Жалпы еліміз егемендігін алып, жеке мемлекет болып жарияланғаннан бері өзекті болып келе жатқан мәселелердің бірі – көтерілмей отырған ана тіліміздің мәртебесі. Бұған байланысты көптеген сөздер де айтылып, ауқымды жұмыстар да атқарылған еді. Солардың бірі елімізде «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы еді. Бүгінде аталмыш ұйымның филиалдары барлық елді мекендерде ашылып, өз өңірлеріндегі тіл мәртебесін көтеру бағытында ауытқымай, жұмыс атқарып келеді. Біздің ауданымыздағы «Қазақ тілі» қоғамы 33 жылдан бері ана тілінің аясын кеңейту үшін талмай еңбек етуде.
Аптаның сейсенбісі күні ауданымыздың орталық кітапханасында аталмыш ұйым өзінің жылдық қорытындылау отырысын өткізіп, атқарылған және де алдағы уақытта жоспарланған жұмыстарды кеңінен талқылады.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы ашып жүргізген жиынның күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе мүшелер қатарын ұлғайту болды. Қатысушылардың арасында өткен талқылау мен бірауыздық қолдау тапқаннан кейін ауданымыздың тіл жанашырларына Пушкин атындағы орта мектептің мұғалімі мен аудандық газеттің журналисі қосылды.
Екінші мәселе бойынша Шара Қанатқұлқызы баяндамасын оқып, «Қазақ тілі» қоғамының 2023 жылы атқарған жұмысы жайлы кеңінен ақпарат беріп өтті. Жалпы тіліміздің қолдану өрісі ұлғаюы ең бірінші кезекте өскелең ұрпақ толығымен ана тілін жетік меңгеру қажет екені бәріне мәлім. Егемендік алғанымызбен аудандағы көптеген білім ордалары әлі күнге дейін орысша атаумен аталып, оқыту жүйесі аралас тілдермен жүргізілуде. Анығын айтқанда, ауданда 53 мектеп жұмыс істесе, оның 27-сі таза қазақ тілінде, 26-сы аралас болып келеді. Осы ретте ұйым жылда жоғарғы органдарға 10 қазақ мектебін ашу және орысша атауларды ауыстыру жайында ұсыныс жасап отырады. Шара Қанатқұлқызы осы жұмыстардың арқасында аудандағы көптеген мектептерге қазақша атаулар берілгендігін атап өтті. Мұнан бөлек ол 2023 жыл ұйым үшін біраз қиындықтармен өткенін де тілге тиек етті. Нақтырақ айтқанда, құрылғаннан бері ұйым өзгелерден жиналатын жарнаның арқасында шараларын өткізіп отырған (бір адамнан бір жылға 240 теңге). Алайда, өткен жылы жарна жиналмай, жоспарланған көптеген ауқымды шаралар атқарылмай қалған. Соған қарамастан ұйымның тарапынан бірқатар отырыстар мен кездесулер өткізіліп, тіл тазалығы және оның мәртебісінің көтеру мәселесі қарастырылып, ұсыныстар айтылған. Жалпы Шара Қанатқұлқызы ұйымның биылғы жұмысы біраз бәсендеп қалғанына тоқталып, мүшелерге осы мәселеге байыпты қарап, 2024 жылы жұмыстарды үлкен белсенділікпен атқару қажеттілігін баса айтты.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ретінде қоғам мүшелері «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлының тіл мәртебесін және оның қолдану аясын қалай көтеруге болатындығы туралы «Ана тілі» газетіне берген мақаласы талқыланды. Соңғы мәселе бойынша да Шара Қанатқұлқызы сөз сөйлеп, жиналғандарды 2024 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырып өтті.
Жалпы барлық мәселе қарастырылып болғаннан кейін, жиналған алқа мүшелері өз ұсыныстарын білдірді. Нақтырақ айтқанда, тіл жанашырлары білім мекемелерімен қатар кәсіпкерлермен де жұмыс істеу керектігіне тоқталып, олардың қолдауы алдағы уақытта ауданымызда жастар арасында ақын, жазушылардың туындыларын оқу бойынша байқауларды жиі өткізуге септігін тигізетінін жеткізді. Бұған қоса биылғы жоспарда айтылғандай бастауыш ұйымның басшыларын тағайындау мәселесіне байыппен қарау керек екенін сөз етті. Сондай-ақ ұйым мүшелерінің тарапынан бүгінде ғаламтордан дұрыс ақпарат алмай, бұрыс жолға түсіп кеткен жастардың көбеюіне байланысты ауданның жастарымен жұмысты тығыз жүргізу қажеттілігі де айтылды.
Жалпы ауданымыздағы тіл мәселесіне қатысты мәселелер талқыланған жиын соңында Шара Қанатқұлқызы біраз келенсіздіктерге қарамастан қоғамның жұмысына белсене атсалысып жүргендерге алғысын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.