Соңғы жылдары еліміздегі білім беру саласына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөліне бастады. Әлбетте, бұл ең бірінші кезекте Қазақстан азаматтарының келешегі мен бай-қуатты өмір сүру үшін жасалып жатқан ұтымды қадамдардың бірі. Алайда мемлекет қамқорлығынан бөлек, ел азаматтарының, оның ішінде жас буынның оқуға деген құштарлығы мен ата-аналардың терең түсіністігі де үлкен рөл ойнайтынын баса айта кеткен жөн. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру барлық саналы азаматтардың ұрпақ алдындағы бұлжымас міндеті деп санаймыз.
Биылдан бастап «CES for You» оқу орталықтарының барлық филиалында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасын іске қостық. Ондағы ойымыз өскелең ұрпақ пен алдыңғы толқын ағаларымыз, ата-әжелеріміздің арасында байланыс орнатсақ деген ниет еді. Осылайша жобаға қатысушы азаматтардың білімге деген құштарлығын ояту. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығына жол ашу.
Бүгінгі таңда ағылшын тілін үйренгісі келетін аға буын мен ағылшынды еркін меңгерген жастардың арасына көпір орнаттық. Қазірдің өзінде әр орталықта ата-апаларымыз топ-топ болып ағылшын тілін оқып жатыр.
Оқыту орта-лықтарымыз ағылшын тілін үйрету бағытында жұмыс істейтіндіктен, жобаның арнайы бағдарламасын әзірлеп шығардық. Оның тұсауын кесу мақсатында арнайы іс-шара ұйымдастырып, құрметті қонақ ретінде облысқа танымал, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Сейтқали-қажы Ыбытаевты арнайы шақыртып, жобаның тұсауын кестік. Бұл енді өз алдына бөлек бір әңгіме дегім келеді.
Әлемнің бірқатар елінде, айталық, АҚШ пен Жапонияда осындай әдістер қанша жылдан бері іске асып келеді. Яғни, бұл тәсіл де білім беру саласындағы өте тиімді құралдардың бірі ретінде мойындалған. Сондықтан да осы жобаға үлес қосамын, қатысамын деген аға-апаларымыз үшін біздің оқу орталықтарының есігі айқара ашық екенін жеткізгім келеді. Біздің ұстаздар тегін қызмет көрсетеді. Әрі тіл үйрену бағытындағы барлық сауалдарыңызға жауап беруге дайын.
Ағылшын тілінде жер шарындағы халықтардың басым бөлігі сөйлейді. Бұл тіл ғылымның, технологияның тіліне айналғалы қашан. Өркениетті елдердің қатарында болғымыз келсе, мұндай фактілерді бізге де ескеру керек. Оны жай ұғынып қана қоймай, саналы түрде түсініп, нақты қадамдарға көшкен дұрыс деп санаймын.
Айгүл ҚАНАТҚЫЗЫ,
«CES for You» оқу орталығының құрылтайшысы,
«Білім – күш» қорының төрайымы.