Соңғы жылдары облыста экзотикалық спорт түрлеріне жататын тай боксының дамып келе жатқанын айқын аңғаруға болады. Оған дәлел ретінде таяуда ауданымызда спортшының дайындығы мен шеберлігі өте жоғары деңгейде болуын қажет ететін муайтайдан өткен Алматы облысының біріншілігін айтуға болады.
Шамалған ауылында орналасқан «Ushqonyr» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер және 18 жастан асқан ересектер қатысты. Жалпы 12 команда сынға түскен жарыста 30-дан +91 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша 300-ден аса спортшы бақ сынады.
Әртүрлі жас санаттары бойынша Қазақстан чемпионатына облыстық құраманы іріктеу мақсатында өткізілген біріншілік жақсы деңгейде өтті. Қатысушылардың барлығы өздерінің техникасы, күші мен төзімділігі арқасында сәтті өнер көрсетіп, ауқымды жарыстарға жолдама алу үшін күрделі іріктеу кезеңінен өтті.
– Муайтай – өте күрделі спорт түрі. Ол бүкіл әлемде «сегіз аяқ өнері» ретінде танымал, өйткені мұнда спортшыларға соққыларды аяқ, жіліншік, шынтақ және тіземен жасауға болады. Соңғы жылдары облысымыздың спортшылары жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, өткен жылы Грекияда өткен ересектер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 4 медаль жеңіп алдық, оның бірі – алтын. Жастар арасындағы әлем чемпионатында бір алтын, үш күміс алып қайттық. Еуропа кубогымен пара-пар «Antalya Cup» халықаралық турнирінде Алматы облысының спортшылары да сәтті өнер көрсетті. Мұнда ұл-қыздарымыз үш алтын, үш күміс және үш қола жүлдені еншіледі.
Бүгінде Алматы облысы құрамасының сапында Қазақстанның алты дүркін чемпионы, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, Анталия кубогының иегері Әдия Ізбасқан сынды үздік спортшылар бар, – деп атап өтті Алматы облыстық Муайтай федерациясының президенті Айдос Ысқақов.
Облыстық біріншілік әсерлі де тартысты өтті. Оның нәтижесі бойынша ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Әдия Ізбасқанмен қатар алдағы республикалық чемпионатқа іріктеуден өткен әлемдік жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлері – Диана Певцова, Абдурахман Әбішев, Дидар Жаппарқұлов және Қанат Әлижан болды.
Жасөспірімдер және жастар арасында Альбина Насырова, Рамазан Әбішев, Әли Омаров, Юсуф Мұхтасип, Кирилл Ковалев, Ибрасим Азнахунов, Игорь Коваленко, Тимур Әміреев, Вадим Коробейников, Ярослав Галич сынды спортшылар да үздік деп танылды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктарға ие болып, медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, шаршы алаңда топ жарып шыққан мықтылар ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.