Осы аптада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай жеріне арнайы іссапармен келіп, жұртшылықпен жүздесті. Бірқатар нысандарды аралап, ауданның ахуалына қатысты алда атқарылатын жұмыстарды халыққа жеткізді.
Қарасай ауданына осымен екінші рет келіп тұрған өңір басшысы алдымен облыстағы жалғыз жоғары оқу орны болып саналатын Қаскелеңдегі Сулейман Демирель университетіне келді. Аталмыш білім ордасының тыныс-тіршілігімен ректордың міндетін атқарушы Алмат Жайлаубаев таныстырып, оқу орнының келешектегі келбеті мен бүгінгі жағдайынан хабардар етті. Одан кейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев университеттің бетке ұстар студенттерімен кездесіп, «Әкімдік іс жүзінде қалай жұмыс істейді және бұл ел экономикасының дамуына қалай әсер етеді?» тақырыбында лекция оқыды. Бұл басқосуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы Ляззат Бейсеқұлова, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов те қатысты. Облыс әкімі жиын барысында білім мен ғылым саласын сөз етіп, өңірді өркендетуге қатысты біраз шаруаларға тоқталды. Ал өз кезегінде білімгерлер аудан ахуалына қатысты өзекті сұрақтарды қойды. Оның ішінде қоғамдық көлік, Алтын ауыл ықшам ауданының тазалығы, интернетке деген қолжетімсіздік, Ұзынағаш, Жібек жолы сияқты шалғай ауылдарға қатынау мәселелері қозғалды. Ауданға қатысты барлық сауалға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов жан-жақты жауап берді. Одан бөлек облыс басшысы Марат Елеусізұлы студенттер мен оқытушылардың тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алды. Туризм саласын дамытуға қатысты жобаларды ескеріп, мүмкіндіктер қарастырылатынын түсіндірді.
СДУ-дағы жиыннан кейін аймақ басшысы аудандық Мәдениет үйінде оның келуін асыға күткен жергілікті халықпен кездесті. Алматы облысының мәслихат хатшысы Дәулет Жараспаев бұл басқосуды модератор ретінде жүргізіп отырды. Алдымен аудан басшысы Жасұлан Естенов 2022 жылдың 11 айы бойынша жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, келешектің күн тәртібінде белгіленген жоспарлы жобаларға тоқталды.
Осыдан кейін Марат Сұлтанғазиев Алматы облысын дамытуға Қарасай ауданы үлкен үлес қосып жатқанын айтып, облыс көлемінде, оның ішінде ауданда атқарылатын ілгері істерге тоқталды.
«Алматы облысының экономикасын дамытуға Қарасай ауданы үлкен үлес қосуда, оның үлесіне облыстың барлық өнеркәсіп өнімінің үштен бірі (33,5%) тиесілі», – деп айтқан өңір басшысы Қарасай жерінде 358 кәсіпорын шоғырланғанын жеткізді. Бұл облыс бойынша бірінші орынды сенімді түрде ұстауға мүмкіндік беретінін нақтылады.
Десе де Қарасайда мал шаруашылығы саласында кемшіліктер бар. Ресми дерекке сүйенсек, ауданда 1,8 мың басқа арналған үш бордақылау алаңы бар болғанымен, жыл басынан бері бірде-бір килограмм ет тапсырылмаған. Осы жылдың 11 айында 23,4 мың тонна ет өндірілген. Алайда бұл былтырғымен салыстырғанда 1,9 мың тоннаға аз. Облыс әкімінің айтуынша, ірі қара мал басы бойынша аудан 8-орында тұр. Ал сүт сауудан Еңбекшіқазақтан кейін 2-орында.
Инвестицияларды тарту жөнінде аудан тұғырдан түспеген. Яғни, 26,8% үлесімен 1-орында тұр. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында аудан экономикасын дамытуға 134,6 млрд теңге инвестиция бағытталған.
Қарасай ауданында білім саласының дамуын тежеп тұрғандардың бірі – үш ауысымды мектептердің жойылмай тұрғаны. Бұл мәселені облыс әкімі Марат Елеусізұлы тілге тиек етіп, оны шұғыл шешу қажеттігін ескертті.
«Біз үшін шұғыл мәселе – үш ауысымды оқытуды жою. Облыс бойынша осындай 52 мектептің 12-і осы ауданда. Тапшылық 11 809 оқушы орнын құрайды. Бұл мәселені шешу үшін 16 500 оқушы орнына 15 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Жыл соңына қарай Үштерек, Алмалыбақ, Иргели ауылдарында 600 оқушыдан тұратын 3 мектеп іске қосылады», – деген облыс басшысы 2023 жылы салынатын білім ошақтарын да атады. Айтуынша, келесі жыл Қаскелең қаласында, Шамалған, Әйтей және Жармұханбет ауылдарында 3 600 оқушыға арналған мектептердің құрылысы аяқталады.
Бұдан басқа «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 2024-2025 жылдарға 63 мектеп салу жоспарланған. Оның ішінде Қарасай ауданында 8-і үш ауысымды мектептің орнына салынады деп күтілуде. Осыған байланысты облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына жыл соңына дейін жаңа білім ошақтары үшін жер, инфрақұрылым бойынша барлық мәселелерді шешуді тапсырды.
Осылайша Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы бірқатар салаға қатысты мәселелер мен атқарылатын жұмыстарды баяндай келе, жүзеге аспаған біраз шаруаларды біржақты шешу үшін өзінің орынбасарларына, басқарма басшыларына және аудан әкіміне нақты міндеттерді жүктеді.
Облыс басшысы баяндамадан кейін тағатсыздана күткен қарасайлықтардың сан сауалдарына жауап берді. Ең өзектілердің арасында саяжайлардың мәртебесі, ауыз су мен жарықтың жетіспеушілігі, жолдың жөнделуі сияқты күн тәртібінен түспейтін мәселелер көтерілді. Әрбір қойылған сұраққа жауап ретінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Жасұлан Естенов ауданның экономикалық жағдайына байланысты шешілетінін айтып, көпшілікке түсіндірді. Қойылған сауалдардың ішінде Қаскелең қаласының әл-Фараби көшесінің жөнделуі назарға алынды. Қала тұрғыны Асхат Қыдырбаевтың айтуынша, 15 жыл бойы көше әлі реттелмеген. Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы бұл мәселе назарда екенін нақтылап, жоспарда барын жеткізді. Ал облыс басшысы өз кезегінде аталмыш көшені облыстық бюджеттің есебінен жөнделеді деп, жақын арада жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырды.
Сонымен қатар, жиын барысында қала тұрғындарының тарапынан Қаскелеңге аурухананың қажеттілігі сөз болды. Осы ретте аудан басшысы Жасұлан Естенов 2023 жылы көпсалалы емхананың құрылысы басталатынын айтты. Ал облыс басшысы аудан орталығында халық санының артуын алға тартып, жобаны мүмкіндігінше ерте бітіруді және қадағалауды тапсырды.
Бұл кездесуде «Сигма-Газ» компаниясының Құмарал ауылына белгілеген газ бағасының тарифы сөз болды. Аталмыш ауылдың тұрғыны, көп балалы ана ауылдастардың өтінішін жеткізіп, газ құнының неге 34 теңге, ал көршілес елді мекенді газбен қамтамасыз ететін басқа серіктестіктің бекіткен құны едәуір арзан екенін сұрады. Мұны облыс әкімі Марат Елеусізұлы аталмыш компания бір ғана ауылды газбын жабдықтайтын болғандықтан, шығындарын өтеу үшін тариф бағасы солай бекітілуі мүмкін деген болжамын жеткізді. Дегенмен облыс басшысы құмаралдықтардың бұл наразылығы орынды екенін түсіндіріп, алдағы уақытта бюджет есебінен аталмыш ауылдың газ құбырларын сатып алып, «Жетісу газ» компаниясына өткізу жағын қарастыратынын айтты.
Жалпы жиында қарасайлықтардың тарапынан 30-дан аса сауал қойылды. Облыс әкімі оның әрбірін назарға алып, қаражаттың бөлінуіне байланысты және заң аясында мәселелер шешілетінін түсіндірді.
Қарасай халқымен өткен кездесуден кейін Марат Елеусізұлы Жібек жолы ауылдық округіндегі бетон өндіретін «Алтын таға» компаниясының жаңа зауыты салынып жатқан нысанға келді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұнда 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашу қарастырылған. Аталмыш компания ел нарығында 15 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Облыс басшысы зауыттың құрылыс барысымен танысып, өндіріс орны көп пайда әкелетінін және экономикалық тұрғыдан серпін болатынына сенім білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.