Ару қала, арман қала Астанам,
Ел жүрегі – бақ орнаған бас қалам.
Егеменді ел тұғырлы болсын деп
Елбасы өзі ұлы көшті бастаған.
Жайнай бер, Астанам,
Мәңгілік жас қалам.
Ел үшін игі істер
Өзіңнен басталған.
Тәуелсіз елімнің
Мәні ғой Ақ Ордам.
Көгінде қалықтап
Ән қалған, күй қалған.
Есіл толқып, толқын ойнап ағады,
Хан Кене тұр атқа қонған қаһарлы.
Түнгі Астана миллион шырақ жағып ап
Ғарыш жаққа самғап ұшып барады.
Көк байрақ желбіреп,
Көгімде тұр бүгін.
Білдіріп қазақтың
Егемен елдігін.
Бабамның аңсаған
Арманы ең, Астанам,
Бәйтерек басынан
Мен көкке қол созам.
Талай ел жиылды елорда төріне,
Тыныштық болсын, деп әр елдің үйінде.
Елбасым – төби би төрелік айтады,
Шақырып барлығын ынтымақ, бірлікке.
Ешкімге соқтықпай,
Жай жатқан халықпыз.
Ғасырлар тезінен
Аман-сау қалыппыз.
Сол үшін жаратқан,
Сыйлады Азаттық.
Қалсын, деп ұрпағы
Мәңгілік қазақ боп.
Жиырмаға толыпсың қазір сен, Астанам,
Өзіңмен мен бүгін баршаға мақтанам.
Бабалар мұратын ұрпағы жалғайды,
«Мәңгілік ел» болып ғасырға ғасырдан.
Бүгін той елімде,
Ән шалқып көгімде,
Қош келдің, қонақтар,
Астана төріне!
Жұмыр жер дөңгелеп,
Озады ғасырлар.
Мың жылдық тарихыңды
Тойлайтын күн туар!
Бердіғазы ТІЛЕУӘЛІ.