Дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалының кезектен тыс ХХV конференциясы өткізілді. Алдымен конференцияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық филиал Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.
Мұнан кейін «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев сөз алып, бұрынғы филиал төрағасы Махаббат Бигелдиевтің осы орайда көп жақсы іс атқарғанын атап айта келе, оның атына жылы лебіз білдірді.
Сонымен қатар, облыс басшысы А. Баталовтың ұсынуымен, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М. Әшімбаевтың келісімімен аудандық филиал төрағалығына аудан әкімі Жандарбек Далабаевты ұсынатынын айтты.
Конференция делегаттары бұл ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс беріп, Жандарбек Ермекұлы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Аудан басшысы өзіне сенім білдірген делегаттарға рахметін айтып, алда да партия жұмысын жүйелі жүргізетінін жеткізді.
Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев Елбасы, партия төрағасы Н. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде тапсырылған міндет-мақсаттар жайында кеңінен баяндады.
Бұл ретте Ғалиасқар Төлендіұлы әр бастамаға жеке-жеке тоқталып, ол бойынша облыста атқарылып жатқан көптеген істерді айқындап, анықтап әңгімелеп берді. Сондай-ақ, қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалар туралы сөз қозғады.
Партия мүшелерін өз Көшбасшылары маңына тығыз топтасуға, аталған маңызды бастамаларды жүзеге асыруға үлестерін қосуға шақырды.
– «Нұр Отан» нақты істер партиясы, – деді ол атап айтқанда. – Елбасының өзі төрағалық ететін ол еліміздегі жетекші саяси күш ретінде тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында қыруар іс атқаруда.
Конференцияда сөйлеген аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов та Президенттің бес әлеуметтік бастамасының мән-маңызы жөнінде өзінің оңды пікірлерін ортаға салып, жақсы тілектерін білдірді.
Конференцияда қаралған мәселе бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.