Аудан аумағында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі екі адамның коронавирусты жұқтырғаны жақында белгілі болған еді. Көршілердің қауіпсіздігі әрі індеттің таралуына тосқауыл болу мақсатында аталған тұрғын үй 14 күнге карантинге жабылған болатын. Қазір мұнда барлық сақтық шаралары қамтылып, жауапты мамандардың қатаң бақылауында. Сонымен қатар, тұрғындардың күнкөріс жағдайын қамтамасыз ету жағы басты назарға алынған. Мәселен, өткен аптаның сенбісінде Алматы облысы әкімдігі тарапынан 240 пәтерге арнайы азық-түлік таратылды. Аталған көмек алдымен көп балалы мен аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға және жұмыссыз адамдарға берілді. Әкімдік өкілдігі өз сөзінде, «бұл тек бастамасы ғана, мұндай қолдау әлі де жалғасын табады» деген еді. Айтқандай-ақ, осы аптада қосымша тағы азық-түлік көмекке зәру 140-қа жуық отбасыға берілді.
Жоғарыда көрсетілген азық-түлік жиынтықтарын әрбір пәтердің есігіне дейін жеткізуге облыстық Жастар ісі жөніндегі басқармасы, аудандық Жастар ресурстық орталығы, аудандық «Nur Otan» партиясының өкілдері, «Мейірімді-Жетісу» фронт-офисінің еріктілері, сондай-ақ, тұрғын үй кешеннің белсенділері де барынша көмектерін көрсетті. Ал, тұрғындар өз кезегінде облыс және аудан әкімдіктерінің бастамасымен жүзеге асып жатқан осындай қолдауларға өздерінің алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде. Айта кету керек, бұндай қайырымдылық шаралары әрі қарай өзге де аудандарда жалғасатын болады.
Өз тілшіміз.