«Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – жанып тұрған шырақ» дегендей, өнерлі де білімді жастар – еліміздің ертеңі. Содан да сегіз қырлы, бір сырлы қазақ жастарын тәрбиелеу үшін баланың жан дүниесін өнердің алуан түрімен байыту қажет-ақ. Бала бойындағы қабілетті ашып, ізденіске жетелеуді бағыт еткен Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылындағы өнер мектебінің жұмысы жүйелі. Ашылғанына көп уақыт болмаса да мұнда ауданның барлық округінен келетін өнерлі балалар аймақтық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды алуда.
Өткен аптаның сейсенбісі күні аталған мектеп Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сәйкес өнерге таласы бар жасөспірімдерді насихаттау үшін «Жас музыкант» аудандық байқауын ұйымдастырды. Оған балаларға арналған музыка және өнер мектептерінің, Оқушылар сарайы жанындағы балалар музыка мектептерінің қазақ және орыс халық аспаптары (домбыра тенор, үш ішекті домбыра, қобыз прима, қыл қобыз, жетіген, шертер, баян, аккордеон, гитара) бөлімдерінің білім алушылары қатысты. Әр номинация бойынша қатысушылар 7-10, 11-13 және 14-17 жас санаттары бойынша өнер көрсетті.
Қазылар алқасына Қаскелең мәдениет колледжінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Президент стипендиясының иегері, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты Саят Ақбасов төрағалық етті. Қазылар алқасы құрамында, «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері Айман Матбуса және аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Жұлдыз Бейсенбаева болды.
Сайыс жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушы байқауға тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұрды. Жас өнерпаздар байқау талабы бойынша жақсы деңгейде көрсетіп, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, ерекше әсер сыйлады. Таңдаған шығармаларындағы қойған техникалық міндеттерін орындап қана қоймай, оның мағынасын тыңдаушыларға жеткізіп, сипаты мен идеясын жеткізе алды.
Оқушылардың дарыны мен қабілетінің артуына жол ашып, білімді де өнерлі ұл-қыздарды тәрбиелеу, олардың музыкаға деген қызығушылықтарын арттыруды мақсат еткен аудандық байқаудың қорытындысы бойынша бірнеше жеңімпаз анықталды. Нақтырақ айтқанда, дарындылар арасынан Шалқар өнер мектебінің түлектері Ерасыл Асылханұлы, Еркебұлан Серикбаев, Ақылбек Ельшубаев және № 1 балалар музыкалық мектебінің өнерпаздары Әмина Тоқтархан мен Айғаным Жүсіпназар жеңімпаздар атанды. Енді олар облыс көлемінде өтетін байқауға қатысатын болады.
Шара соңынла жеңімпаздар мен олардың жетекшілерін қазылар алқасы дипломдармен марапаттады.
Сан ғасырлық тарихы бар ұлтымыздың ұлы өнері ғасырлар қойнауына енген сайын құдіреті артып, айшықталып келеді. Шалқандағы өнер мектебінің ұйымдастырумен ауданымыздағы музыкалық және өнер мектептері арасында өткен осы «Жас музыкант» байқауы соның айқын көрінісі деуге болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.