Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс елді мекенінің тұрғыны Дастан Есенғазиевті бірер ай бұрын тауда жолықтырған едік. Жайлауға жасаған сапарымызда қарсы бағытта екі дөңгелекті көлігімен келе жатқан азамат жанымыздан өтіп кетпей, тоқтап, танымаса да ізет сақтап сәлем берді.
Дастан бірнеше жылдан бері атакәсіппен айналысады екен. «Дулат» атты қожалығын құрып, шаруасын дөңгелетіп отырған іскер жан жыл сайын жазда малын жайлауға шығарады. Кішісаз жайлауы төрт түлікке өте қолайлы қоныс екенін айтады ол. Салқын ауасы, көк майсасы малдың күйін тез көтереді. Малшы қауымына да өте ыңғайлы. Күн шықпай ерте өргізіп жіберіп, күні бойы төбеден бақылап қойып, басқа тірлігін жасай береді. Майбұлақ сайындағы бастаудан шығып жатқан тұнық су жазда шөліңді басады.
Дастан осындай көрікті мекенде 4-5 айдай малын қоңдатады. Көктөбенің етегіне жылда үй тігеді. Биыл жайлауға 600-ге жуық қазақы тұқымды қойын шығарыпты. Әңгіме барысында оның шопандар әулетінен екенін білдік. Кезінде атасы Ұларбек 40 жыл «Ұзынағаш» кеңшарының қойын бағыпты. Ақтылы қойды өз төлі есебінен өсірген алдыңғы қатарлы аға шопан дәл осы орында – Көктөбенің етегінде отырыпты. Өкінішке орай 1981 жылы астындағы атына найзағай түсіп, қайтыс болған.
Атасының жұртында енді немересі атакәсіпті лайықты жалғастыруда. Астындағы жүрдек көлігімен тауға лезде барады. Бүгінде мотоцикл дегеніңіз мал ұстайтын ағайынға таптырмас көлікке айналды. Жанармайды көп қажет етпейді, баратын жеріңе жылдам апарады. Бұған Дастан да үйреніп алды. Жаз айларында ауылдан тауға күн құрғатпай қатынайды. Дастан өзімен қоса тағы екі азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ауылдас досы Шыңғыс Исаев пен малшысы Мұрат Бәйке аталған қожалықта еңбек етеді. Шыңғыстың отбасында үш баласы бар, бұйырған нәсібін осы шаруашылықтан тауып жүр. Ал қырғыз ағайын Мұрат болса тәжірибелі шопан, қой бағудың асқан шебері.
Әдетте жайлауға шыққандар мұнда ауа райына, жердің отына байланысты қоңыр күзге дейін, шамамен қыркүйектің аяғы, қазанның басына дейін отырады. Өйткені күзгі жаңбырдан соң жер қайта көктейді. Бірақ биылғы құрғақшылықтан шөптің шығымы өте төмен, жазда тауда да күн ыстық болған еді. Жаздың ыстығынан тақырланған жайлау күзгі жаңбырдан кейін қайта көктеді. Тауға алғашқы қар да түсті. Бұл күнде ондағы малшы қауымы киіз үйін жығып, малын қыстауға қарай жақындатқан.
Суретте: «Дулат» шаруа қожалығының төрағасы Дастан Есенғазиев.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жаңақұрылыс ауылы,
Жамбыл ауданы.