Тәуелсіздігіміздің бірден-бір айғағы Конституция екені белгілі. Ата Заңымызда біздің адами құндылығымыз бен бостандығымыз қамтылып, құқықтық нормаларымыз сақталатыны да өздеріңізге мәлім.
Кемел келешектің кепіліне айналатын Конституциямызға арналған мейрам біздің елімізде 30 тамыз күні республика көлемінде аталып өтіледі. Айтулы мереке күніне орай, жақында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, жас қарасайлықтар арасында еркін тақырыпта эссе жазылды. Мереке күнінің қарсаңында өткен бұл іс-шара аудандық орталық кітапханада өткізілді.
Шара барысында алдымен жастар ресурстық орталығының маманы Айжан Балажанова мен Жандосов ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Альмира Кудагельдинова Конституция жайында азды-кем ақпараттарымен бөлісіп, бүгінгі эссе жазудың шартын таныстырды. Сонымен қатар, осындай айтулы сәтте жақында өткен Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған диктанттың нәтижесі бойынша үздік деп танылғандар марапатталды. Атап айтсақ, І орынға Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептен Меруерт Бельхожаева, ІІ орынға А.Пушкин атындағы орта мектептен Жансая Ерболатова сынды бастауыш сынып мұғалімдері ие болса, ал, ІІІ орын Жандосов ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушысы Альмира Кудагельдиноваға бұйырды. Сонымен, қарасайлық жастар Конституция күніне орай еркін тақырыпта эссе жазудан өз қабілеттіліктерін жан-жақты таныта білді. Әркім өз пайымдауынша Ата Заңымыз жайлы ойларын қағаз бетіне түсіріп, мереке күнінің маңыздылығын, құндылығын сипаттап жазды.
Жеке көзқарасты мәтінге негізделген бұл жазбаның нәтижесі алдағы күндерде анықталып, ұшқыр ойларын танытқан үздіктер қатары арнайы марапаттарға ие болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.