Алматының іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын кешенінің халқы айта-айта шаршаған бір ғана мәселе бар. Ол – мектептің жоқтығы.
Бұл жердегі білім ошағының құрылысы 2021 жылы басталған. Бірнеше жыл өтсе де мектептің бой көтеруі ұзаққа созылып кетті. Біз жалпы дәл осы «Асыл арман» мектебі бойынша бірнеше рет жазып, жалпақ жұртқа жария еткенбіз. Нысанның аумағына әр барғанымыз сайын құрылысқа тапсырыс беруші компания басшылығы тарапынан түрлі жауап естіп келеміз. Осы апта тағы да «Advennto» ЖШС-нің директоры Ержан Майлыбаевпен жолығып, ғимараттың келешегіне қатысты мән-жайды білдік.
«Асыл арман» тұрғын үй кешеніне алғаш пәтер иелері қоныстанған сәттен бастап мектептің жоқтығы өзекті мәселеге айналған. Көптің өтініші негізінде 2021 жылы жеке инвестордың бастамасымен білім шаңырағының алғаш қазығы қағылған болатын. Алайда арада үш жылдан астам уақыт өтсе де ғимараттың бой көтеруі қиынға соғуда. Қазіргі таңда мұндағы көп қабатты тұрғын үйдің балалары жақын маңдағы елді мекенге арнайы қоғамдық көлікпен тасымалдану арқылы білім алуда. Ал кейбірі ата-аналарының көмегімен Алматы қаласында оқып жүр. Тасымалдау демекші, осыған жауапты автобус жақында осы тұрғын үй кешенінің аумағында 7 жастағы оқушыны абайсызда басып кетіп, қайғылы оқиға орын алды. Жергілікті халықтың айтуынша, бәлкім, мұнда мектеп болғанда оқушының өлімі орын алмас та еді. Елді елең еткізген осы жағдайдан кейін мектепке қатысты бірнеше ақпарат тарап, назардағы нысанның аяқталу мерзімі де белгіленіпті. Бұл деректің анық-қанығына көз жеткізу үшін жақында құрылыс алаңына тағы да арнайы бардық.
Салынып жатқан мектептің қазіргі жағдайы бұрынғыға қарағанда көңіл қуантарлықтай. Іргетасы бекіп, қабырғалары қаланған. Тіпті, терезелері орнатылған. Жұмысшылардың да саны біршама. Ішкі және сыртқы жұмыстарына да көңіл бөлінген. Әдеттегідей, құрылыстың тапсырыс берушісі – «Advennto» ЖШС-нің директоры Ержан Майлыбаевқа көптің көкейінде жүрген сұрақты төтесінен қойдық.
– Ержан мырза, біз Сізбен кездесіп тұрғанымыз бірінші рет емес. Әр кездескенімізде мектептің бітуіне қатысты түрлі ақпарат айттық. Қазір мектептің жай-күйі жаман емес сияқты. Енді осы білім ұясын толығымен қашан қолданысқа беруді жоспарлап отырсыз?
– Өткенде орын алған қайғылы жағдайды білемін. Қиын жағдайға тап болған отбасыға қайғыра көңіл айтамын. Өте өкінішті, әрине. Осы оқиғадан кейін мұндағы құрылыстың қарқыны арта түсті. Облыс әкімі өз қолдауын білдіріп жатыр.
Қазір қыс мезгілі болғандықтан, құрылыстың жүруіне біраз кедергі бар. Дегенмен қолдан келетін жұмыстарды тоқтатпай, барынша күш салып істеп жатырмыз. Барлығы ойдағыдай болса, осы жылдың мамыр айында мектепті бітіреміз деген жоспарымыз бар.
– Құрылыс жұмыстарының осы уақытқа дейін тежелуіне не себеп болды?
– Ең алғашында пандемияның салдарынан біраз уақыт жоғалттық. Одан бөлек кейінгі жылдары Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың әсері де болды. Өйткені Ресейге салынған санкцияға байланысты құрылыс материалдарының бағасында өзгерістер көп болды. Қажетті жабдықтарды қайта есептеуге тура келді. Инвесторлармен де келіссөздер ұзаққа созылып кетті. Осындай басты себептері болды. Бірақ ойлағанымыздай жұмысты тоқтатпауға тырыстық.
– Қазіргі уақытта құрылыстың қарқыны қалай?
– Шамамен 70%-ға жұмыс аяқталды деуге болады. Терезелерінің бәрін жақында орнатамыз. Күн жылығында ішкі жұмыстарына көп күш саламыз. Ауа райы қолайлы болса, уақтылы бітіреміз деген жоспарымыз бар.
Мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта құрылыстың басы-қасында 200 шақты адам еңбек етуде. Техникалар саны жеткілікті көрінеді. Наурыз айында, яғни күн жылығында жұмысты жеделдетуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі үш қабатты бұл білім шаңырағы «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясында салынуда. Оқушыларға арналған бір ауысымдағы орын саны – 2000.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.