Өздеріңіз білетіндей, 1 қазан еліміз бойынша қарияларымызға деген ерекше құрмет пен сыйластық артатын – Қарттар күні. Айтулы күннің құрмет иелерін ардақтау мақсатында ауданымызда түрлі іс-шаралар атқарылып келсе, солардың бірі ретінде айдың бірінші күні аудан орталығының бірқатар мейрамханаларында өткен кештерді айтуға болады. Айтулы шараға Қаскелең қаласының әкімдігі де атсалысып, 200-ге жуық қарияға дастархан жайылды.
Ардақталған ата-әжелердің қатарында ауданның қоғамдық жұмысына белсенді араласып жүрген қариялар, «Жетісу жанары», «Жігер-М», «Тірек-М», «Қуат» сияқты құрамы мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған ұйымдар мен жалғыз басты қарттар, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері де болды. Барлығына дастархан үстінде ерекше құрмет көрсетілді. Ал, өз кезегінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев «Достық» мейрамханасында қарттарды арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Аудан басшысы ақжаулықты әжелеріміз бен ардақты ақсақалдарымыздың орны қашанда бөлек екенін айтып, ақыл-кеңестері кейінгі жастарға өнеге болып қалатынын да жеткізді.
Жалпы, нағыз ізгі ниетті басқосуда қадірлі қарияларға арналып ескі әндер де шырқалып, көңілдері көтерілді. Көптен бері кездесулері сиреп кеткен ата-әжелеріміз бір-бірімен жүздесіп, дастархан басында өткен-кеткен қызықтарын айтып, жарасты әзіл-қалжыңдарымен шер тарқасты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.