Өткен жылдың соңғы аптасында аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың төрағалығымен әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ауданымыздағы жастар істері жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, бөлім басшылары мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Оның барысында жастар саясатының жүзеге асырылуы бойынша есептері тыңдалып, екі бірдей мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова 2019 жылдың ІІ жарты жылдығындағы аудандық Жастар саясаты бойынша жасалған шаралардың қорытындысы мен алдағы уақытта атқарылатын істер жайында баяндады.
* * *
Айтулы жылдың қарсаңында, жастардың түйіткілді мәселелерін шешуге Қарасай ауданында мол мүмкіндік болды десек артық айтқандық емес. Жалпы, Жастар саясатын алға тартып, белсенді де батыл қадамдарға бастайтын ауданның Жастар ресурстық орталығы өз жұмысын жоспарлы түрде атқарып келеді. Бүгінгі таңда бұл орталықта 5 маман,1 психолог және қала, ауылдық округтерде 11 әдіскер-нұсқаушы жұмыс істейді.
Иә, Жастар жылына орай арнайы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауданымызда жастарға арналған ауыз толтырып айтатын ауқымды шаралар, маңызды істер атқарылды. Мәдени, спорттық іс-шаралар, түрлі байқаулар, концерттік бағдарламалар, сонымен қатар, сан сала бойынша түрлі акция аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асты. Ашығын айтқанда, осы жылды тұтастай өскелең ұрпаққа арнау – Елбасының сарабдал саясатынан, кемеңгерлігінен оның жастарға деген назарының ерекше екенін анық аңғаруымызға болады.
Жаңа жылдың қарсаңында өткен 12 айға ешқандай өкпеміз жоқ. Керісінше, жетістікке толы жемісті жыл деуге әбден негіз бар. Біз тек аудан көлемінде ғана емес, сонымен қатар облыстық деңгейде де белсенділік таныттық. Жақында ғана аудан жастары «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XV еңбек маусымының жабылу рәсімінде «UZDIK KOMANDIR» номинациясы бойынша марапатталды. Негізінде, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақшылардың қатарын жыл санап артып келеді. Мәселен, 2017 жылы – 30 адам, 2018 жылы – 50 адам, 2019 жылы – 80 адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, осындай еңбек сүйгіш жасақшылармен бірігіп, «Ағаш ексең аялап, басыңда болар саябақ», «Жастар таза қала үшін», «Гүлдене бер, туған ел!», «Таза аймақ», «Таза Қарасай», атты тазалық жұмыстары жүргізілді және жалпы республикалық «Бірге – Таза Қазақстан!» экологиялық акциясына қосылып, тазалық жұмыстары атқарылды. Міне, осындай игі бастамалардың арқасында кемел келешектің өкілдері белсенді қырларынан тағы көрінді.
Тағы бір ерекше атап айтар осы жылдың жетістігі – ол аудан ішінде жүзеге асқан көптің көңіліне ұнамды бағыты айқан бастамалар. Соларға толығырақ тоқталып кетсем деймін.
• Аудан әкімінің қолдауымен «Жастар саябағы» бой көтерді.
• Ауданның өнерпаздарынан құралған жастар театры ашылды.
• «Ұлт ұстазы-2019» атты республикалық байқауы өтіп, осы дәрежемен Қарасай ауданының ұстаздары марапатталды.
• «Жетісу еріктілері – 2019» облыстық жас еріктілер слетінде «Аяжан» колледжінің еріктілері үздік атанып, «Үздік еріктілер командасы» атты номинацияға және арнайы қаржылай сертификатқа ие болды.
• «Үшқоңыр» орта мектеп-гимназиясында «Аргумент» дебат клубы «Gymnasium cup ІҮ» турнирі ұйымдастырылды.
• Қасиетті Қарасай ауданының 90 жылдығының аясында «Атамекен тарихи-мәдени орталығының» аумағына 90 раушан гүл егілді.
• Облыстық «Жас отау» отбасылар байқауына қатысқан Қарасай ауданының жас отбасылары арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
• Шамалған ауылында іргетасы қаланған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы ашып берген «Úshqońyr» спорт кешенінде аудандық «Айбын» мәдени-патриоттық, спорттық ойыны өтті.
• Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Дарындар іске!» атты облыстық өнер шығармашылығы байқауында «Үздік Қолөнер» шебері атанған қарасайлық қолөнерші Назерке Торпакова марапатқа ие болды.
• Алматы облысы көлемінде өткен «Біз, жемқорлыққа қарсымыз!» деп аталған видео-ролик байқауында Шамалған ауылының Су шаруашылық колледжінің 1 курс студенті Илья Омельченко 3 орынға лайық деп танылды.
• «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мен аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында Қаскелең көмекші мектеп-интернатында «Балаларға қуаныш сыйла» қайырымдылық акциясында белсенділік танытып, балаларға қуаныш сыйлады.
• Ағымдағы жылдың 30 қазан күні ауданымызда алғашқы КТА лигасының тұсаукесері кесіліп, «Маусымашар-2019» ойыны өтті.
• Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру және мемлекеттік бағдарламаларды облыс жастары арасында түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихат тобының жұмыс жоспарына сәйкес, жұмыссыз жүрген жастарға арналған Қарасай ауданында «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
• Алтын ауыл орта мектебінде аудан жастары арасында «Talantty jastar» республикалық өнер-білім байқауы өткізілді.
• Қаскелең қаласы, аудандық «Жастар саябағында» «Бірге – таза Қазақстан!» акциясы аясында «Көрікті, көркем қалам» атты іс шара өтті. Айтулы шарада алдымен, ырғақты әуенге студенттер флешмоб билеп, ақын Серік Қалиев бастаған бір топ мектеп оқушылары ұлы Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа оқыды.
Жетістітің жолында сәні мен салтанаты жарасқан Жастар жылы осындай ерекшеліктерімен есте қалды. Ауданның айбынды жастары үшін тағы бір көңіл қуантарлық жаңалықтың бірі – Алматы облысы әкімдігі мен аудан әкімдігінің қолдауымен 2020 жылы ауданымызда арнайы жастар ресурстық орталығының салынуы. Біздің мақсат – жастарды жарқын жолға жетелеп, «Болашақ жастардың қолында» деген сөздің айқын дәлелі болу. Біз, аудан жастары, Отан үшін, егеменді ел үшін, ұлан байтақ жер үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.
* * *
Мұнан бөлек жастар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарынан аудандық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция инспекторы Жұлдыз Бисембаева ақпарат берді. Атап айтқанда, биыл жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 51 қылмыстық іс қозғалып, 20 бала тіркеуге алынған. Оның көпшілігі өзге аймақтан келген колледж студенттері екен. Статистикаға сүйенсек, аталған құқық бұзушылықтар көбіне «Алматы-Бішкек» күре жолында орналасқан «Апорт» ойын-сауық орталығында көптеп орын алатын көрінеді. Балалардың білместікпен жасаған істері арнайы комиссияда қаралып, ата-аналарына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 3-тармағының 127-бабына сәйкес жауапқа тартылады. Сонымен қатар, ауданымыздың құқық қорғау органдарының қызметкерлері қылмыстық істердің алдын алу үшін де тұрақты түрде түрлі шаралар өткізіп тұрады.
Баяндамашыларды толықтай тыңдаған аудан басшысы қанағаттандырарлық деген бағасын беріп, жаңа жылдық жоспарларына қатысты бірнеше ұсынысын білдірді.
– Бүгінгі жастар білімді, саналы, патриоттық рухы мол, еңбекқор болуы керек. Өйткені олар – еркін елдің ертеңі. Жалпы, елімізде жүзеге асырылып жатқан жастар саясатының да негізгі мақсаты осы. Сол себептен біздің қарасайлық жас мамандар да өздерінің жақсы жұмыстарымен алдан көрініп, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жолында ынталанып келеді. Биыл Жастар жылы деп жарияланғаны баршаңызға белгілі. Олар біздің болашымыз, сондықтан барлық бөлімдерді жастардың бастамаларына қолдау білдіруге шақырамын, – деді аудан әкімі.
Жалпы кеңесте жастар тарапынан қордаланып жүрген мәселелер мен олардың көкейлерінде жүрген сауалдар талқыға түсті. Ауданымыздағы жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді тәсілдерін нығайтуға қатысты кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып жатты. Жиын соңында Жандарбек Ермекұлы алдағы уақытта қазіргіден де жақсы нәтиже көрсетулеріне сәттілік тіледі.
Бұрым ОРЫНБАСАР.