Осы аптаның алғашқы күнінде елімізде алғаш рет ауылдық мектептердегі 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада болды. Оған Қазақстаннан 85401, оның ішінде Алматы облысынан 8684 оқушы қатысты. Білімділердің байқауы біздің ауданда да өткенін айта кету керек.
Аталған іс-шараға «2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданы ұйымдастыру және өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 12 қазандағы № 307 бұйрығы негіз болды.
Қарасай ауданында өткен олимпиада Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиядан салтанатты түрде өтті. Аудандық білім бөлімі әдістемелік орталығының басшысы Жанат Бегалиевтің айтуынша, бұл білім бәйгесіне 1645 қарасайлық жоғары сынып оқушылары қатысты. Олимпиада сұрақтарына оқушылар 43 мектепте жауап беруі тиіс. Бірінші күні ол ағылшын тілінде өтті. Сондай-ақ басқа да пәндер қамтылды. Бірінші кезең 30 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кету керек, Алматы облысындағы аудандардың ішінде олимпиадаға қатысушылардың ең көп саны екі ауданда тіркелді. Атап айтқанда, Іле ауданында – 2370, Қарасай ауданында 1645 оқушы болды.
Олимпиада бағдарламасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы алты пәнді, яғни математика, физика, химия, биология, информатика және географияны, сондай-ақ қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қазақ тілі мен әдебиетін, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілін, орыс тілі мен әдебиетін, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін, Қазақстан тарихын, құқық негіздерін және ағылшын тілі пәндерін қамтыды.
Бұл білім байқауындағы қатысушылар алғашқы, іріктеу және республикалық деп аталатын үш кезеңнен өтуі керек. Біріншісі 20 қарашада басталды. Ол аудандық деңгейде тұрақты интернет желісіне қосылған, дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда oqylyq.kz онлайн-платформасында өтті. Бұл жағдайда ережені сақтау қажет: бір қатысушы – бір компьютер – бір камера.
Желтоқсан айында өтетін олимпиаданың екінші кезеңіне ең жоғары балл жинаған қатысушыларының 35%-ы жіберіледі. Олардың тегі олимпиаданың ұйымдастыру комитетінің ресми ресурсында жарияланады. Оған Алматы облыстық білім басқармасы жауапты. Олимпиаданың тапсырмалары онлайн-платформада, ал шешімдері қағаз жүзінде ұсынылады.
Екінші кезеңнің жеңімпаздары жаратылыстану-математикалық немесе қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша олимпиаданың үшінші кезеңіне қатыса алады. Бұл сынақ 2024 жылдың қаңтарында өтеді деп жоспарлануда.
Тағы да айта кететін жайт, республикалық олимпиада ауыл мектептері оқушыларының теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдетуге, сондай-ақ дарынды балаларға жағдай жасауға бағытталған.
– Аудан мектептерінің оқушылары терең білім көрсетеді деп күтеміз. Алматы қаласында өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 22 қарасайлықтың 21-і жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар, Ж.Бәрібаев атындағы орта мектептің екі оқушысы облыстық олимпиадада басты жүлдеге ие болды. Бұл жолы да біздің жоғары сынып оқушылары жеңімпаздар қатарына енеді деп үміттенеміз, – дейді Қарасай аудандық білім бөлімі әдістемелік орталығының басшысы Жанат Телманұлы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.