Қайта гүлденген Кеген ауданында Кеген өнер мектебінің жұмысы қарқынды жүріп келеді. Кеген өнер мектебінде суретші Мұқаметқалидай ағамыз еңбек етеді. Бүгінгі таңда оншақты балаға сурет өнерінен дәрісін беруде. Тақырып та белгілі. Дәл қазіргі уақытта қыс айының көрінісін келтіру. Сурет тілінде сөйлету. Әрине, қатып қалған ештеңе жоқ, қыстың бейнесін әркім өз ойынша салары, жұмысына арқау етуі тиіс. Қалай дегенмен де қолдарына қарындаштарын алып, ақ параққа ойларын өрнектеп жатқан балаларға қызыға қарайсың!
– Дәл осы сурет өнеріне қалай келдіңіз?
– Кішкентай кезімнен сурет салуға әуес болдым. Тіпті, сол балалықпен шимайлай салған кейбір дүниелерім көргендерге ұнай бастады. Менің сурет өнеріне талабымның барын білген сыныптастарым да қуанбай қойған жоқ. Үлкендер де, ұстаздарым да білді. Сөйтіп, мен мектептің ішінде апта сайын шығып тұратын қабырға газетінің белді мүшесіне айналдым. «Суретші бала» атандым. «Кірпі» деп аталатын газетке суреттер салып тұрдым. Сол әуестік, сол талап, сол қызығушылық асыл арманға айналып, сол тұстағы Қазақтың Абай атындағы педогогикалық институтының сурет-графика факультетіне құжат тапсырдым. Бір жыл жолым болмай азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін аталған факультеттің дайындық курсында оқыдым. Алты айдан кейін емтихан тапсырып, студент атандым, – дейді Мұқаметқали ағамыз жылы жымиып.
Біздің кейіпкеріміз, ауылда тұратын суретші Райымбек ауданындағы Қайнар ауылында дүниеге келіпті. Кеген ауылындағы қазіргі Ө. Жаңабаев атындағы орта мектептің 1979 жылғы түлектерінің бірі. Мінезі қарапайым, істің адамы. Мынау жарық дүниеден адал еңбекті серік еткен. Жүрек қалаған ісін, шаруасын жақсы меңгерген. Сурет өнері арқылы ел мен жұртына тигізген шарапат, шапағаты көп. Асып-тасқанды білмейді. Кеудесі жоқ. Қарапайым мінезі, тамаша істерімен көптің құрметіне бөленген. Еліне елеулі, жұртына сыйлы. Ұжым ортасында да құрметке ие. Суретшілігі туралы сөз еткенде бәрінен бөліп айтатын ең негізгі, ең басты үлкен шаруасы бар. Ол – Алматы қаласы жақтан Кеген ауылына кіреберістегі бір қолын көлегейлеп, тым-тым алысқа қарап тұрған Ананың ескерткіші.
– Сұрапыл соғыс жылдар әскер қатарына алынған ұлын, не жарын аман-есен келсе екен деп тілеуін тілеп жолға қарайлап тұрған ананың немесе соғыста қаза тапқан ұлын өлді деуге сенбей, үмітін үзбей, күн сайын аман-есен келіп қалар деп жолға қарайлаған асыл ананың бейнесі секілді ана ескерткіші қалай дүниеге келгені бізді де қызықтырды.Сол кезде ұмытпасам журналист ағамыз Келеке Құсайыновтың аудандық «Коммунизм нұры» газетіне бір мақаласы шықты. Онда екінші дүниежүзілік соғысқа, оның адамзаттың басына әкелген қасіретіне арнап Ана ескерткішін орнатсақ жақсы болар еді деген ұсыныс айтылды. Мұны сол кездені көкірек көзі ояу аудан басшысы Бексырға Данышпанов бірден қолдады. Бұл Жеңіс мерекесінің 45 жылдығының қарсаңы еді. Оның негізі жұмысын жүргізу, ауыртпалығын көтеру маған түсті. Сөйтіп, Ана ескерткішінің эскизін жасап аудан басшысына көрсеттім. Бірден ұнады. Сөйтіп, институтта бірге оқыған курстас досым Жақсылық екеуіміз ескерткішті жасап шықтық, – деп Мұқаметқали аға өзіне тән қарапайымдылығымен әңгімесін қысқа қайыра салды.
Алайда, әңгімесін қысқа тұжыра салғанымен оның артында үлкен дүние жатыр еді.
Рас, Кеген ауылына кіреберістегі Ана ескерткішін қаладан келе жатқанда үнемі көріп жүреміз. Бір қолын күнге қарай көлегейлей ұстап, алысқа көз салып тұрған, жүрегі сарытап сағынышына толы Ананның бейнесі шынайы сомдалған. Биіктігі 5 метрді құрайтын ескерткіштің бір жағына сұрапыл соғыс, екінші қанатыны тылдағы аналардың бейнеті көрсетілген. Бір сөзбен айтқанда, соғыс жылдары тылдың бар ауыртпалығын көтерген аналарға арналып орнатылған ескерткіш. Мұқаметқалидай сурет өнерінің шынайы шебері ескерткіштегі ананың бейнесіне өзінің қымбатты анасының бет-бейнесін алғанын жасырмайды. Ескерткіште, шын мәнінде, үлкен еңбектің нәтижесі көрініп тұр. Гипстен жасап, сыртын қаптай салмаған. Іші арматурамен, темірмен құрастырылып, сырты кәдімгі цементпен, бетонмен өз тұсындағы «Сельхозтехника» мекемесінің шеберханасында жасалыпты. Үш бөлік негізінде дайындалып, сосын орнатылыпты. Бүгінде сол кезде темірді дәнекерлеуге қатысқан жандар да бар көрінеді. Бұл расында, суретшілік өнердің шынайы шебері Мұқаметқалидай ағамыздың еңбегі. Суретшілігін мүсін өнерінде де шынайы көрсеткен жемісті шығармашылығы. Бұл ескерткіш екінші дүниежүзілік соғыстың бір белгісі болып қалды. Оның айналасы шыршамен көмкерілген. Жыл сайын Жеңіс күнінде гүл шоқтары қойылып тұрады. Біз ойға қалдық. Ауданның орталығында дәл осындай қос қанатына сұрапыл соғыс жылдары мен тылдың ауыртпалығы бейнеленген тамаша Ананың ескерткішін жасаған оған қандай құрмет көрсетілсе де лайықты.
Ашимбаев Мұқаметқали Сланқожаұлы институттан кейін туған жер, өскен еліне туын тігуді мақсат етті. Алыс ұзаған жоқ. Бойындағы барын, ойындағы нәрін өсіп келе жатқан жас ұрпақтың игілігіне жұмсауды жөн көрді. Кеген ауданы аумағындағы Тұйық орталау мектебінде алғашқы еңбек жолы басталды. «Өрнек» кооперативінде жүріп өңірдегі шаруашылықтардың көрнекі үгіт-насихат жұмыстарына негізделген дүниедеріне көмегін тигізді. Ө. Жаңабаев атындағы орта мектепте, бір кездегі Кеген өнер мектебінде, одан кейін бірсыпыра жылдар №3 Кеген орта мектебінде шәкірттеріне сурет-сызу пәндерінен дәрісін берді.Бүгінгі таңда Кеген өнер мектебінде сүйікті кәсібін одан әрі жалғастырып келеді. Сурет, мүсін, қол өнері деп аталатын кластағы балаларға сурет пен мүсін, қол өнерінің сырлары мен қырларын үйретуде. Рүстем Тоқсанбаев, Мөлдір Омарқызы, Бағдат Сержанқызы атты шәкірттері жолын қуды. Сурет колледжін бітіріп, шығармашылықтарымен айналысып, жап-жақсы деңгейге көтерілді. Сурет көрмелерін ұйымдастырып жүргендері бар. Қазір Кеген өнер мектебінде қолынан дәріс алып жүрген Әрсен Мұсахан, Ислам Стамшал, Аян Жетекші, Елдос Ерхан, Рубина Бажик шәкірттерінен де күтер үміті мол.
Біздің кейіпкер – Желтоқсан ардагері. Ұстаздық ісі де жеміссіз емес. Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иесі. Желтоқсанға қатысты, өзге де мерейлі мерекелерге арналған 5-6 медалі бар. Аудан орталығындағы С.Серкебаев атындағы орта мектеп-гимназияда жас ұрпаққа орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәрісін беретін өмірлік серігі, жан жары Фазила Ашимбаева екеуі ұлы мен қыздарын өсіріп, қанаттандырды. Қыздарын қиясына қондырған. Кеген өнер мектебінде сүйікті ісімен айналысып жүрген Мұқаметқалидың жақсы күндері алда. Шуақты сәттері де алда деп ойлаймыз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.