Облыс көлемінде карантин жариялануына байланысты біздің Қарасай ауданы бойынша да шектеу шаралары күшейтілді. Аудан мен Қаскелең қаласына кіріп-шығу шектеліп, блок-бекеттер қойылды. Осындай тәртіптік қадағалауға байланысты осы аптаның сәрсенбісінде таңертең аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен аудандық полиция басқармасы қызметкерлері арнайы сап түзеді. Жауапты жұмыстарға қатысты міндеттерін нақтылаған тәртіп сақшылары жеке құрам ретінде бөлініп, Қаскелең қаласы мен ауданда орналасқан блок-бекеттердегі сақтық қызметтеріне аттанды.
– Каратинге байланысты аудан бойынша қажетті шаралар толықтай жүргізіліп жатыр. Сіздерге жүктелген міндет жеңіл емес. Өз жұмыстарыңызға жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Оның ішінде, әсіресе, себепсіз жаяу жүрген тұрғындар мен жеңіл автокөліктің қозғалыстарын шектеу қажет. Сіз бен біздің жұмысымыз нәтижесін берсе, осы жақсы іс оң шешімін табады. Бұндай апатты әлі ешкім басынан өткізген жоқ, сондықтан бұл сынақ барлығымызға қиындық туғызып тұр. Бәріміз бірігіп, күш салсақ бұл күндер де өтер, – деді Жандарбек Ермекұлы.
Аудан көшелерінде тәртіпті қадағалайтын патрульдік полиция қызметкерлерімен қоса атқарушы органдардың жауапты мамандары да бекітілді. Осыған сәйкес, тұрғындардың себепсіз көшелерде жүруін шектейтін жұмыстар толығымен басталды.
Еске сала кетейік, бүгіннен бастап қойылған бекеттерден төтенше жағдай кезінде рұқсат етілген мамандық иелері мен тіршілікті қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызметкерлері ғана арнайы анықтамалар арқылы өте алатын болады.
Өз тілшіміз.