Біздің елі сүйген, елін сүйген Елбасы тағы да халыққа Жолдауын жариялап, қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Яғни, биыл да ел-жұртқа барынша қажетті аса мәнді мәселелер көтерілген.
Жолдаудың «Қазақстан-дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталуының өзінен оның бүкіл мазмұны ашылып тұр деуге болады. Нақтылай айтсақ, Президентіміздің бұл бағдарламасы негізінен адамдардың өмірін, тұрмысын жақсартуға, тіршілік тынысын ашуға, әл-ауқатын көтеруге арналған. Сонымен қатар, Жолдау тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағының басты бағыттарын айқындап берді. Білімге, денсаулыққа және жастарға басымдықпен қарау осыны аңғартады. Бүгінде егемен еліміз дамудың даңғыл жолына түскен, сондай-ақ, осы заман талаптарының үдесінен шығатын мемлекет екенін тамаша танытып отыр.
Әлемдегі орнымыз бен рөлімізді айқындайтын экономикалық бағыт – өңдеу өнеркәсібін арттыру мен «болашақтың экономикасы» болса, Елбасымыз нақ осыларды жандандыруға күш салып отыр. Тұңғыш Президентіміздің Жолдауындағы барлық бағыттар да елдің XXI ғасырдағы дамуына аса қажетті дүниелер. Көпті көрген қария ретінде өз басымды, сол сияқты Нұрсұлтан Әбішұлының ел ертеңі – жастар мәселесіне үлкен маңыз бергені қатты риза етіп отыр. Өйткені, мемлекетіміз бен халқымыздың келешегі солардың қолында ғой. Сондай-ақ, ең төменгі жалақының өсірілуі, бюджеттік сала қызметкерлері жалақысының көбеюі де өте қажетті нәрсе.
Елбасы өзінің Жолдауын «Қазақстанның бағындыратын биіктері әлі алда. Осы жолда халық сенімі рухымызды жігерлендіріп, бойымызға күш-қайрат дарытады. Сол сенімді ақтаудан артық мұрат жоқ!» деп аяқтапты.
Елін кемел келешекке байыпты бастап бара жатқан Президентіміз өте дұрыс айтады.
Смағұл САДЫРҚҰЛОВ,
Іргелі ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.