Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, сондай-ақ, Алматы облысы әкімінің Қаулысы бойынша осыдан бір ай бұрын коронавируспен күресу жолында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарасайлық әскери міндеттілер арнайы жиынға шақырылған болатын.
30 күн бойы аудан ішініде полиция қызметкерлерімен қатар қырағылық қызметте болған жауынгерлердің 5 мамырда сақтық шараларына қатысты міндеттері аяқталды. 78 ерікті офицер мен жауынгерлерден жасақталған қорғаныс бригадасы осы уақыт ішінде карантин режимін сақтау мен қауіпсіздік жұмыстарына жауапты болды. Олар бір ай көлемінде аудан бойынша орналасқан 8 санитарлық бекетте кезекшілікте болып, 7-і жаяу патрульдік қызметтің міндетін атқарды.
Сарбаздардың жауапты істері аяқталуына орай, осы аптаның сейсенбісінде олар 13-ші аумақтық қорғаныс ротасының казармасы ретінде жабдықталған Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қайтадан сап түзеп, атқарған қызметтері үшін марапатталды. Арнаулы жиынға келген аудан әкімі Жандарбек Далабаев ер-жігіттердің елеулі істерін мақтан етіп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасын және өз атынан бірқатар ұландарға Алғыс хаттарды табыстады әрі ризашылық тілегін білдірді.
– Құрметті жауынгерлер! Сіздердің бір ай бойы бірлесе атқарған қызметтеріңіздің арқасында Қарасай ауданында үлкен жұмыстар атқарылды. Қауіпсіздік шаралары қатаңдатылды. Сондықтан, сарбаздар, өздеріңізге Алматы облысы әкімінің және жеке өз атымнан алғыс айтамын! Сонымен қатар, сіздерге Қарасай халқының да ризашылығын жеткізгім келеді, – деді аудан басшысы.
Марапаттар Алматы облыстық полиция департаментінің атынан да берілгенін айта кетуге болады. Мұндай кұрмет иелерінің арасында әскери азаматтардан бөлек, блок-бекетте табандылық танытып жүрген жауапты мамандар да болды. Ал, қатардағы сарбаздардың бірі Рүстем Разақұлы алда да осындай жауапты іске дайын екендігін жеткізді. Оның айтуынша, бір ай ішінде олар өздеріне жүктелген міндетті тыңғылықты орындап, полиция қызметкерлерімен бірігіп, тұрғындардың заң бұзбауына барынша атсалысты.
Осылайша, абыройлы азаматтық борышын атқарған жігіттер өздеріне жүктелген міндетті аяқтап, отбасыларына оралды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.