Өткен аптаның жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде «Халықтық заңгер» атты жалпыреспубликалық акция өтті. «Параграф» ақпараттық жүйесі Zakon.kz желілік басылымымен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге ұйымдастырған іс-шара барысында, аудан, ауыл жұртының түйіткілді мәселелері тыңдалып, оны шешу жолдары қаралды. Атап айтсақ, аудан халқына консультациялық кеңес беру үшін 15 түрлі сала қызметкерлері қоғамдық қабылдау өткізді. Олардың ішінде сот, прокуратура, аудандық полиция басқармасы, жұмыспен қамту орталығы, сондай-ақ, білім, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, әділет басқармасы, сот актілерін орындаушылар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығының білікті мамандары бар. Аталмыш акцияның негізгі мақсатына тоқталар болсақ, ауылдық елді мекендердегі түрлі тұрмыстық жағдайларға байланысты сұрақтар мен түйіні тарқамаған мәселелерді жауапты сала өкілдерімен бірлесе шешу.
Шара барысында ауданымыздың заңгерлері мен адвокаттары және мемлекеттік органдардың өкілдері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетті. Атап айтқанда, бір азаматша осыдан үш жыл бұрын, яғни, 2016 жылы аудандық әкімдіктен жеке қолданысқа жерді екі жылға, яғни, 2018 жылға дейін жалға алған екен. Бірақ та жалға алу уақыты біткен кезде жеке басы мәселесімен оның мерзімін ұзартпай қалған. Енді ол қазір мерзімі өтіп кеткенін айтып, осы мәселені қалай шешуге болатынын сұрады. Ол кісінің сауалына ауданымыздың жекеменшік нотариусы жауап беріп, бұл жағдайда аудандық әкімдікке жалдау уақытын ұзарту туралы қайтадан өтініш жазу керектігін түсіндірді. Тағы бір тұрғын 2013 жылы жер алып, 2014 жылы онда үй тұрғызған. Бірақ, үй құжаттарын жасатуға барғанда ол жер шаруашылық кәсібіне берілгенін білгенін айтып, осы мәселені қалай шешуге болатынын сұрады. Тұрғынның сұрағына жер қатынастары бөлімінін маманы жауап беріп, бұл жағдайда ол кісінің үйі орналасқан аймақ елді мекен жерінің аумағына кіруін тосып, сонда ғана үйдің құжаттарын заңды түрде жасату керектігін айтты.
Тағы сол сияқты түрлі сала бойынша тұрғындар тарапынан сұрақтар мен мәселелер көтеріліп, оларға тиянақты жауаптар берілді. Халық арасында жиі кездесетін мәселелер тұрғын үй, көше жолдары, жәрдемақы бойынша заңдық тұрғыдағы көмектер де көрсетілді. Сонымен қатар, акция барысында аудан тұрғындары құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу мәселелерімен де жүгінді, соның ішінде негізгі мәселелер еңбек, тұрғын үй, жер заңнамасын бұзу бойынша да көптеген сұрақтар қойылды. Өтініштер бойынша түсіндіру сипатында толыққанды жауаптар беріліп, азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға тәжірибелі заңгерлер мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары тегін ақыл-кеңес, бағыт-бағдар берді.
Айта кетейік, мұндай акция 2013 жылдан бері барлық өңірде ұйымдастырылып келеді. Биылғы шара бір мезетте облысымыздың барлық аудандарында өткізілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.