Қазіргі таңда Алматы облысы республикалық өнеркәсіп өндірісі көлемінің 40-қа жуық пайызын құрап отыр. Ол, әрине, Жетісу жеріндегі аудандар мен қалалардағы кәсіпкерлік саласының қарқын алып, шағын және орта бизнестің қанат жаюының, жергілікті атқарушы биліктің инвесторларды ел игілігі үшін тартуының жарқын көрінісі. Әлбетте, бұл жер жәннатын мекендеген халықтың жетістікке жетелеген жолының соңы болмауы керек. Керісінше, жүйелі жолға қойылған істі жандандырып, көрсеткіштер көлемін ұлғайта түсу – бүгінгі басты міндеттердің маңыздысы болып қала бермек. Өйткені, сол арқылы жұртшылықтың да жағдайы жақсарып, әл-ауқаты арта бермек. Осыған орай, барлық аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысын бағамдауға бағытталған жұмыс сапарын бастап кеткен облыс әкімі Амандық Баталов кеше қазыналы Қарасай жеріне ат басын тіреді. Өңір басшысымен бірге еріп келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов бастаған тиісті мекеме басшыларын аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы өз жұмыс командасымен қарсы алды.
Амандық Ғаббасұлы ауданымызды аралауды Елбасының туған жері Үшқоңыр ауылынан бастады. Ауыл халқының атынан округтік ардагерлер ұйымының төрағасы Яя Ишигов пен Президенттің сыныптасы Күләш Әмірова сол жерден табылып, өңір басшысына Үшқоңыр ауылының жыл санап өркендеп, жолдары жөнделіп, жаңа нысандар бой көтеріп, халқының әл-ауқатының арта түсуіне қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыстарын білдірді. Бұл ретте Амандық Ғаббасұлы биыл осы елді мекеннің ортасындағы негізгі жолға күрделі жөндеу жүргізіліп, кеңейтілетінін, жарықтандырылуы да жақсарып, аялдамалар жаңарып, жергілікті халықтың арлы-берлі қатынауына айтарлықтай жағдай жасалатынын тілге тиек етті. Бұл жұмыстарды «ДРСУ-8» мекемесі жүзеге асыратын болады. Ол үшін облыстық бюджеттен 754 млн.теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, осы жерде «Казавтожол» басқармасының Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Қ.Искендировтың айтқанынан мәлім болғанындай, биыл ауданымыздағы «Апорт» ойын-сауық орталығынан бастап, Райымбек ауылына бұрылатын бұрылысқа дейінгі жол түгелдей толығымен қайта жаңғыртылмақ. Он жолақтың трасса пайда болып, енді қарасайлықтар Алматыға қатынаудағы күрделі мәселеге айналған кептеліс азабынан құтылатын болады. Жол құрылысы биыл жазда қолға алынып, келесі жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Келесі кезекте жиналғандар бет алған нысан Үшқоңыр ауылындағы мәдени-қоғамдық орталық болды. Аталған орталықта, әкімшілік ғимараттарының жоқтығынан, қазір аудандық статистика басқармасы мен ветеринария бөлімі қызметкерлері қоныстанған. Облыс басшысы аудан әкімінің тарапынан айтылған ұсынысқа оң қабақ танытып, аталған ғимараттың ішкі құрылымын әкімшілік кеңселерге лайықты етіп қайта жасау қажеттігін айтты.
Әрі қарай, Амандық Ғаббасұлының ауданымыздағы жұмыс сапары Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылында жалғасты. Осы ауылда жұмыртқа өндірумен айналысатын «Alsad Kazakhstan» ЖШС бар. Құс фабрикасы, толығымен автоматтандырылған, балапандарға арналған 4 және жұмыртқалайтын тауықтарға арналған 12 бөліктерден тұрады. 2012 жылы негізі қаланған өндіріс орны қазір қуаттылығын екі есеге ұлғайтып, жылына 165 млн. жұмыртқа шығару мүмкіндігіне ие. Мұнда 260 адам еңбек етуде. Облыс әкімі іс барысын түгелдей фабрика басшысы Дияр Медеубековтың өз аузынан естіп, әсіресе, осыдан төрт жыл бұрын «Жыл таңдауы – 2013» байқауының жүлдегері атанған мекеменің қарқыны қатайып, тауарларының алыс-жақын шетелдерге импортталып, қазақстандық өндірістің өрісін арттырып жүргеніне ризашылығын білдірді. Еңбек ұжымына сәттілік тілеп, алда да осы қарқыннан танбауды тапсырды.
Мұнан кейін, жұмыс тобы Елтай ауылындағы «Алматинский продукт» ЖШС-де болды. Бұл көпсалалы кондитерлік фабриканың жоспарлы қуаттылығы жылына 13 мың тонна дайын өнім өндіру. Былтыр осында 2,5 млрд. теңгенің тәттілері шығарылған. Жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізілген фабрикада қазір печенье, карамель, құрғақ таңғы ас және тағы да басқа тәтті-дәмділердің 250-ден астам түрі дайындалады. 1000-ға жуық адам еңбек ететін мекеме жыл сайын «Жол картасы – 2020» және «Өнімділік – 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы бизнесті қолдау мүмкіндіктеріне ие болып келеді. Амандық Ғаббасұлы мұндағы іс барысына да жақсы бағасын беріп, әсіресе, Қазақстандағы түрлі қалалардың атауымен шығатын кәмпиттерге ыстық ықылас білдірді. Яғни, қазірдің өзінде Алматы, Астана, Атырау, Қарағанды, Талдықорған сияқты тағы да басқа көптеген шаһарлардың атын айдар қылған тәттілер өзге елдерде мемлекетіміздегі отандық өндірістің қанат жайғанын айқындап жүр. Жақында Қазақстанда теңдесі жоқ тағы бір цехты іске қосуды жоспарлап отырғандығын айтқан ЖШС бас директоры Азиз Алимкуловқа облыс әкімі болашақта бұл жаққа Үлкен Алматы айналма жолы түсетінін, заводтың жақсы индустриялық аймаққа орналасқанын алға тартып, ұтымды мақсат-міндеттерді басшылыққа алып, жұмыстарды жандандыра беру қажеттігін айтты.
Өңір басшысының ауданымыздағы жұмыс сапары Елтай округіндегі Жармұхамбет ауылында орналасқан шыны шығаратын зауытта түйінделді. Мұнда келген қонақтарды қарсы алған өндіріс орнының бас директоры Азим Абдуллаев зауытты түгел аралатып, инвестиция тарту арқылы іске қосылған, жобалық құны 11 млрд. теңгені құрайтын, бәсекеге қабілетті, болашағы зор кәсіпорынның жай-жапсарымен таныстырды. Мұнда өнімнің сапасын бақылау жүйесі іске қосылғандықтан, зауыт өз тауарының әлемдік сапа эталонына сәйкес келетініне кепіл береді, сонымен қатар, түрлі пішіндегі, тіпті, эксклюзивті бөтелкелер шығаруға тапсырыс ала алады. Алайда, қазіргі таңда 460 жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отырған зауыттың жұмысына тосқауыл болып отырған біраз кедергілер де бар болып шықты. Олар негізінен, электр энергиясының әлсіздігіне және кәріз жүйесіне қатысты екен. Мән-жайға қаныққан облыс әкімі олардың басты назарға алынатынын, мұндай ерекше іске ден қойып, отандық өндіріске өзіндік үлес қосып жатқан нысандарға барынша көңіл бөлінетіндігін жеткізді.
Соңында, БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында, Амандық Ғаббасұлы жұмыс сапарына негізінен көңілі толғандығын айтты. Қарасай ауданы облыс бюджетіне айтарлықтай қор беріп отырған, жыл санап әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсіп, дамып келе жатқан аудандардың бірі. Осы нысандарды аралап көріп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысу барысында жергілікті атқарушы органдардың шағын және орта бизнес саласы өкілдерімен жан-жақты әрі жақсы байланысын көріп, риза болғанын әңгіме арқауына айналдырған өңір басшысы атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, алда да осы қарқыннан танбай, Елбасы айтқандай, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетіп, инвесторлар тарту қажеттігін алға тартты.
Атлана ИСАЕВА,
Клара КӨПБАЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.