Қарасай ауданының 90 жылдығына орай, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының аумағына, 90 раушан гүлі егілді. Бұл бастаманы көтеріп, ұйымдастырылуына ұйытқы болған – Шамалған ауылдық округінің әкімдігі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы. Айтулы шараның мақсаты жас буынның бойындағы патриоттық сезімді оятып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті оятуға негізделді. Қолға алынған мұндай игілікті іс туған жеріңе деген ыстық ықыласты білдіретіндігін тілге тиек еткен аудандық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев, жастардың жасаған жұмыстарына ризашылығын білдірді. Музей аумағына егілген гүлдердің әрқайсысын өз қолдарымен отырғызған жас жеткіншіктер, өмір нәрін берер су құйды.
Музей қызметкерлері де көркейту жұмыстарына өз үлестерін қосып, жастармен бірлесе ат салысты. Осы аталмыш мекеменің ғылыми жетекшісі Қыдыр Нұрқожа жастар жиі мәдени-тарихи орталыққа тазалық жұмыстарында жүргізіп тұратынын айтып, абаттандыруға үлес қосқандарына алғысын білдірді. Жаз келе жайқала түсер музей аумағының әсем гүлдері алдағы уақытта ауыл ажарына да көрік бермек.
Б. ЕРМЕКҚЫЗЫ.