Дамыған мемлекеттерде қоғамдық пікірді зерттеу мәдениеті қалыптасқан билік пен халық арасында кері байланыс қағидаты жақсы істейді. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, екі ортадағы байланыс нығым болғанда ғана ел дамып, халықтың әл-ауқаты түзеледі.
Таяуда ауданымыздың орталық кітапханасында елді мекендеріндегі өзекті мәселелерді тереңірек талдау мақсатында Алматы облысы ішкі саясат басқармасының «Талдау және болжау орталығының» ұйымдастыруымен фокус-топ форматында жиын өтті. Медицина, білім, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салалардың, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, жастар мен аудан белсенділері бас қосқан шарада ауданымыздағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынға қатысқандар тарапынан көшелердегі жолдар мен жарық мәселесін реттеу қажеттігі, ауыз судың барлық ауылдарда болуы, жұмыс пен сабаққа қажет интернеттің дұрыс жұмыс істемеуі секілді тұрғындарды мазалаған әлеуметтік мәселелер сөз етілді. Сонымен қатар, ауданда Мәдениет үйлерінің, ауруханалар мен мектептердің сондай-ақ жасөспірімдер мен жастарға арналған спорт және демалыс орындарының жетіспеушілігі де айтылды.
Көптеген өзекті нәрселер айтылған жиынның негізгі мақсаты аудан тұрғындарын мазалаған мәселерді тереңірек зерделеп, халықтың осыған байланысты пікірін білу болды.
Жалпы жиында аталған мәселер назарға алынып, алдағы уақытта жоспарға сай оларды шешу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Өз тілшіміз.