«Жас жұбайлар», «Оқ сияқты», «Нұрлы арман», «Айтшы, жаным», «Өміріңе немқұрайлы қарама» және тағы басқа да талай лирикалық әндерді әдемі орындауымен өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тартқан Дәрібаевтар ансамблін білмейтін қазақ жоқ шығар. Халықаралық отбасы күніне орай, ән көгінде әсем туындыларын қалықтатып жүрген осы қарасайлық өнер ұжымы жайлы айтуды жөн санадық.
Ынтымағы жарасқан өнерлі отбасы мүшелерінің барлығы да музыка әлемінен алыстаған емес. 90-шы жылдары Шымкент қаласында құрылған ансамбль бүгінгі таңда Қарасай жерінің мақтанышы болып табылатын өнерпаз жандар. Мәселен, былтыр ғана бірлігі бекем Дәрібаевтар «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, облыс көлемінде ауданның абыройын асқақтатып қайтты. Осыдан бір апта бұрын аталып өтілген Халықаралық отбасы күнін де олар естен шығармағанын айта кеткен жөн. Шаттығы шалқыған шаңырақта барлығы бір дастархан басында бас қосып, әдеттегідей әнді әуелетіп, арасында үйдің еркелерінің қызығын да тамашалады.
Әулет басшысы әрі ансамбльдің жетекшісі Ибрагим ағамыздың ұрпағына сіңірген еңбегі ерекше. Жұбайы Әлия екеуі өмірге Сәкен, Меруерт, Гүлден, Айя сынды төрт перзентті дүниеге әкелген. Бүгінде олардан тараған ұрпақтың қызығын көріп, барлығын дерлік өнер жолына таңдауға ықпал етуде десек, артық айтқандық емес.
Отағасы Ибрагим Дәрібаев балдай тәтті немерелеріне көп көңіл бөліп, музыкалық аспаптардан бөлек, спорттық ойынды да жандандыра түсетін қасиеттері бар. Ал, шаңырақтың түтінін түтетіп отырған Әлия Дәрібаева ас үйдің тірлігінен қолы босаса, ұл-қыздарымен бірге ән айту әдетінен жаңылған емес. Дәл сол сияқты Дәрібаевтардың ансамблінің музыканты, үйдің үлкені Сәкеннің де орны ерекше. Ол көбінесе әннің әрленуіне, шығармашылықты шыңдау жағына көп көңіл бөлетін ансамбльдің белді мүшесі. Қарындасы Айя екеуі тынымсыз тіршілікті шетке қойып, студияда бірлесе жұмыс істеуді жақсы көреді.
Біз айтып отырған үйдің кенжесі Айя Дәрібаеваның әншіліктен бөлек, әртістік қабілеті де бар. Бүгінде ол өнердің қарашаңырағы болып табылатын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті. Осы уақытқа дейін бірқатар бейнероликтерге де түсіп, бағын да сынап көрген екен.
Жалпы, қазіргі уақытта отбасылық ансамбльдің жандануына, эстрада әлемінде ерекше серпіліспен тыныс алуына, әндерінің насихатталуына, бұрынғыдай той-думанның көркін қыздыруға қатысы тапсырыс қабылдау жағына көбінесе Ибрагим ағаның атұстары Сәкен Дәрібаев жауапты. Әңгіме барысында өнерлі отбасының музыканты ансамбльдің қалай құрылғанын да қысқаша айтып, айтулы күн болып саналатын Халықаралық отбасы мерекесіне орай ақ тілегін де білдіре кетті.
– Дәрібаевтар ансамблінің құрылғанына 30 жылдай болып қалды. Өнерлі ұжым болып қалыптасуына ықпал жасаған, әрине, әкем Ибрагим екенін айта кетуге болады. Алғашқы құрамда оның қарындастары мен інілері болды. Кейіннен біз сияқты ұл-қыздары да өнер жолына түсіп, бірге гастролдік сапарларға шықтық. Ансамбльдің алдағы мақсат-міндеті – шығармашылықты шыңдай отыра, әндерімізді халық арасында кеңінен таныту, сондай-ақ, бейнебаяндар түсіру жағын да ойластырып жүрміз, – деп сазгер Сәкен алдағы жоспарын айтып, халықаралық Отбасы күніне орай ізгі тілегін де білдіре кетті.
– «Отан – отбасынан басталады» дегендей, осы бір кіші мемлекеттің ынтымағын тілеймін. Сәбилер жыламасын. Толық отбасылардың қатары көбейсін. Барлық отбасы мүшелері аман болсын!
Қарасай жұртының ғана емес, күллі қазақтың маңдайына біткен өнерлі отбасы осындай. Қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген Дәрібаевтар ансамбліне шығармашылық табыс тілейміз. Олардың сыйластығы сарқылмайтын, жұлдыздары жарқырайтын үлгілі отбасы ретінде ән әлемінде қалықтай беруіне тілекшіміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.