Қазақстанның өсіп-өркендеуі, еліміздің бейбітшілікте тыныш өмір кешуі оған өз үлестерін қосқан ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп білеміз. Жастары ұлғайғанына қарамастан бүгінгі күннің өзінде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарымен, өз өнегесімен, жас ұрпақтың бағыт-бағдарына кеңес бере білулерімен де қоғамның дұрыс дамуына, білім мен өнер саласына зор үлес қосып отырған ата-әжелеріміз көп. Солардың ішінде Ұмтыл ауылдық округінін ардагерлер кеңесінін жанынан құрылған ардагерлер хорын айтсақ болады. Сахна төрінде жүргендеріне аз уақыт болса да округке танылып қалған жергілікті тұрғындар мерекелік концерттерге бара қалса, өнерін тамашалауды тағатсыздана күтіп отырады.
Біз Наурыз мейрамы сияқты көктемнің тамаша мерекесінің тұсында осы ұжым өкілдерімен кездесіп, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, ой-пікірлерін тыңдап қайттық. Ән жас та, адам да талғамайды. Сахнаның сәнін келтіріп, ән қанатында тербеліп тұрған ата, әжелерге қарап, осындай ойға келесің. Біз ауылға барғанда олардың жиындары өтіп жатыр екен. Ол аяқталған соң жөн сұрасып, танысып-білістік. Құрақ ұшып тұр бәрі де. Үлкеннің үлкендігі осындайда аңғарылады емес пе! Жастары ұлғайса да, қарттықтың құрығына ілінгілері келмейтін кісілер екен, бірыңғай. Бір-бірімен әзілдері де жарасымды-ақ. Жиі-жиі бас қосады екен. Сондай сәттің бірінде, ұлттық өнерді, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында хор құрайық деген шешім қабылдаған. Сөйтіп, оларды қазіргі хордың мүшесі Клара Бөлдемова өзінің туысы, ақын, жазушылар одағының мүшесі Қалибек Шайжанмен таныстырған. Қалибек ағамыз өнерді де жанындай сүйетін жан болғандықтан, көмектесуге келісіп, қазіргі таңда ол кісі ұжымның ұйымдастырушысы және көркемдік жетекшісі болып жүр.
Хор өнер жолдарын ән айтумен бастаса, бертін келе ұжымға аспаптарда ойнай алатын музыканттар келіп, шығармашылық деңгейін көркемдік жағынан көтерді. Ал, Қалибек ағамыз жаңа тыныс беріп, ұжым репертуарына ұмыт болған қазақ әндерін, майдан даласындағы ерлiк, Отан қорғау тақырыбындағы мазмұны терең туындылармен қатар, Қазақстан композиторларының заманауи шығармаларын да енгізді. Алғашқыда хор құрамында 10-15 өнерпаз-зейнеткер болған, кейіннен 30 адамға дейін жетті. Әншілердің ең жасы 70-те, ал, үлкені – 84 жаста.
Өнер қарияларды бір арнаға тоғыстырды, ардагер өнерпаздар ұжымының құрамында ұстаз, дәрігер, спорт шебері, зоотехник, кезіндегі партия, комсомол, кеңес қызметкерлері де бар. Арасында мәдениет қайраткерлері, М.Шолохов атындағы медалдің иегері, білім саласының үздіктері, облыстың, ауданның Құрметті азаматтары да кездеседі.
–Біз, шыны керек, жыл санап жасарып келе жатқан жоқпыз. Соған қарамастан, бойда бар өнерді жас ұрпақтың санасына сіңіруге, тәрбие беру мақсатында осы хорды құрған едік. Оны өз қаражатымызға аштық, пианино, баян сияқты аспаптарды, сахналық киімдерімізді өзіміз сатып алдық . Енді біздің бір арманымыз, алдыға қойған мақсатымыз – ауылда мәдениет ошағын ашсақ деген ой. Ауылымызда өнер ордасы ашылса, ол біздің ғана емес, сондай-ақ, болашақ жастардың да өнерлерін, дарындарын әрі қарай дамуына септігін тигізер еді, – деді хор мүшесі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов.
Тек ән айтып, түрлі аспаптарда ойнағаннан бөлек, ұлы ақындар өлеңдерін де оқитын хор мүшелерін көрермен әрқашан жылы қарсы алады. Хордың қатысушылары тек өнер саласына ғана емес, сонымен қатар, тазалыққа да үлесін қосып, ауылда болатын сенбіліктерге де жиі шығып тұрады екен.
Мұнан бөлек ардақты аталарымыз бен әжелеріміз өнерден басқа саламатты өмір салтын ұстап, спортпен де айналысады. Олар ұжым мүшесі, халықаралық спорт шебері Рүстем Абдалимов атамыз дайындаған арнайы жаттығулар бағдарламасымен күнделікті таңертен жаттығу жасап, серуенге шығып, сондай-ақ, айкидо мен скандинавтық жаяу жүру сияқты спорт түрлерімен шұғылданады.
«Әдемі қартая білудің өзі өнер» демекші, бұл күні өнерлері көптің көңілінен шығып, сахна төрінде жүріп көңілге қуаныш сыйлап, ұрпаққа үлкен үлгі болып жүрген осындай ардагерлер хорының болуы біз үшін үлкен мақтаныш!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.