен, ауытқулар болады. Уақыт өте келе біртұтас ауыл болғанда Қырғауылды ауылында 20 мыңға жуық адам тұрады деп болжауға болады.
Қошмамбет халқының саны нақты 7100 деген ақпарат бар. Оның маңындағы саяжайларда қоныстанған үйлердің саны аз. Бірақ «Дружба» бау-бақша серіктестігінде 300-400 адам бар.
– Бақтияр мырза, жоғарыда аталған саяжайлар ауыл мәртебесін алғаннан кейін қандай әлеуметтік нысандар салынады?
– Қырғауылды ауылының шекарасына кіретін саяжайлардың аумағын ескере отырып, болашақта бұл жерде 4 мектеп, 6 балабақша, 300 келушіге арналған емхана және өрт сөндіру қызметінің пунктін салу жоспарда бар.
Қошамбет елді мекенінде қазіргі уақытта қолданыста бір мектебі бар. Одан бөлек ауылдың батысында 1200 балаға арналған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа білім ошағының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар саяжайларды ауыл шекарасына кіргізсе де жеткілікті болып табылады. Алайда болашақта ауыл халқының саны 11 мыңға барады деген болжам бар. Осыны ескере келе, елді мекеннің солтүстігінде тағы бір мектепті салу жоспарланған. Сонымен қатар келешекте 4 балабақша және 150 сырқатқа арналған емхана, «Алматы-Астана» тасжолының бойында өрт сөндіру қызметінің пункті салынады.
– Ауыл шекарасына кірген саяжайлардың инфрақұрылымы қалай жаңғыртылады? Оған қатысты мәселе туындамайды ма?
– Осы уақытқа дейін әрбір бау-бақша серіктестіктерінің төрағалары болды. Тұрғындар шағымдарын айту үшін немесе бірлесе атқаратын жұмыстары болса аталған заңды тұлғаға жүгінетін. Сол азаматтардың ықпалымен бүгінгі күнге дейін жарық, су, жылу мәселелері шешіліп келді. Егер бұл инфрақұрылым жұмыс істеп тұрса, сол күйінде қала береді. Болашақта осыған қатысты мәселе туындаса, жобаға сәйкес аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы шешіледі. Яғни халықтың сұранысына байланысты қандай да бір инфрақұрылым жүйесін тарту немесе жаңғырту қажет болса, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады. Мұның барлығы ауылдардың бас жоспарын дайындағанда ескерілген.
– Саяжай тұрғындарының осы уақытқа дейін арманы жерлерін өз пайдасына жарату үшін жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесін алу еді. Ел ауызында ол «ИЖС» деп аталып кеткенін жасырмаймыз. Енді саяжай тұрғындары құжаттарын заңдастырып, тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұра алады ма?
– Саяжай – уақытша демалыс орны. Осыны білгеніміз жөн. Сондықтан осы уақытқа дейін олардың өздеріне тиісті бекітілген заңы болды. Алдағы уақытта Қырғауылды мен Қошмамбет ауылдарының маңындағы саяжайлардың барлығы ауыл мәртебесін алғаннан кейін мұндағы тұрғындар жер телімдерін «жеке тұрғын үй құрылысы» деп өзгертуге мүмкіндіктері бар. Одан кейін үйге тіркеу жағын жүзеге асыруға болады.
– Қырғауылды мен Қошмамбет ауылдарының аумақтарына саяжайларды кіргізу кезінде барлығы қамтылды ма? Әлде қалып қалғандар бар ма?
– Елді мекеннің айналасындағы, яғни жақын орналасқан саяжайдың барлығы қамтылды. Ауыл шекарасына кірмей қалғандар – олар алыста орналасқандар. Сондай-ақ екі елді мекеннің ортасында қалған саяжайлар бар. Оларға қатысты мәселені өкінішке орай, біз шешпейміз. Жобалаушы компания өз тарапынан заң аясында саяжайларды жақын орналасқан ауылдардың шекарасына кіргізді.
– Бақтияр Бектұрсынұлы, екі ауылдың болашағына қатысты бастамалардың ретін түсіндік. Алда жүзеге асатын шаруалар көп. Жалпы осы жұмыстардың орындалуы қай уақытқа жоспарланған?
– Негізі бас жоспар 15-20 жыл аралықты қамтиды. Ал біздің жағдайымызда екі елді мекенге қатысты жобаның бастапқы берзімі 2023 жыл болып табылады. Сондай-ақ ол екі кезеңге бөлінген. Алғашқысы 2030 жылға дейін, ал есептік екінші кезеңі 2040 жылға дейін деп жоспарланған.
– Ақпаратыңызға көп рақмет! Жұмысыңыз алға баса берсін.