Елбасының өкілеттілігін тоқтатау туралы мәлімдемесін өз аузынан естіп жүрегіміз ауырып, қамығып қалдық. Көп ұлтты Қазақстан халқының көңіліне қаяу түскендей болды. Содан сағат он екіде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттікке ант беру рәсіміне байланысты хабарды телеарнадан көріп, барлық мән-жайды ұғып, көңіліміз орнына түсті.
Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі болып қала беретініне, толықтай саяси сахнадан кете қоймағанына қуандық.
Үшқоңыр бөктеріндегі аядай ғана ауылдан шыққан бала Нұрсұлтанның әлем кеңістігінде тас түлек қырандай еркін самғап қанат қаққанын ұлт болып қашанда мақтан ете береміз. Өйткені, Елбасы өзінің асқақ ұлттық рухымен, мемлекет басқарудағы теңдесі жоқ іскерлігімен, терең білімділігімен, кісілік асыл қасиеттерімен халқының жүрегінен берік орын алған ұлы тарихи тұлға екені ел жүрегінде мәңгі қала береді. Тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын алғаш алтын әріптермен жазған, елін бүкіл айдай әлемге танытқан Тұңғыш Президентіміздің өмірі мен еңбек жолы жастарға, бүкіл қазақстандықтарға үлгі бола бермек. Сан ғасырдың бұғауын бұзып тәуелсіздік туын тіккен Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлының аты да, заты да, орны да бөлек. Тектілік тегінен дарыған жұлдызы биік, анадан арда тұған ел арысына ғана тән қасиеттермен дараланған адамзаттың асыл перзенті – Тұңғыш Президентіміз қазақ тарихымен бірге жасай беретіні дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Ұлы реформатор, ұлы саясаткер ретінде есімі тарихқа еңген Елбасы өмірдің бар саласында жасаған ауқымды еңбегін бір мақалада санамалап тауыса жазу мүмкін емес. Елбасының саяси да, мәдени де, әлеуметтік те, халықаралық та, т.б. мәні зор күрделі еңбектері бір эпопеяға жүк болар сом дүние десек те, істеген еңбегіне сәл де болса тоқтала кетейік. 1991 жылы Елбасының жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Қорғаныс министрлігі кұрылды. Осы жылы төртінші шілдеде жаңа Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерін – Елтаңбасын, Туын, Әңұранын қабылдады. Сонымен қатар, дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізіп, тарыдай шашылған қандастарымыздың басын қосты. 1993 жылы 15 қарашада еліміздің төл теңгесі өмірге келді. ҚР Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша халықаралық стипендиясы тағайындалды. 1995 жылы жаңа Конституциямызды қабылдадық. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. 1999 жылы 26 наурызда ҚР Қауіпсіздік кеңесі құрылды. 2006 жылы ел Президенті Әнұранымызға өз қолымен мәтіндік өзегерістер енгізіп, ҚР мемлекеттік жаңа Әнұраны қабылданды. 2010 жылы ЕҚЫҰ-на, артынша әлемдік Ислам конференциясына төрағалық еттік. Тарихта бұрын-соңды болмаған дәстүрлі дін өкілдерінің орталығы Астанада құрылды.
Елу алты елдің мемлекет басшылары мен үкімет адамдары арқа төсіндегі Астанамызда бас қосқан Астана-Саммиті өтті. Еуразияның кіндігінен қайталанбас архитектуралық әсемдігімен, сұлулығымен ЮНЕСКО-ның «Әсем қала» сыйлығына ие болған Астананы салдырды.
Абылай хан бабамыздың қолы жетпеген үш арманы бар екен. «Бейбітшілік орнатамын деп едім, керісінше көп қан төгілді. Қала, кент салдырам деп едім оны орындай алмадым, үш жүздің басын қосамын деп едім, оны да қоса алмадым» – деген екен. Елбасымыз Абылай бабамыздың үш арманын да асыра орындап, жолын, ісін жалғастырды. Бейбітшілік те орнап, тәубә, көк Туымыз көктен желбіреп тұр! Астана да салдырды, үш жүздің де басын қосып көк Тудың астына жинады. Астанаға Елбасының есімі берілуін қуана қолдаймыз! Өйткені, Астана – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жүзеге асқан төл арманы. Елбасының көптеген идеялары Астананың сәулетті бейнесінде жанды көрініс тапты. Астана барша саяси айтулы оқиғалардың ордасына айналған қала. Елбасы мен Астана егіз ұғымды білдіреді. Астананың сән – салтанаты түптеп келгенде Нұрсұлтан Әбішұлының атымен тығыз байланысты, Елбасының төл туындысы. Барлық облыстардың орталық қалаларынан Елбасының атына көше берілуі де әбден құптарлық жағдай. Елбасының еңбегі, шапағат – шуағы бүкіл елімізге ортақ. Монумент-ескерткіш орнатылуы да әбден орынды. Елбасы деген атының сақталуы да жүрекке жылылық ұялатады. Тұңғыш Президентіміздің суреттері мекемелер мен оқу орындарында орнында қалуын да қуана құптаймыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алған «Алтын жұлдыз» ордені мен «Халық қаһарманы» атағы құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін деген тілектемін.
Қандай да мемлекет болсын сол елдің біртуар ұлдары, дара да, дана тұлғалары мемлекет құрған. Айталық, Ресейді – Бірінші Петр, Үндістанды – Махатма Ганди, Түркияны – Мұстафа Кемал Ататүрік, Вьетнамды – Хо-Ши-Мин, АҚШ-ты – Джордж Вашингтон, Кубаны – Фидель Кастро құрды. Мемлекет құрған тарихи ұлы тұлғалардың аттары ғасырлар бойы құрметпен аталып келе жатқанына тарих куә. Тәуелсіз мемлекетімізді құрған еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі осы ұлы тарихи тұлғалармен қатар құрметпен ғасырлар бойы аталатыны ешбір күмән келтірмейді. Тұңғыш Президентім – Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, қажымас қайрат, кемелденген шағы қуатты да шуақты бола беруін тілей отырып, халық игілігіне әлі де табысты еңбек етіп, еліміздің қарауыл төбесі, сақшысы, қорғаны, ақылшысы бола беруіне шын жүректен тілектеспін. Халқы қашанда Елбасымен бірге!
Ақлима КӨСЕМОВА,
Шамалған орта мектебіндегі
«Президент әлемі» музейінің ғылыми жетекшісі.