Жекеменшіктің қолындағы Қаскелең қаласындағы өнер мектебі сатылды. Бұл ақпаратты ести сала, анық-қанығына көз жеткізу үшін нысанның қазіргі қожайыны Нұртаза Елеусізовпен тілдесіп, мән-жайды сұрастырған едік. Белгілі болғандай, тозығы жеткен ғимарат қайта жаңғыртылып, болашақта білім ошағына айналмақ.
Кәсіпкердің сөзіне сүйенсек, жаңа мектеп 590 оқушыға арналады. 4 мың шаршы метрді қамтитын білім ошағы үш қабатты болмақ. Қазіргі уақытта ғимараттың құжаттарына қатысты жұмыстар реттеліп, мектептің құрылысымен айналысатын мердігер мекеме қарастырылуда. Сондай-ақ мектептің бой көтеруіне қаражат жеткіліксіз болғандықтан, банк арқылы несие рәсімдеу жағы қолға алынып жатыр.
Айта кетейік, Қаскелеңдегі өнер мектебінің іргетасы 1969 жылы қаланған. Алғаш ашылғанда тек музыка бөлімшесінен тұрған. Уақыт өте келе дамып, білікті шәкірттер түлеп ұшқан мәдени ошаққа айналды. Музыка саласында білім беруде үлкен табыстарға жетіп, аудан тарихында айтарлықтай із қалдырды. Шағын өнер ордасын 1993 жылдан бастап Мәдениет саласының үздігі, күйші, композитор Дүйсебай Шаштайұлы басқарды. 2000 жылы мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болмағандықтан, жекеменшікке өтіп, «Серпін» ЖШС-не тиесілі болған. Алайда мәдениет бағытындағы жұмысын тоқтатпаған.
Өз тілшіміз.