Өлең деген өлкеде өмір сүріп, журналистика саласында қалам тербеген Қуат Қайранбаевтың есімі Жетісу жұртшылығына ғана емес, республикаға да танымал десек артық айтқандық емес. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ардақты ақын ағамыз – талай облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Иә, ақынын ардақтаған елдің руханияты да ғұмырлы болады деп сенеміз. Шығармашыл жанның поэзиясынан парасатты ой қалыптастыруды мақсат еткен өлең сүйер қауым бір апта бұрын Жетісу жерінің мақтанышы Қуат Әбілұлының «Ғазал-ғұмыр» атты әдеби-сазды кешіне куә болды. Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырған бұл рухани басқосу Қарасай аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Кештің шымылдағы ерекше түрілді. Алдымен тақырыпқа арқау болған бейнефильм көрсетілсе, одан кейін «Қарасай Жастар» театрының әртістері ақынның поэзиясынан композициялық қойылым көрсетіп, өлең жолдардан сыр шертті. Әсерлі көріністен соң кештің тізгінін белгілі ақын, Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев алып, сахна төрінде талай жыр жинақтың авторы, ақын Қуат Қайранбаевпен поэзиялық сұхбат жүргізді.
Әдеби кеш әсем әндермен де әрленді. Талай әуезді әуендерге сөз жазып жүрген Қуат ағамыздың қуатты өлеңдері бұл кеште музыкалық шығарма болып шырқалды. Әнші Нұржан Ахметбек ақынның сөзіне жазылған «Ғажап сурет», «Жылдар» сияқты әндерін орындаса, Ержан Смағұлов, Жаңгелді Немеребай сынды поэзияға жақын жастар ақынның өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар Талдықорған қаласынан арнайы келген, Мәдениет саласының үздігі Ғалия Шахарбаева «Асыл ана» атты әнді шырқады.
Бұл кеште танымал әндердің біріне айналған, ел мақтанышы Димаш Құдайбергенге арналып жазылған «Дүр әлемнің Димашы» деген ән де орындалды. Белгілі композитор Болат Әшірбаев әнін жазған бұл шығарма осыған дейін талай сахна мен телевизиялық жобалар арқылы көрерменге жол тартқан болатын. Туындының орындаушысы Қуаныш Тұржан ақынның кешінде тағы шырқап, шығарма авторларының атынан әлем жұлдызы Димашқа деген құрметті ән арқылы жеткізді.
«Көңілдің қоңырауы», «Өлеңмен өрнектелген өмір», «Тағдыр-тұлға». Бұл – ақын Қуат Қайранбаевтың қаламынан туған өлеңдерінен мен прозалық жинақтары. Оқырманға рухани азық сыйлайтын дәл осы кітаптардың тұсаукесері ақынның әдеби-кешінде орын алды. Көпшілік куә болған қуанышты сәтке Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев та ортақтасып, өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Аймановтың атынан құттықтау хатын табыс етті.
Өлеңнен өнеге тауып, жырлардан жігер іздейтін оқырман барда қалымы қарымды Қуат Қайранбаевтың қуатты өлеңі өшпес деп білеміз. Жазарыңыз таусылмасын, ақын аға!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.