Алматының дәл іргесінде орналасқан «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің басты мәселесі – әлі де мектептің жоқтығы. Қазығы қағылып, іргетасы қаланған білім ошағының құрылысы аяқталмай жатқанына биыл үш жыл болды. Мұндағы жергілікті халық базынасын айтып, талабын қоюдан шаршаған емес.
Жоба өз жұмысын 2021 жылы бастағанын және одан кейін бірнеше себептерге байланысты тоқтауға мәжбүр болғанын осы уақытқа дейін жазған болатынбыз. Қазіргі уақытта нысанның толық бой көтеруін облыс пен аудандағы тиісті басшылықтар қатаң қадағалауда.
Жақында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен ауданға арнайы келгенде аталған мектептің жай-күйіне мән берді. Сол кезде мердігерлер тарапынан сапасыз жұмыс анықталып, ғимараттың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтамай отырғаны нақтыланды. Облыс басшысы, сонымен қатар материал сапасы мен құрылысшылардың жұмыс жағдайына байланысты мердігерлер тарапынан үнемдеу фактілерін байқаған. Марат Елеусізұлы балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін мектеп құрылысын уақытылы аяқтаудың маңыздылығын және барлық құрылыс нормалары мен ережелерін сақтау қажеттігін де атап өтті.
«Асыл арман» халқы асыға күтіп жүрген мектептің қазіргі жағдайымен біз де жақында танысып қайттық. Белгіленген жерге арнайы барып, білім шаңырағына жауапты «Advennto» ЖШС-нің директоры Ержан Майлыбаевпен тілдестік. Мердігер мекеменің басшысына көп сұрақты жаудыртпай, ғимараттың құрылыс қарқыны жаман емес екенін байқап, сауалымызды төтесінен қойдық.
– Ержан мырза, бұл жерде Сізбен кездесуіміз бірінші рет емес. Бәрімізді қызықтыратын бір ғана сұрақ – салынып жатқан мектеп қашан қолданысқа беріледі?
– Жалпы мектепті бетондау жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі уақытта кірпіштері қалануда. Ол да бітуге жақын. Одан кейін ішкі әрлеуге кірісеміз. Ал жаз айларында айналасын көгалдандыруды жоспарлап отырмыз. Қолданысқа беру уақытына келер болсақ, әрине осы жылдың 1 қыркүйегіне деген жоспарымыз бар. Алайда алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Мәселен, ауа райы қолайсыз болса, біздің жұмысымыз тоқтап қалады. Сондықтан пессимистік болжам ретінде қараша айы деп айтуға болады, – деп түсіндірді Е.Майлыбаев.
Сонымен қатар мердігер мекеме басшысының сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта құрылыс алаңында 50 шақты адам еңбек етуде. Ақпан, наурыз айлары жауын-шашын жиі болғандықтан, ғимараттың сыртына қатысты жұмыстар тоқтап тұрды. Келесі айдан бастап жұмысшылардың санын 200-ге дейін жеткізу жоспарлануда.
Бір қарағанда ғимараттың құрылыс қарқыны жаман еместей көрінеді. Жұмыстың жоспарлы түрде жүзеге асуына кейбір мәселе қиындық тудырғанымен, қазір оның барлығы біржақты шешіліпті. Бұл жайында «Advennto» компаниясының басшысы әңгіме арасында айтып қалды.
– Мектептің салынуына қатысты кейбір мәселе туындағаны рас. Бірақ оның барлығы шешілді. Олардың реттелуіне қолдау білдірген облыс әкімі Марат Елеусізұлына ерекше алғысымды білдіргім келеді, – дейді жобаға жауапты мердігер мекеменің басшысы.
Айта кетейік, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі үш қабатты бұл мектеп «Жан басына шаққандағы қаржыландыру» бағдарламасы аясында салынуда. Оқушыларға арналған бір ауысымдағы орын саны – 2000.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.