ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Алматы облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолға алуымен осы жылдың қыркүйек-қараша айларыда аудандар мен қалалардың ұсынған ауылдарында «Рухани керуен» жобасының ІІ кезеңін өткізу жоспарланған еді. Осы бір игі бастаманы аудан әкімдігі де назардан тыс қалдырмай, ауданымызға қарасты Шамалған және Райымбек ауылдық оркугтерінде аталмыш жоба жұмысын ұйымдастырды. Оған Алматы облысының басқарма басшыларынан, дін саласындағы білікті мамандардан, қоғамдық бірлестік мүшелерінен құралған зиялы қауым өкілдері келіп, аталмыш округтерде жоба аясында атқарылатын іс-шараларға қатысты.
«Дені сау ұрпақ – ел болашағы» атты тақырыптың төңірегінде Шамалған ауылының ауруханасында дінтанушы Гүлнұр Жанатпен кездесу болды. Аудандық аурухана дәрігерлерінің қатысуымен өткен жиында дін мен денсаулық сақтау саласына қатысты ойлар қозғалды. Діни себептермен екпе, қан құю сияқты медициналық қызметтерден бас тартатын азаматтармен ашық әңгіме жүргізілді. Жиналғандардың басым көпшілігі екпе ектіруге қарсы емес екендерін айтты. Алайда, оның кері әсерін көріп жатқан соң, бас тартуға мәжбүр екен. Мысалы, кейбір ата-аналардың балалары вакцина салдарынан басқа да ауруға шалдығып, зиянын көріп жатқандарын жеткізді. Көбісінің көкейінде «сол бір екпесіз-ақ емделуге болмас па екен?» деген сауал тұрды. Оған аудандық дәрігерлер жан-жақты медициналық тұрғыдан жауап қайтарды. Ал, дін жолында жүрген тұрғындардың медицина қызметінен бас тартуы қызу пікірталасқа ұласты. Дінтанушы Гүлнұр Жанат Алла елшісі Мұхаммед (с.а.ғ) пайғамбардың хадистерімен дәлел келтіріп, ол заманда да медицина болғандығын түсіндірді. Сондай-ақ, «біздің өз Ата заңымыз бар, оған бағыну – әр азаматтың міндеті. Сол сияқты медицина саласынан да әр қазақстандықтарға қояр талаптар бар. Бәрінің де түпкі мақсаты – ұлт болашағы, саламатты өмірді қалыптастыру» деген тұщымды ойлар да айтылды.
«Рухани керуен» жобасы бойынша келесі іс-шара Шамалған ауылына қарасты «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінде» өтті. Аталмыш мекемеде «Рухани жаңғыру: ұлт келбеті – жастарға бағыт» атты жастармен кездесу ұйымдастырылды. Ертеңгі елдің болашағы – жастарға арналған рухани жиын аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәдина Нұрланованың басшылығымен өтті. Тыңдаушыларға маңызды ақпараттар беру мен көңілге түрлі ой салу үшін құрметті қонақтар да шақырылды. Солардың алғашқысы болып сөз алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының PhD докторы Руслан Сейтқазиев адамзаттың рухы мен дүние жаратылысы жайында жастармен ғылыми мағлұматтарымен бөлісті. Сөз арасында жаман әдеттен аулақ болып, жақсы істерге бастамашы болатындай жастар арасында жақсы насихат жүргізді. Ал, христиандық және басқа діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы Сағыныш Жаңабай жастарды діни сауаттылыққа шақырды. Және ел арасында іріткі салушы жат ағымдардан сақтанып, саналы ұрпақ болуға үндеді. Осылайша жиналған ерікті жастар білікті мамандардың айтқандарынан рухани азық аларлықтай насихат алды. Керемет кездесудің нүктесі «Рухани керуен» жобасына арналған концерттік бағдарламамен түйінделді. Сүйінбай атындағы облыстық филормонияның әншілері мен аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған өнерпаздардың, сондай-ақ, республикалық «Мен қазақпын» мега жобасының жүлдегерлерінің өнерлері көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлады. Аталмыш жоба аясындағы тағы бір жиын Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әмина Абдраманованың төрағалығымен өткен жиын рухты, тағылымы мол әңгімеге жалғасты. Дөңгелек үстелде бас қосқандардың қатарында ауданымызға қарасты мешіт имамдары мен діни бірлестік жетекшілері болды. ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Наржанов Қуаныш алғашқылардың бірі болып сөз сөйледі. Ол Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан заң шеңберінен шықпай, ата-дәстүрімізді бен дінімізді ұштастыра, оны, әсіресе, жастар арасында көп насихаттауға шақырды. Сонымен қатар, мониторинг, дінтану сараптамасы, аналитикалық зерттеу және ақпараттық желіні талдау бөлімінің әлеуметтанушысы Айбек Бабатай азды-көпті ақпараттарын ортаға салды. Сөз арасында діннің қоғамға қажет екенін, әрі діни сауаттылықтың аза маңыздылығын алға тартты. Осылайша дөңгелек үстелде ортаға салынған тыңғылықты ойлар мен ашық әңгімелер рухани азық аларлықтай демалыс сыйлады.
Иә, керуеннің көшімен жалғасқан жоба аясындағы іс-шаралардың қатары спорт саласын да қамтыды. Аудандық ішкі саясат пен спорт және дене шынықтыру бөлімдерінің ұйымдастыруымен «Дінаралық келісім – ел бірлігінің тұғыры» айдарында спорттық жарыс өткізілді. Шамалған ауылының Қарасай батыр мешітінің футбол алаңында медресе жастары сынға түсті. Шағын футбол жарысында жоғарғы және төменгі курс студенттері бақ сынап, арнайы жүлделермен марапатталды. Спорттық жарысты қолға алып, басы-қасында жүрген аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Серік Қамзанов жеңімпаздар мен жарысқа қатысушыларды құттықтап, алғыс хаттарын табыстады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.