Ұлы Жібек жолының бойымен іргелес жатқан елдермен керуен көші жоғары деңгейде жүрмегеніне де біраз болыпты. Кеңес дәуірінен бері тікелей қатынас көлігі болмай көршілес мемлекетке шекара асу үшін жолаушылар әуре-сарсаңға түскелі қашан.
Енді, міне, алаңсыз шекара асатын күн де туды. Олай деуіміздің себебі, жақында ғана ауданымыздың Әйтей округіне қарасты «Үшқоңыр» автобекетінде халықаралық рейстер ашылды. Нақты айтқанда, Өзбекстан мен Қарақалпақстан еліне тікелей қатынайтын бағыттар іске қосылды. Аталған мемлекеттің орталығы болып саналатын Ташкент және сондағы Нүкіс қалаларына Алматыдан оңай, әрі бір бағытпен баруға болады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында екі елдің бірлігін нығайту мақсатында ашылған бұл халықаралық бағыттар көршілес мемлекеттермен тығыз байланыстықты арттыратыны сөзсіз.
Ел арасын жалғайтын рейстің ресми түрде іске қосылуы салтанатты іс-шараға ұласты. Аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай мен «Еркін Эмина Экспресс Тур» ООО-ның басшысы Хамиджан Насуллаев екі елдің достығы ұзағынан болсын деген ниетпен қызыл лентаны қиып, жылы лебіздерін білдірді. Тіпті, дәл осы күні аталған бағытпен көршілес бірқатар ағайындарға сапар сәті бұйырып, автобекетке алғаш аяқ басты. Қонақжай қазақтың дастарханынан дәм татып, өз әсерлерімен бөлісіп жатты.
Алматы-Ташкент, Алматы-Нүкіс бағыттары бойынша автобус рейстері тәулігіне төрт уақыт жүретін болады. Бұрынғыдай базар маңынан емес, енді тек «Үшқоңыр» автобекеті арқылы сапар шегуге болады. Жолаушылар арнайы билет алып, сенімді, әрі сапалы тексеруден өткен автобустармен жолға шыға алады. Жалпы, жол жүру ұзақтығы 14-16 сағатты құрайды екен. Сондай-ақ, бекет басшысы Батыржан Ендібаев келешекте Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд және Навои қалаларына да тікелей рейстердің ашылуы жоспарда бар екенін айтты. Міне, осылайша шекаралас, әрі бауырлас елдермен байыпты байланыстың тағы бір мүмкіндігі ашылмақ.
Дидар МУХАМАДИЕВ.