Сабыр Досымбекұлы туралы сыр
Таулы өңірде бар ғұмырын өткізіп, абыройлы ақ жүзімен зейнет демалысына шыққан, әлі де қатардан қалмай елі-жеріне қызмет жасап жүрген алдыңғы толқын ағаларымыз, қазыналы қарттарымыз баршылық. Бұл орайда Сабыр Досымбекұлының жылы жүзі көз алдымызға келіп тұрады. Соңғы жылдардан бері алғаш Райымбек аудандық, одан соң өз алдына қайтадан қалпына келген Кеген аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Өңірдегі еңбек және тыл ардагерлерінің, зейнеткер қариялардың жайын назарына алып, әр шаңырақтың ырысы мен берекесі, әр ортаның ақылшысы, ақылманы болып жүрген қарттарға қатысты ізгілікті де игілікті іс-шараларына мұрындық болып жүретін бұл кеңеске ең таңдаулы, сыйлы да құрметті ақсақал ғана жетекші болады. Жарасып-ақ тұр. Сабыр аға қарапайым, көпшіл мінезді. Тура сөйлейді, көкейіне келген сөзді ашық айтады, ешкімді алалап-бөлелемейді. Ашық та жайдары жүзді. Өзінен кішілердің әсіресе, жастардың ақылшысы, қамқоршы ағасындай. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа айтары көп, берері жетерлік, ұсынары толағай. Өзінен үлкендердің алдын қия өткен емес. Алдына барып, қос қолын ұсынып, амандығын біліп, жағдайын сұрастырып жатады. Бұл кішкентай кезінен, азамат болып ат жалын тартып мінген кездерінен бойына сіңісті болып кеткен жақсы қасиеттері. Анасының ақ сүтімен, әкесінің аялы алақанының жылуымен келген тәлім мен тәрбие. Өзі іздене, еңбектене жүріп алған білімі, тірліктен алған жиған-тергені, ғұмырлық мол тәжірибесі адал да тура жолында бағдаршам іспетті болып келеді. Оның сыртында алғаш үлкен өмірдің баспалдақтарын аттаған кезінде қамқор, ақылшы болған алдыңғы толқын ағаларының жақсылығын, тигізген шарапатын ешқашан жадынан шығарған емес. Сонау Кеңес Одағының кезінде өмір көрген, іске, еңбекке, адамдармен қарым-қатынасқа бейімделген, шынығып, шыңдалған ағамыздың артық кеткен, қия басқан жері жоқ. Әскери адамдар сияқты. Өзіне тапсырылған істі мұқият, дер кезінде абыройлы орындауға үйренген. Қолынан келетін шаруасына уәдесін береді. Қолынан келмесе, ашып бірден айтады. Тура жүруге, ақ сөйлеуге, адал еңбек етуге дағдыланған. Осы бағытынан өмір бойы ауған жоқ. Жүрегіне түйгені, көңіліне алғаны, бір мінезі, биік парасатымен өмірінің соқпақтарынан өтіп, жетпіс жасының мәртебелі биігіне шықты. Өмірдегі осы жолы, осы соқпағынан алған жақсылығы, мерейі мен мәртебесі, жиған-тергені аз емес.
Сабыр аға Райымбек пен Кеген ауданын ешқашан бөле-жарған емес. Өрісі мен қонысы бір, туыстығы жақын, құда-жекжаттығы мың жылдықтарға тамырын тартқан таулы өңірде өсті. Нарынқол мен Кегеннің топырағынан қатар нәр алып, ер жетті. Өткеннің бәрі елес. Дегенмен, өткенге оралмай болмайды. Сабыр ағамыздың әкесі Досымбек өз тұсында сауда техникумын бітірген, білімді, білікті азамат болыпты. Қытай жерінде сауда торабын басқарған екен. Өткен ғасырдың 1962 жылы шекара ашылып, атамекенге бағыт алған ұлы көштің алғашқылары болып өткен. Қызығы сол әкесінің жүрек қалаған мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігін, адалдығын паш етіп тұратын. Осының бәрі Сабырдай салмақты, жетелі ұлға үлкен сабақ болды. Райымбек ауданындағы Сарыжаз ауылындағы орта Досымбектей әкесі ата жұртымызға келгеннен кейін жұмыс таппай қиналыпты. Бармаған жері, кірмеген есігі қалмаған. Әйтеуір, сатушылық жұмысқа әрең орналасыпты. мектепті бітірген ұлына әкесі сауда саласы бойынша үлкен оқу орнын бітіргенін қалады. Әкесі айтқаннан кейін Сабыр аға ешқайда бұрыла алмады. Ару Алматы былай қалып, сонау Қарағандыға бірақ тартты. Бүкілодақтық тұтынушылар одағына қарасты Қарағанды кооперативтік институтының есеп-экономика факультетін үздік бітіріп шықты. Білімді, зерделі, ақылды, ойлы жас студенттік өмірге тез бейімделді. Институттағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып кетті. Студенттер кеңесінің мүшесі болды. Өнер мен өлеңге жақын ағамыз институтта драма үйірмесін құруға күш-жігерін жұмсады. Азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде де жақсы қырынан көрінді. Бөлім командирінің қолынан Құрмет грамоталарына ие болды.
Атамекеніне, өскен ортасына қайта оралуды, қастерлі топыраққа туын тігуді мақсат еткен Сабыр аға да бір кезде әкесі көрген қиындықтарға тап болды. Шын мәнінде, жанына жақын, жүрегіне ыстық мекеніне Қарағанды кооперативтік-сауда институты сияқты сол кездегі Одақтық дәрежедегі бірден-бір жоғары оқу орнын бітіріп келген білімді, білікті маман еді. Аудандағы майлы-құтты сауда саласына бұрыннан орналасып, сол тұстағы ауданның атқамінерлерімен де ауыз жаласып алған дөкейлер ағамызды жандарына жолатқысы келмеді. Атағы мен аты дардай жоғары оқу орнын бітірген тура сол саланың бірегей маманының келгенін олар онша жақтырмады, көңілдері де қаламап еді. Әкесіне тартқан қайтпас, қайсар мінезімен Кеген аудандық тұтынушылар қоғамына жұмыс сұрап қайта-қайта келе берген Сабыр ағаның тауы шағылып қайтқан кезі аз болмады. Сабыр ағамыз да өзіне біткен ашық-жарқын, тура сөйлейтін мінезімен жоғары оқу орнын бітіріп келгенін, жұмыс таба алмай жүргенін жайып салады. Көзі қарақты, жүрегі жұмсақ, білімді жас мамандарға деген көзқарасы да бөлек Жұмахан Соқыров жас жігітті бірден жұмысқа шақырды. Келесі күні өзі басқаратын шаруашылыққа экономист етіп жұмысқа қабылдады. «Ағадан ақыл, жақсыдан шарапат» демекші, сөйтіп Жұмахандай білікті басшының шарапатына, ағалық қамқорлығына бөленді. Сол ағасының ақыл-кеңесін, тәлімі мен тәрбиесін ешқашан ұмытқан емес. Қиналып, қысылып жүрген кезінде жұмысқа алып, тынысын ашқандай, үлкен өмірдегі соқпағына дем бергендей Жұмахан ағасын екінші әкесіндей көріп кеткен. Сабыр ағаның сол бір тәжірибе шаруашылығында жүріп жиғаны көп болды. Алғаны бүкіл өміріне азық болғандай еді. Күні бойы жұмыс бөлмесінде отырып алған жоқ. Өзіне тиесілі шаруашылықтың есеп-қисап жұмыстарын тап-тұйнақтай етіп қойып, сыртқа шығып кететін. Шаруашылықтың сан-салалы науқандық жұмыстарын көзімен көріп жүрді. Істің ауыртпалығын, шаруаның қиынын арқаларымен көтеріп жүрген жұмысшылардың бел ортасынан табылып жүрді. Сол арқылы әрбір істің сырына, үлкен өмірдің қырына бойлай түсті. Өз жұмысын жақсы білетін, еңбек десе жанып түсетін, өнер мен өлеңге жақын жас маман, экономист жігіт те көп назарын өзіне аударды. Басшылардың ғана емес қалың көпшіліктің сенімін арқалады. Жылы көзқарасына ие болды. Тасашы ауылындағы атақты тәжірибе шаруашылығына 10 жылға тарта уақытын арнады. Жастармен де жақсы тіл табыса алатын ол шаруашылықтағы комсомол ұйымының хатшысы болып еңбек етті. Өмірлік серігі, жан жары, жүрек жұбанышы Клара Нұрқасымқызын жолықтырып, қос аққу комсомол тойларын өткізді. Мұның бәрі басшы әрі ақылшы ағасы Жұмахан Соқыров секілді азаматтардың шапағаты еді. Сабыр аға Тасашыда өткізген айлары мен күндерін, жарқын жылдарын есінен шығарған емес.
Ол кезде жігерлі, білімді, іскер мамандардың тағдыр-тәлейі аудандық партия комитеті арқылы шешіліп жататын. Алғашқы қадамы арқылы жақсы көзге түскен Сабыр ағамыз аудандық партия комитетінің ұйғарымымен Қарқара картоп совхозының бас экономисі болды. Мұнда да қарапайым еңбек адамдарымен қоян-қолтық араласа жүрді. Картоп өндіру ісіне бригадалық мердігерлік әдістің қолданылуымен картоптан жоғары өнім алуға қол жеткізілді. Шаруашылық экономикасы дәуірлей түсті. Көп ұзамай өзінің жүрек қалаған мамандығына оралды. Кеген аудандық тұтыну қоғамының төрағасы болып 12 жыл жемісті, абыройлы жұмыс істеді. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылына ауыстырылған тұста аудандық экономика бөлімін басқарды. Сол тұстағы аудан әкімінің ұйғарымымен Қарасаз ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. Сабыр ағаның ұйымдастырушылық қабілеті мен қарымы 2005 жылы Қарасаз жерінде өткен батыр бабамыз Райымбектің 300 жылдығында айқын көрінді. Ерен еңбегі үшін сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтың лайықты марапатына ие болғанын ұмытқан емес. Білімді, парасатты, жиған-тергені мол Сабыр аға Кеген өңіріндегі Тұйық, Қарабұлақ, Бөлексаз ауылдық округтерінің әкімі қызметін атқарды. Аталған өңірлердің өсіп-өркендеуіне үлесін қосты. Ауыл әкімі болып жүрген кезінде жаз жайлау, мал қыстату кездерінде жылжымалы мәдени-көпшілік тобын ұйымдастырып отырғанын орнымен сөз етуге тұрарлық. Жалпы, ауданның экономикасына, сауда саласына тигізген еңбегі, шарапаты мол. Ерен еңбектері үшін көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Ауданның Құрметті азаматы атанды.
Әңгімеміміздің бір жерінде Сабыр ағаны өлеңге жақын деп қалдық. Ол бекер емес. Жастық шағында, алғашқы махаббат, айықпас сезімдер құшағында жүрген кезінде жүрек толғанысы өлең болып өріліп, ақ қағаз бетіне түскен екен. Бұл әркімнің де басында болатын дүние. Өз тұсында бір топ өлеңдері республикалық «Жалын» журналында, «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. 1979 жылы «Балауса» деген атпен «Жалын» баспасынан тұңғыш жыр жинағы да шықты. Жырдың перісі, қара өлеңінің пайғамбары саналып кеткен Мұқағалидың өлеңдерін сүйсіне оқитын балаң жігіт өзінің ортанқолдау жырларын көріп, кейін өлең жазуды мүлде қойып кетіпті. Рас, Аспантаулардың құшағында өскен әркімнің өлеңге таласы бар болып келетіні ақиқат. Асқақ та айбынды таулармен, шыңдармен сырласып, мұңдасып ер жеткендердің жырға жақын, ән мен күйге ынтық болатыны жарасымды.
Сабыр аға – 2017 жылдан бері қарай аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Жүрген жеріне сыйлы. Аттап басқан ортасына құрметті. Айналасындағы қалың көпшілікке жылы лебізімен қатар ақ батасын беріп жүреді. Аудан басшыларымен бірге өңірдің барлық жақсылықтарының ортасынан табылады. Бұл – аудандағы басшы азаматтардың Сабыр ағаға ғана емес, ауданның барлық қарттарына көрсеткен құрметі. Өз жұмысына тиянақты, алды-артын болжап жүретін, үлкенге ізетті, кішіге қамқор ағамыз аудандағы барлық ауылдық округтердегі ақсақалдар алқаларымен тығыз байланыста. Қарттарын қадірлеген, үлкенін сыйлаған ел жаман болмайды. Мұндайда жиғаны мол, тергені жетерлік, көргені көп, өмірлік тәжірибесі ұшан-теңіз ақсақалдардың ел ішіндегі бір ауыз сөзі, аталық ұйғарымы, қарттық пайымы көп нәрсені шешіп әкетеді. Ақсақалын құрметтеген, ақылына ұйыған қалың елі, қаумалаған жұрты, ойлы жастары бар жерде ел азып, жұрт тозбайды. Сабыр аға бастаған қарттардың да ұстанған бағыттары ел-жұрттың берекелі тірлігі, ынтымақ пен бірлігі. Ардақты жандар сол жолдарынан танбайды. Сабыр ағамыз бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған сүйікті жары Клара Нұрқасымқызы екеуі екі ұл, бір қыздарын қанаттандырды. Бәрі жоғары білімді, бәрі – бір-бір шаңырақ иелері. Қос бәйтерек оннан аса немерелерін сүйіп, шаңырақтарының бақытына, ұрпақтың қуанышына кенелуде.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.