Жуырда аудандық кітапханада аймақ тарихындағы тұлғаларды, ақын-жазушыларды, еңбек адамдарын келер ұрпаққа таныстырып, мұра етіп қалдыруға зор үлес қосқан Үсенбай Тастанбековты еске алуға арналған «Өшпестей із қалдырған дана да дара тұлға» атты шара ұйымдастырылды.
Өзі өмірден өткенімен артында өшпестей із қалдырған азаматтарымыз аз болмаған. Әсіресе, шәкірт тәрбиелеумен қатар өңірдің дамуы үшін қажырлы еңбек еткен, қызмет барысында тек абырой биігінен көріне білген азаматтарды ел есінен шығармайды. Қарасай ауданының Құрметті азаматы, келер ұрпақтың қамы үшін еңбегін мұра етіп қалдырған Үсенбай Тастанбеков те осындай жандардың қатарынан еді. Тіл жанашыры, тарихшы, шежіреші, өз қоғамының белсендісі әрі танымал ақын, жазушыларың ұлы ұстазы болған Үсенбай атамыз үстіміздегі жылдың сәуір айында өмірден өткен болатын. Осы ретте ауданымыздың абыз ақсақалы, үлкен ұстаздың 100 жылдығын қарасайлық жерлестері желтоқсанның оны күні аудандық орталық кітапханасында «Өшпестей із қалдырған дана да дара тұлға» атты еске алу кешімен атап өтті.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жергілікті атқарушы органның өкілдері, журналист атамыздың туыстары, әріптестері, шәкірттері мен ол кісімен жақын таныс болған жандар, ауданымыздың құрметті азаматтары, сондай-ақ, ұстаздар мен жастар қатысты. Тағылымы мен танымы мол кездесу шәкірт тәрбиелеумен қатар өңірдің дамуы үшін қажырлы еңбек еткен ардагерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Мұнан кейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы баяндама жасап, Үсенбай Бақтиярұлының өмірбаяны мен атқарған қызметі жайында кеңінен әңгімеледі.
– Қаскелеңнің (Қарасайдың), Жамбылдың және Еңбекшіқазақтың аудандық газеттерінде редактор болған Үсенбай ата, шын мәнінде, мықты журналист, үлгілі басшы, өнегелі ұстаз еді. Бойындағы тамаша қасиеттерімен көпшілікке үлкен үлгі болған Үсенбай ағамыз өзінің ғұмырын ана тіліміздің өрісін кеңейтуге арнаған болатын. Осы ретте ол кісі ауданымызда 17 қазақ мектебінің ашылуына және де жергілікті көптеген мектептерге осы өңірде туып өскен ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің есімі қойылуына, көптеген көшелердің атауына қазақ қайраткерлерінің есімі берілуіне тікелей себеп болған болатын. Сондай-ақ, ардагер ағамыз Нұрсұлтан Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Мұқаметжан Етекбаев, Жұмаш Арғымбаев, Сайлау Пернебаев сияқты талай мықты қаламгерлер, журналистерді тәрбиелеп шығарды. Өзінің бір ғасырға жуық ғұмырында маңызды мәселерді көтеретін мақалалар, очерктер, естеліктер, сондай-ақ, он шақты кітап жазып, өзінің атқарған еңбегі үшін көп мәрте орден мен медалдармен марапатталған. Осы ретте біз аудандық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері жері мен елі үшін аянбай еңбек еткен Үсенбай ағамыздың есімі ел есінен кетпеуі үшін ауданымыздан бір мектеп пен көшеге аты берілсе деген тілек білдіргіміз келеді, – деді Шара Қанатқұлқызы.
Сонымен қатар, басқосуда Үсенбай атаның есіміне ерекше құрметпен қарайтын бірқатар тұлғалар да сөз сөйлеп, абыз ақсақалдың жазушылық өнері мен өмірі жайлы, ол кісінің қазақ тілі мен ауданның өркендеуіне қосқан үлесі туралы, жазған еңбектері мен маңызды мақалалары жайында айтып өтті. Сондай-ақ, олар Шара апайдың ұсынған ойын қолдап, Үсенбай ата тұлға ретінде ел есінде мәңгі қалып, жастарға үлгі болуы үшін ол кісінің есімін ауданымызда жақында ашылатын Батан ауылындағы мектепке берілсе жақсы болар еді деген ниеттерін де білдірді. Ал, шараға келген шәкірттері – Қазақстан Журналистика Академиясының академигі, «Жетісу» газетінің ардагері Жұмаш Арғымбаев пен еліміздің белгілі фотожурналисі Нұрмағамбет Қизатов болса өздерінің Үсенбай Тастанбековпен қалай танысқандарын, олардың журналист болуына алып тұлғаның қосқан үлкен үлесі жайында айтып, қызықты сәттерін еске алды.
Мұнан бөлек шарада ол кісінің ғибратты ғұмыры туралы бірнеше бейнероликтер көрсетіліп, концерттік бағдарламалар қойылды және де жастар жағы көптеген ақындардың Үсенбай атаға арнап жазған өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, жиында аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы сөз сөйлеп, ауданымыздың Құрметті азаматы, ардақты ардагер жайлы жылы сөздер айтып, алдағы уақытта ауданымыздағы «Батыр бабаларға тағзым» мемориалы мен «Анаға құрмет» музейінде ол кісіге арнап стендтер орнату керектігін жеткізді.
Бір ғасырға жуық өмір сүріп, көпті көріп, өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай, ана тіліміздің дамуына үлкен үлес қосқан ардагер атамызды еске алу кеші оның қызы Әсия Үсенбайқызының алғыс сөзімен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.