Аудан басшысының кезекті тұрғындар алдындағы есептік жиыны осы аптаның сәрсенбісінде Әйтей ауылдық округінде өтіп, онда Жандарбек Далабаев жыл көлемінде атқарылған жұмыстар жайлы халық алдында есеп беріп, бағындырған белестер жайлы айтып, аталмыш округтің жұртшылығын мазалаған бірқатар мәселелерді талқылап, көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді.
Әйтей округіндегі Б.Қосынов атындағы орта мектепте өткен есептік кездесуге аудан әкімінің орынбасары, аудандық бірқатар бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Жиында аудан басшысы алдымен осы округте жүзеге асатын бірқатар істер жайында айтып өтті. Нақтырақ айтқанда, Жандарбек Ермекұлы былтырғы жылдан бері әйтейліктерді мазалаған мектеп мәселесі шешіліп, осы жылдың наурыз айында соңғы технологиялармен жабдықталған 1200 орындық білім ұясының қолданысқа берілетіндігін, сондай-ақ, Үштерек ауылында 600 орындық орта мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгендігін жеткізді. Сонымен қатар, тұрғындарды біраз жылдар бойы мазалаған су мәселесі жоспарға сәйкес шешілетіндігін және де округтегі «Өмірұзақ» тұрғын кешенінде екі қабатты 520 пәтерлі 130 «таунхаус» үйлері мен 900 орындық мектептің тұрғызылатындығын да айтып өтті.
Бұдан бөлек бұл жиында округ тұрғындары тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Мәселен, Үштерек ауылының тұрғыны Нұржан Мадияр амбулатория ғимараты мен жедел жәрдем көлігінің ескіргендігін жеткізді. Бұған аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Зарыққан Сатыбалдинова жауап беріп, келесі жылы ауданымызда 7 дәрігерлік амбулатория салынбақ екенін және де сол тізімге Әйтей ауылы да кіретіндігін түсіндірді. Сондай-ақ, ол биыл облыстан жаңа жедел жәрдем көліктері де бөлінетіндігін айтты. Ал, Сауыншы ауылының тұрғыны Қалыбай Дулатов ауылда қоғамдық көліктің жетіспегендігінен кішкентай балаларға да, үлкендерге де қалаға барып тұру қиын екенін айтты. Осы мәселе бойынша аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев жауап беріп, бүгінде «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-імен келісімге келіп, маршрутка жүретін жолдың сызбасы сызылып, жақында қоғамдық көліктің жүретінін жеткізді. Мұнан бөлек жиында әйтейліктер тарапынан көшелерде тас жол мен жарықтың, қоғамдық көліктің, балаларға арналған ойын мен спорт алаңы және де саябақтың жоқтығы сияқты бірқатар мәселелер көтеріліп, ортаға салынды. Жандарбек Ермекұлы жол мен жарық мәселесі де жоспарға сай шешілетіндігін, ал, қалған мәселелерді қарастырып, мүмкіндігінше шешімін табуды өзінің орынбасары мен тиісті бөлім басшыларына тапсырды.
Мұнан бөлек Жандарбек Ермекұлы жиында осы округтің аумағында орналасқан қоқыс полигонына қатысты сұраққа да жауап берді. Әйтейліктерге қолайсыздық әкелген мәселе бойынша бүгінде полигонның иесімен сөйлесіп, ауданның құқығын қорғау үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын да түсіндірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.