Өткен аптаның соңы, яғни, 16 мамырда мемлекетіміз бойынша Халықаралық музейлер күні аталып өтілді. Игі мерекенің маңызды бір тұсы – музей түні деп аталды. Ондай іс-шараны Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінде де ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Биылғы «Музейдегі түнгі үн» деп аталатын жиынға Абай мектеп-гимназиясының өнерпаздары мен хор, эстрада әндерін орындайтын балалар келіп, жиналғандарға өнерлерін паш еткен болатын. Ал, бұл басқосу ең алдымен аталмыш музейдің директоры Серік Қалиевтің бастауымен болып, оған «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы және басқа да аудан, қала тұрғындары қатысты. Келген қонақтар кезекпе-кезек сөз алып, музейдің көркейіп, өркендеуін тілеп, қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Мұндағы жиынның басты ерекшелігі – Абай мектеп-гимназиясының үлкен сыйы болды. Білім беру ұжымы музейге асықтан жасалынған алтын түсті жылқы алып келіп, тарихи тағылымы мол музейдің мәртебесін көтерді!
Бақдаулет ТАЛИПОВ.